Ғалымдар кофенің бауырға пайдасын айтты

Ғалымдар кофенің бауырға пайдасын айтты

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Farknot_Architect

       АҚШ-тағы Седарс-Синай медициналық орталығының ғалымдары кофені тұрақты тұтыну бауыр циррозының, бауыр қатерлі ісігінің және осы аурулардан болатын өлім қаупінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу қорытындылары Clinical Gastroenterology and Hepatology ғылыми журналында жарияланды.

       Зерттеуге Ұлыбританиядағы UK Biobank биобанкінің 354 957 қатысушысы енгізілді. Бақылау басталған кезде олардың ешқайсысында бауыр циррозы немесе бауыр обыры болмаған. Ғалымдар қатысушылардың денсаулығын орта есеппен 13 жыл бойы бақылаған.

       Зерттеу нәтижесіне сәйкес, күніне бес және одан да көп шыныаяқ кофе ішетін адамдарда кофе ішпейтіндермен салыстырғанда бауыр циррозының даму қаупі 32 пайызға, бауыр қатерлі ісігінің қаупі 47 пайызға, ал бауыр ауруларынан қайтыс болу ықтималдығы 42 пайызға төмен болған.

       Мамандардың айтуынша, пайдалы әсер күніне бір-екі шыныаяқ кофе ішетін адамдарда да байқалған. Ал үш-төрт шыныаяқ ішкендерде бұл байланыс айқынырақ көрінген. Дегенмен зерттеу авторлары бұл нәтижелерді күніне бес шыныаяқтан артық кофе ішуге кеңес ретінде қабылдамауға шақырады.

       Зерттеушілер ықтимал себептерді анықтау үшін қатысушылардың бауырының магниттік-резонанстық томографиясы мен қан талдауының нәтижелерін де зерттеген. Кофені жиі тұтынатын адамдардың бауырында май мен темірдің мөлшері аз болған, сондай-ақ фиброз бен қабыну белгілері сирек кездескен.

       Сонымен қатар олардың ағзасында бауырдың қалыпты қызметіне ықпал ететін ақуыздардың деңгейі жоғары, ал қабыну мен тіндердің тыртықтануына байланысты ақуыздардың мөлшері төмен екені анықталған.

       Зерттеу барысында ұқсас нәтижелер кәдімгі кофе ішетіндерде де, кофеинсіз кофені таңдағандарда да байқалған. Бұл қорғаныш әсері тек кофеинмен емес, кофенің құрамындағы басқа да биологиялық белсенді заттармен байланысты болуы мүмкін деген болжам жасалды.

       Сонымен бірге ғалымдар бұл бақылау сипатындағы зерттеу болғандықтан, кофенің бауыр ауруларының алдын алатыны нақты дәлелденбегенін ескертеді. Олардың пікірінше, бауыр саулығын сақтаудың басты жолдары – қалыпты дене салмағын ұстау, алкогольді шектеу, тұрақты дене белсенділігімен айналысу, сондай-ақ қандағы қант, холестерин деңгейі мен артериялық қысымды бақылау болып қала береді.

       https://kaz.tengrinews.kz/mixnews/

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите