Жаңа кеме Каспий теңізіндегі жүк тасымалын арттырып, көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі ұлғайтуға көмектеседі.
Баку кеме жасау зауытында Қазақстан үшін салынатын алғашқы мамандандырылған контейнерлік кеменің килін қалау рәсімі өтті.
Сыйымдылығы 780 TEU болатын кеме "Қазмортрансфлот" ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы ынтымақтастық аясында салынуда. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
Жоба шеңберінде 2027 жылдың соңына дейін Каспий теңізінде контейнерлік жүктерді тасымалдауға арналған екі заманауи контейнерлік кемені пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңа кемелер Қазақстанның теңіз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, тасымалдардың тиімділігін арттыруға және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ тараптар екі құрғақ жүк кемесін салу жөніндегі бірлескен жобаларды талқылады. Қазіргі уақытта олардың дизайны әзірленіп жатыр, ал кемелерді тапсыру 2028 жылға жоспарланған.
Жоба Каспий өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруға, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Сонымен қоса, Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.
Отандық сауда флотын дамыту Қазақстанның көлік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Биылғы сәуір айында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ алты кеменің, оның ішінде екі контейнерлік кеменің құрылысын салу туралы келісім жасасты. Бұл кемелер Баку кеме жасау зауытында құрастырылады.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz