2026 жылғы 7–17 шілде аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қабырғасында суретші Александр Дильбазидің «Анар бағы» атты жеке көрмесі өтеді. Бұл – автордың дүниетанымы мен философиялық көзқарасын кескіндеме тілі арқылы танытатын ауқымды халықаралық жоба, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
«Анар бағы» - жай ғана көрме емес, жылдар бойы өзгеріп, толығып, жаңа сипатқа ие болып келе жатқан, елдер мен мәдениеттерді, сондай-ақ көрермендерді өзара тоғыстыратын нағыз көркемдік жүйе.
Жобаның тарихы 2015 жылы The Ritz-Carlton Moscow қонақүйінде өткен «Анар қашан гүлдейді?» атты топтамадан бастау алады. Сол кезде он бес картинадан тұратын топтама алғаш рет біртұтас көркемдік тұжырым ретінде көпшілік назарына ұсынылды. Өткен он жыл ішінде жоба талай рет түрлі кеңістіктерде таныстырылып, картиналар әлемнің түкпір-түкпірін аралады. Экспозиция үнемі жаңа туындылармен, тың бояулармен, жаңа сюжеттермен және терең философиялық ой-толғамдармен толықтырылып отырды.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі
Әрбір жаңа көрме өзінің негізгі идеялық өзегін сақтай отырып, көрерменмен сұхбат құрудың өзгеше формасына ие болды. Уақыт өте келе жоба дәстүрлі көрме шеңберінен шығып, кескіндеме, кеңістік пен көрермен біртұтас көркем әрекетке айналатын «көрме-қойылым» сипатына ие болды. Осылайша анар ағаштарының бейнесі біртіндеп «Анар бағына» айналды.
Алматы қаласы суретші Александр Дильбазидің шығармашылық өмірбаянында айрықша орын алады. Соңғы жиырма бес жыл ішінде суретші Алматыда біршама уақыт тұрып, шығармашылық қызметпен айналысты. Іле Алатауы бөктерінде орналасқан қаланың ерекше атмосферасы суретші үшін жан тыныштығының, терең ойдың және шығармашылық шабыттың қайнар көзіне айналды. Алматыда оның іскерлік қызметі мен шығармашылық ізденісі тоғысады. Қала оның кәсіби жобаларын жүзеге асыратын кеңістік қана емес, достықтың, айрықша маңызға ие кездесулердің және мазмұнды шығармашылық сұхбаттардың мекеніне айналды.
Сондықтан көрменің Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде өтуі ерекше мәнге ие. Алматыдағы бұл көрме суретшінің осы қаламен байланысқан көпжылдық жеке әрі шығармашылық тарихының заңды жалғасы болып табылады.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі
Алматыдан кейін «Анар бағы» жобасы халықаралық сапарын жалғастырып, жаңа кеңістіктермен, жаңа кездесулермен және түрлі мәдени контекстермен толыға түседі. Көрме алдағы халықаралық көрсетілімдер легінің бір бөлігіне айналып, әрбір жаңа ел бұл көркем баққа өзінің қайталанбас мәдени үнін қосатын болады.
2026 жылдың шілде айында Алматы осы халықаралық көркемдік бағыттың маңызды мәдени орталықтарының біріне айналады.
Көрмені ұйымдастырушылар барша өнерсүйер қауымды «Анар бағы» көрмесіне келіп, кескіндеме естелікке, ал естелік уақытпен үндескен жанды сұхбатқа айналатын ерекше көркем кеңістіктің бір бөлшегі болуға шақырады.
Көрме кураторы - Емангалиева К.А.