Белгілі психоаналитик Анна Құдиярова ажырасқан отбасыдан шыққан балалардың санасында бұл жағдай қалыпты норма ретінде орнығып, болашақта олардың да ажырасуға бейім келетінін ашып айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Анна Құдиярова журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында айтты.
«Осыны түсініңізші, ажырасқан әке-шешенің бала-шағасы іштей ажырасуға дайын тұрады. Менің ең жиі келтіретін мысалым — Алла Пугачева. Зерттеп көрсеңіз, оның өзі, қызы, тіпті немерелері де неше рет ажырасты. Олардың кімге үйленіп, кіммен ажырасқанын айтып берудің өзі қиын. Себебі олар үшін бұл — қалыптасып қалған қалыпты жағдай. Олар көзін ашқаннан ананың да, мынаның да ажырасқанын көріп өсті. Сондықтан қазір ажырасып жатқан кезде, сіздер де дәл сондай мәдениетті болашақ ұрпағыңыздың санасына сіңіріп жатсыздар», — деді маман.
Сондай-ақ, маман отбасындағы мұндай ауыр жағдайлардың ұрпақ санасына өшпес таңба салатынын айта келе, өз өмірін қиған жандардың балалары да суицидке бейім келетінін ашып айтты.
«Суицид жасаған әке-шешенің балалары міндетті түрде суицидке бір табан жақын болса, ажырасқандардың балалары да ажырасуға бейім келеді. Қазір көрермендер де: "Әжем ажыраған, шешем ажыраған, енді мен де ажырасамын ба", — деп жазатын шығар. Осылайша төртінші ұрпақ — сіздің қызыңыз не ұлыңыз да ажырасатын болады. Бұл — қанға сіңіп қалған әдеттей болып кететін заңдылық. Сондықтан қазірден бастап психологқа жүгініп, ішкі әлемді тазарту керек», — деп ескертті Анна Құдиярова.
Ары қарай ол бала туу үлкен жауапкершілік екенін ескертіп, дүниеге сәби әкелмес бұрын оның болашағы мен күтіміне нақты күш-жігердің жететіндігіне көз жеткізіп алу қажеттігін алға тартты.
«Қандай жаман болса да, ол сіздің алғашқы махаббатыңыз, алғашқы қосағыңыз емес пе? Күйеуге зорлықпен тимеген шығарсыз? Ендеше, қайтадан ортақ тіл табуға болады ғой. Егер ол соншалықты жаман, шірік адам болса, неге одан бес-алты бала таптыңыздар? Кейде осыған ашуым да келеді, күлкім де келеді. Алты баланы туып алып, маған: "Апай, көмектесіңіз, байым анандай, байым мынандай", — деп келеді. Одан бұрын қайда жүрдіңіздер, сана деген қайда кетті? Балаға жаныңыз ашымай ма? Туып-туып алғаннан кейін, енді не істейсіздер? Осыдан 20 жыл бұрын болған жағдай есіңізде бар ма? Бір әйел бағананың үстіне шығып алып: "Мен 11 бала тудым, енді Назарбаев маған ақша берсін", — деп айғайлады. Сонда оны Назарбаев туғызып па екен? Бала тумас бұрын адам "11 баланы бағуға күшім жете ме?" деп өзі ойланып көрмей ме?!» — деді психоаналитик.