Ресеймен шекаралас аймақтарда тұрғын үй саудасы бір айдың ішінде бір жарым еседей өсіп кетті.
Жеке меншіктің қорғалуы не үшін маңызды?
Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығының көрігі қыза бастады. Халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігінің сату бөлімінің жетекшісі (Team Leader) Асхат Тәжиев риелторлар тобын басқарады. Сондықтан ол нарықтағы өзгерістерді дер кезінде біліп, қарқынын байқап отырады. Ол маусым айынан бері нарықта жай ғана жандану емес, үлкен бетбұрыс пен сілкініске куә болып жатқандарын жеткізді.
"Жаз басынан бері Ресей азаматтарынан жылжымайтын мүлік бойынша түскен сұраныстар саны шамамен екі есеге артты. Өтініштер легі азаяр емес, қайта тез ұлғайып барады. Мысалы, Ақтаудағы филиалымыз биылғы 2 айдың ішінде өткен жылғы жалпы көрсеткіштен 5 есе көп сұраныс алды. Өз еліне жақын Батыс Қазақстанды, әсіресе, Каспий жағалауын ресейліктердің біразы тып-тыныш өмір сүруге жарайтын айлақ ретінде қарастырады. Сондай-ақ, Еуропамен арадағы дәліз сол арқылы өтетіндіктен, жылжымайтын мүлікті ресейліктер инвестиция есебінде де қарайды", – деді Тәжиев.
Сатып алушылар елге түрлі тарихпен, тағдырмен келеді. Біреулер Қазақстан университеттеріне оқуға түскен балалары үшін пәтер сатып алса, енді бірі жылжымайтын мүлікті отбасылық капиталды сақтап қалудың немесе активтерді әртараптандырудың тәсілі деп біледі.
Әрине, адамдар агенттікке бойындағы үрейімен, көңілдегі күдігімен жүгінеді. Ресейлік сатып алушылар тарапынан әрбір екінші кездесуде қойылатын басты сұрақ: "Қазақстанда жеке меншік қалай қорғалған? Ертең шетелдіктерден қандай да бір сылтаумен бәрін тартып, тәркілеп алмай ма?" болып келеді екен.
"Агенттігіміздің заңгері екеуіміз оларды сабырға шақырып, заңнамамызды жіліктеп шағып түсіндіреміз. Конституцияда, заңнамада қандай кепілдіктер барын көрсетеміз. Баспана сақтандырылады. Неге қорқатыны түсінікті, бірақ елімізге деген сенім де бар. Сондықтан олар ондаған миллион ақшасын Қазақстанға құюға дайын", – деп толықтырды маман.
Оның тобы таяуда ғана бір кейсті табысты жауыпты. РФ азаматына осы Астанадағы Тұран даңғылының бойында орналасқан элиталы тұрғын үй кешенінен сәнді-салтанатты пентхаусты сатқан.
"Ол адам аса саудаласпай-ақ, 235 миллион теңгені төледі. Жеке әңгіме барысында ресейлік клиенттер күзде Ресейде жаңа мобилизация толқынын күтіп отырғандарын жасырмайды. Адамдар тек капиталын ғана емес, отбасыларының ер-азаматтарын құтқарып қалуға тырысуда. Өткен аптада ресейлік Анатолиймен мәміле рәсімдедік. Ол ұлының Назарбаев Университетінде оқитынын және бірер жыл Астанада тұратынын жеткізді. Елордадағы пәтер ұлының бастапқы капиталы болады, кейін оны сатуға ниетті. Астанада жылжымайтын мүлік бағасы тек өсіп жатыр", – деп түсіндірді Тәжиев.
Статистика шабыттандырады: 1 бөлмелі пәтерлердің "жұлдызды сәті"
Риелторлардың сұраныстың күрт секірісі туралы сөздерін Ұлттық статистика бюросы да растап отыр. Қазақстандық статорганның мәлімдеуінше, өткен бір ғана айда республика бойынша тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны бірден 28,4%-ға шығандап кетті.
"2026 жылғы мамырмен салыстырғанда маусымда мәмілелер санының өсуі барлық өңірлерде байқалады. 2026 жылғы маусым айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 39 053 мәміле тіркелген. 2026 жылғы мамырмен салыстырғанда (30 420) мәмілелер саны 28,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (6 841 – 17,5%) және Астана (6 436 – 16,5%) қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы (3 772 – 9,7%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 360 мәміле (0,9%) тіркелген, бірақ онда да өсім бар", – деп хабарлады бюро мамандары.
Әсіресе, еліміздің батыс өңірлері рекорд орнатып жатыр. Өткен бір ғана айда Маңғыстау облысында сатушы мен сатып алушы арасында бекітілген келісімдер, яғни, аяқталған мәмілелер саны бірден 67,4%-ға артып шыға келді.
Қарағанды облысында өсім де рекордтық 43,4%-ға жетті. Ал, Атырау облысында 40,9%-дық жоғары көрсеткіш тіркеліп отыр.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2026 жылғы мамыр айымен салыстырғанда 25,9% (6 051 мәмілеге) өсті. 2026 жылдың маусым айында көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер бойынша барлығы 29 432 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,4%.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (21,4%), Алматы (21,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,5%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша елде 1 бөлмелі пәтерлердің сатылымы басым болды – 11 348 мәміле бекітілген.
2026 жылғы мамырмен салыстырғанда маусымда жеке тұрғын үйлер мен коттедждер бойынша мәмілелер саны да 36,7% (2 582 мәмілеге) өсті. Бұл сегментте маусымда барлығы 9 621 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының өсімі, Шығыс Қазақстан облысын (-1,4%) қоспағанда, барлық өңірлерде тіркелді.
Толассыз ағын: үрейлі елден қашқандардың соңғы үміті
Ресейліктер жұмылдыру (мобилизация) және соғыстың ушығуы туралы қауесеттерден кейін шетелден жылжымайтын мүлік сатып алуды еселеп арттырды, деп жазды The Moscow Times.
Ресейліктер бірнеше жылға созылған (2022 жылдан бергі) үзілістен кейін, 2026 жылы шетелден жылжымайтын мүлік сатып алуға қайтадан белсенді түрде қызығушылық таныта бастады. 2022–2023 жылдардағы шұғыл әрі бейберекет миграция мен релокация толқындарына қарағанда, қазіргі мәмілелердің сипаты барынша прагматикалық: сатып алушылар жайлы тұруға арналған нысандарға басымдық беріп, болашақта ресейлік шекаралардың мүлдем жабылу сценарийлеріне алдын ала дайындалуда.
Жылдың бірінші жартысында РФ тұрғындары тарапынан шетелдік баспанаға деген сұраныс 2025 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда бірден 20%-ға өсті, деп хабарлады "Коммерсант" басылымы Prian.ru сервисінің мәліметтеріне сілтеме жасап.
"Егер VPN арқылы түскен сұраныстарды қоса есепке алатын болсақ, онда жалпы өсім былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 25%-ға дейін шығандады. Шиеленіскен геосаяси жағдай сатып алушылардың бір бөлігін "қосалқы аэродромды" белсендірек іздеуге мәжбүр етуде. Дональд Трамптың көмегімен бейбіт бітімге келуге қатысты ресейліктердің үміті ақталмады. Украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары ресейлік қалаларға сұрапыл шабуыл жасауда. Елде интернет пен мессенджерлер бұғатталып жатыр. Сонымен қатар ықтимал жұмылдыру туралы қауесеттер де жиілей түсті", – деп термеледі Prian.ru жетекші сарапшысы Филипп Березин.
Ресейлік телеграм арналардың мәліметінше, Кремль жігіттерді соғысқа алуға қазан айында, МемДума сайлауы өткеннен кейін бірден баруы мүмкін. "Верстка" және "Важные истории" басылымдарының дереккөздері "РФ Қорғаныс министрлігі жаңадан шақырылатындарды қабылдау үшін полигондарды әзірлеп жатқанын", ал, армияны толықтыруға жауапты тұлғаларға дайындыққа пәрмен берілгенін алға тартты.
Reuters агенттігінің Кремльге жақын дереккөздерінің хабарлауынша, Президент Владимир Путин Украинаның шабуылдарына жауап ретінде әскери іс-қимылдарды ушықтыруға дайындалып жатыр. Батыстың әскери сарапшылары да оның халықты армияға жаппай шақыруға бел байлауын жоққа шығармайды.
Ресейліктер 2022–2023 жылдары шетелдік жылжымайтын мүлікті белсенді сатып алып, ақшаны шетелге шығару жолдарын жаппай іздеген еді, бірақ содан кейін үзіліс орнады, дейді Березкин. Енді болса, РФ азаматтарын жатжұрттарға уақытша эмиграция емес, болашақта елден мүлдем кетіп қалу мүмкіндігі көбірек қызықтыруда, деп нықтады ресейлік сарапшы.
Ресейліктердің сатуға емес, өздері тұруы үшін сатып алып жатқан шетелдегі нысандарға қатысты мәмілелер саны артып келеді, дейді NF Group компаниясының шетелдік және курорттық жылжымайтын мүлік департаментінің директоры Анна Ларина. Мысалы, Грузиядағы жылжымайтын мүлікке сұраныс екі есеге артса, Грекия мен Кипрде бұл көрсеткіш өткен жылғыдан тиісінше 46%-ға және 63%-ға өскен.
Prian мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–маусым айларында ресейліктер арасында сұраныс бойынша Түркия, БАӘ және Таиланд көш бастап тұр. Одан кейін Қазақстан мен Орталық Азия орналасқан.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz