Ұлттық мұра -цифрлық форматта

Ұлттық мұра -цифрлық форматта

фото: Fwww.instagram.com

       Кітап – ұлттың рухани қазынасы, ал оқырман қоғам – зерделі ұлттың кепілі. Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат азаматтардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, адами капиталды дамытуға және қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

       Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітапхана ісін жаңғыртуға және оны цифрландыруға басымдық беріп келеді. Бүгінде ұлттық жазба мұрамызды көпшілікке қолжетімді етіп отырған негізгі алаңдардың бірі – Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы.

       Биылғы жылдың басынан бері ҚазҰЭК материалдарына жасалған қаралым саны 3 миллион 600 мыңнан асып, қашықтан пайдаланушылар қатары 295 мыңнан көбейді. Оқырмандар электронды көшірмелерді 891 мыңнан астам рет жүктеген. Бұл қазақстандықтардың цифрлық форматтағы кітаптарды белсенді оқи бастағанын көрсетеді.

       Қазіргі уақытта электронды кітапхана қорында 86 мыңнан астам құжат сақталған. Оның ішінде 10 мыңнан аса сирек кітап пен қолжазба бар. Портал қызметін әлемнің 122 елінің тұрғындары пайдаланады, ал электронды ресурстар 70 тілде қолжетімді. Ең бастысы, қордағы материалдарды кез келген адам тіркелусіз-ақ еркін қарай алады.

       Алдағы уақытта бұл жұмыс бірыңғай Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру арқылы жаңа деңгейге көтерілмек. Бұл бастама еліміздің қай өңірінде тұрса да, әр азаматтың отандық әдебиетке, ғылыми еңбектер мен архивтік мұраларға еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите