Атрофиялық гастрит – асқазанның шырышты қабығының созылмалы қабынуынан дамитын, уақыт өте келе асқазан бездерінің қызметі әлсірейтін дерт. Соның салдарынан тұз қышқылы мен ас қорыту ферменттерінің бөлінуі азайып, ас қорыту бұзылады. Аурудың ең қауіпті салдарының бірі – асқазан обырының даму қаупінің артуы.
Бұл туралы Ұлттық госпитальдің №1 хирургия бөлімшесінің гастроэнтеролог-онколог дәрігері Гаухар Бахтанқызы Исакова айтып берді.
Атрофиялық гастрит неден пайда болады?
Маманның айтуынша, атрофиялық гастриттің негізгі себебі – Helicobacter pylori бактериясы. Ол гастрит жағдайларының шамамен 90 пайызына жауапты. Бактерия асқазанның шырышты қабығына еніп, ұзақ уақыт бойы қабыну процесін тудырады. Соның нәтижесінде шырышты қабық жұқарып, бездердің қызметі төмендейді.
Сонымен қатар, аурудың дамуына аутоиммундық өзгерістер де әсер етеді. Бұл кезде иммундық жүйе асқазанның өз жасушаларын зақымдап, В12 дәруменінің сіңуіне қажетті ақуыздың түзілуін бұзады.
Қауіп факторларының қатарында:
- дұрыс тамақтанбау;
- ащы, ысталған және өте ыстық тағамдарды жиі тұтыну;
- темекі шегу мен алкогольді шамадан тыс пайдалану;
- ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы дәрілерді ұзақ уақыт бақылаусыз қабылдау бар.
Белгілері қандай?
Атрофиялық гастриттің басты ерекшелігі – оның ұзақ уақыт бойы ешқандай белгісіз өтуі. Ауру асқынған кезде ғана төмендегідей белгілер байқалады:
- әлсіздік пен тез шаршау;
- ұйқышылдық;
- терінің бозаруы;
- тілдің ашып-күйдіруі;
- аяқ-қолдың ұюы;
- асқазанда ауырлық сезімі;
- іштің кебуі;
- тәбеттің төмендеуі.
Дәрігердің айтуынша, бұл белгілер көбіне В12 дәрумені тапшылығы мен ас қорыту қызметінің бұзылуына байланысты пайда болады.
Емдеудің негізгі мақсаты
Гастроэнтерологтың сөзінше, атрофияланған бездерді толық қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан емдеу аурудың әрі қарай дамуын тоқтатуға және қауіпті асқынулардың алдын алуға бағытталады.
Емдеу барысында:
- Helicobacter pylori инфекциясын жою;
- В12 дәрумені тапшылығын толықтыру;
- ас қорыту процесін жақсарту;
- асқазанның қорғаныш қабатын қалпына келтіру;
- қатерлі ісік қаупін төмендету көзделеді.
Дәрі-дәрмектерді тек гастроэнтерологтың тағайындауымен қабылдау қажет. Өздігінен ем қабылдау аурудың асқынуына әкелуі мүмкін.
Тамақтану тәртібі маңызды
Атрофиялық гастрит кезінде емнің маңызды бөлігі – дұрыс тамақтану.
Мамандар майсыз ет пен балықты, буға немесе қайнатып дайындалған тағамдарды, ботқаларды, бұқтырылған көкөністерді, майлылығы төмен ашытылған сүт өнімдерін тұтынуға кеңес береді.
Ал майлы, қуырылған, ысталған тағамдардан, ащы дәмдеуіштерден, газдалған сусындар мен алкогольден бас тартқан жөн.
Тамақты аз мөлшерде, күніне 5–6 рет, жылы күйінде қабылдау ұсынылады.
Алдын алу жолдары
Дәрігер атрофиялық гастриттің алдын алу үшін:
- дұрыс тамақтануды;
- жеке бас гигиенасын сақтауды;
- темекі мен алкогольден бас тартуды;
- Helicobacter pylori инфекциясын дер кезінде анықтап, емдеуді;
- антибиотиктер мен ауырсынуды басатын дәрілерді дәрігер кеңесінсіз қабылдамауды;
- тұрақты медициналық тексеруден өтуді ұсынады.
Сондай-ақ В12 дәрумені мен гемоглобин деңгейін жыл сайын бақылап отырған дұрыс.
Ерте диагностика – тиімді емнің кепілі
Гастроэнтеролог Гаухар Исакованың айтуынша, атрофиялық гастрит кезінде пайда болған өзгерістер толық қалпына келмегенімен, дер кезінде қойылған диагноз бен дұрыс ем аурудың дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Ал тұрақты гастроскопиялық бақылау асқазан обырының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Мамандар асқазандағы жайсыздық, тәбеттің төмендеуі немесе ұзаққа созылған ас қорыту бұзылыстары байқалса, өздігінен емделмей, міндетті түрде гастроэнтерологқа қаралуға кеңес береді.
Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы