Коммуналдық қолдау жаңа деңгейге көтеріледі

Коммуналдық қолдау жаңа деңгейге көтеріледі

фото: https://www.istockphoto.com/

       Қазақстанда коммуналдық қызметтер саласын цифрландыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. Енді коммуналдық төлемдерді өтеуге берілетін тұрғын үй көмегін тағайындау үдерісі толық автоматтандырылып, азаматтардың мемлекеттік қолдауға қол жеткізуі әлдеқайда жеңілдей түспек.

       Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы басым міндеттерді атады. Оның айтуынша, өңірлерде биыл жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Сонымен қатар келесі жылға жоспарланған жобаларға дайындық жұмыстары алдын ала жүргізіледі.

       Ұлттық жобаның маңызды бағыттарының бірі – коммуналдық саланы толық цифрландыру. Бұл үшін ел аумағында тұтынушыларды есепке алу құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, 2029 жылға дейін есептегіш құрылғыларды жаппай орнату жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленеді.

       Сондай-ақ коммуналдық төлемдер бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау рәсімін жеңілдету көзделіп отыр. Осы мақсатта мемлекеттік органдар Бірыңғай есеп айырысу орталықтарының ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізіп, қызмет көрсетуді толық автоматтандыруды қолға алады.

       Бұл бастамалар коммуналдық қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, әлеуметтік қолдау тетіктерін қолжетімді етіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите