Қазақстандық талапкерлердің таңдауы өзгерді

Қазақстандық талапкерлердің таңдауы өзгерді

фото: https://www.pekk.kz

       2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында талапкерлер ең көп таңдаған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика – Физика» болды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

        Оның айтуынша, талапкерлердің 18,2 пайызы «Математика – Физика» комбинациясын таңдаған. Екінші орында «Биология – Химия» пәндері орналасып, оны талапкерлердің 14,4 пайызы таңдаған. Ал 12,4 пайыз талапкер шығармашылық емтихан тапсыруды жөн көрген.

       Комитет төрағасы инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылықтың артуын осы бағыттарға бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының көбеюімен байланыстырды. Бұл қадам Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

       Биылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өткізілді. Тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысып, екі мүмкіндік есепке алынғанда емтихан 422 мың рет тапсырылды.

       Статистикаға сәйкес, талапкерлердің 73,1 пайызы тесті қазақ тілінде, 26,8 пайызы орыс тілінде тапсырған. Сонымен қатар 383 талапкер ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырды.

       Жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау 13–20 шілде аралығында жалғасуда.

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите