Қазақстанда азық-түлік бағасының өсу қарқыны біртіндеп баяулап келеді. 2026 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3 пайызды құрап, ал азық-түлік инфляциясы 10,4 пайызға дейін төмендеді. Бұл – бағаны тұрақтандыруға бағытталған мемлекеттік шаралардың белгілі бір нәтиже бере бастағанын көрсетеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының айлық өсімі небәрі 0,4 пайыз болды. Бағаға негізгі ықпал еткен фактор – маусымаралық кезеңдегі жеміс-көкөніс өнімдері. Дегенмен, отандық жаңа өнімнің нарыққа көптеп шығуы нәтижесінде шілде айының алғашқы апталарынан бастап қияр, қызанақ, сәбіз және алма бағасы төмендей бастаған.
Сонымен қатар ет өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуы экспорт көлемін өсіргенімен, Үкімет ішкі нарықтағы тапшылыққа жол бермеуге басымдық беріп отыр. Осы мақсатта қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторын қамтамасыз ету үшін импорттық ет өнімдерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл тәсіл ішкі тұтынуға арналған отандық өнім көлемін сақтауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі 1,9 пайыз ғана болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірнеше есе төмен көрсеткіш.
Алдағы кезеңде Үкімет өнім ұсынысын арттыруға бағытталған шараларды жалғастырмақ. Атап айтқанда, көкөніс пен жеміс импортына арналған «жасыл дәліз» тетігін кеңейту, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейту және өңірлерді арзандатылған астықпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Биылдың өзінде төрт мыңнан астам жәрмеңке ұйымдастырылса, жаз маусымы аяқталғанға дейін тағы 1,5 мың жәрмеңке өткізу көзделген.
Сарапшылардың пікірінше, бағаны ұзақ мерзімде тұрақтандыру үшін тек әкімшілік реттеу жеткіліксіз. Ішкі өндірісті ұлғайту, өнімді сақтау және логистика жүйесін жетілдіру, сондай-ақ отандық өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру маңызды. Бұл қадамдар маусымдық баға ауытқуын азайтып, халықты қолжетімді азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
https://kaz.inform.kz/