Лос-Анджелесте әлемдегі алғашқы AI музейі ашылды

Лос-Анджелесте әлемдегі алғашқы AI музейі ашылды

фото: https://www.tomorrowsworldtoday.com

       Лос-Анджелесте әлемдегі алғашқы жасанды интеллект (AI) өнеріне арналған музей өз жұмысын бастады. 

       Жоба авторларының айтуынша, жаңа мәдени кеңістік жасанды интеллектінің суретшілерді алмастыру үшін емес, олардың шығармашылық мүмкіндігін кеңейтетін тиімді құрал екенін көрсетуге бағытталған.

       Музей экспозициясында дәстүрлі картиналардың орнына жасанды интеллект көмегімен жасалған цифрлық туындылар ұсынылған. Арт-кеңістіктің бес залында алып экрандар арқылы көрермендерге әсерлі визуалды инсталляциялар көрсетіледі. Бұл жұмыстарды жасау барысында ғаламшар экожүйесіне қатысты жарты миллиардқа жуық ғылыми дерек пайдаланылған.

       Жоба авторлары ақпараттық база ретінде Лондондағы Жаратылыстану тарихы музейі мен Смитсон институтының ғылыми қорларына сүйенген. Сонымен қатар, цифрлық форматқа көшірілген «Өмір энциклопедиясы» (Encyclopedia of Life) мұрағатындағы екі миллионнан астам өсімдік, жануар және басқа да тіршілік иелері туралы мәліметтер қолданылған.

       Жобаның бастамашысы – түркиялық танымал медиа-суретші Рефик Анадол. Оның айтуынша, қоғамда жасанды интеллект туралы қалыптасқан теріс пікірлерді өзгерту маңызды.

       «Егер жасанды интеллект жүйелері жауапкершілікпен, экологиялық талаптарды ескере отырып оқытылса, олардың мүмкіндігі өте жоғары. Біздің мақсатымыз – технологияның шығармашылыққа қосатын үлесін көрсету», – дейді Рефик Анадол.

       Музейдің басты ерекшелігінің бірі – көрермендер тек цифрлық бейнелерді тамашалап қана қоймай, арнайы әзірленген хош иістерді де сезіне алады. Өсімдіктердің, жануарлардың және саңырауқұлақтардың табиғи әлемін бейнелейтін бұл композициялар келушілерге тропикалық орман немесе гүлге көмкерілген далада жүргендей әсер сыйлайды.

       Хош иіс дизайнері Вероник Ферваль әрбір композиция үшін 12 түрлі иіс нұсқасы әзірленгенін айтады. Оның сөзінше, олар жаңа технологиялар мен ерекше молекулалардың көмегімен жасалған және көрмеде қолданылған бірнеше композиция осы бірегей әдіске негізделген.

       Әлемдегі алғашқы жасанды интеллект өнері музейінің ресми ашылуы 20 маусымға жоспарланған. Кіру билетінің бағасы 49 АҚШ долларынан басталады.

       Дегенмен жаңа музейдің ашылуы қоғамда түрлі пікір туғызды. Сарапшылардың бір бөлігі жасанды интеллект шығармашылық мамандық иелерінің еңбегіне қауіп төндіруі мүмкін деп есептесе, енді бірі AI жасаған туындылардың авторлық құқығы қалай қорғалатынына қатысты сұрақ көтеріп отыр. Ал жоба авторлары жасанды интеллект суретшілердің орнын баспайтынын, керісінше олардың шығармашылық әлеуетін арттыратын көмекші құрал ретінде қызмет ететінін алға тартады.

       https://24.kz/kz/

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите