Соңғы үш жылда шахматшы Бибісара Асаубаеваға мемлекет тарапынан жалпы көлемі 700 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілген. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Мемлекет басшысынан қолдау көрсетуді сұрады. Ол халықаралық турнирлерге дайындықты қаржыландыру мен Туризм және спорт министрлігімен өзара жұмыс барысында қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шахматшының мәлімдемесіне Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жауап берді.
Бибісара Асаубаева жуырда беделді Norway Chess турнирінде жеңіске жеткенін, алайда жарысқа дайындық шығындарын өзінің жүлде қоры мен отбасы қаражаты есебінен жапқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, турнирге көмектескен сарапшылар мен секунданттардың еңбекақысы әлі толық төленбеген.
— Жыл сайын қиындықтарға тап боламын, спорт министрлігімен жұмыс істеу барған сайын күрделеніп барады. 2023 жылы әлем чемпионатында екінші алтын медаль жеңіп алғаннан кейін министрлік желісі арқылы 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Ал 2025 жылдан бастап ол үш есеге қысқарды. Қазақстан шахмат федерациясынан жалақы алған емеспін, қазір де алмаймын, — деді шахматшы.
2025 жылдың соңында Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанып, үшінші рет алтын медаль жеңіп алды. Бұл нәтиже оған әлем чемпионы атағына үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік берген.
Шахматшының айтуынша, осы жетістіктен кейін де министрлік тарапынан берілетін жалақы көлемі өзгермеген.
— Қаңтар айында бапкеріммен бірге министрмен кездесіп, федерация бөлген қаржының жеткіліксіз екенін айттық. Министр Спорт қоры арқылы толық қолдау көрсетілетінін айтты. Кейін қорға өтінім бердік, бірақ сұралған қаржының тек бір бөлігі ғана бөлінді. Соның салдарынан секунданттарым қашықтан жұмыс істеді. Мұндай деңгейдегі жарысқа секунданттарын ертіп бара алмаған жалғыз шахматшы мен болдым. Соған қарамастан турнирде екінші орын алдым, — деді ол.
Сондай-ақ Бибісара Асаубаева Президент Жарлығымен берілген II дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін алмағанын айтты.
Өз кезегінде Серік Жарасбаев 2023–2024 жылдары спортшыға Спортты дамыту дирекциясы арқылы ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде жалақы төленгенін растады.
Оның айтуынша, 2025 жылы басым спорт түрлерін айқындайтын заң күшіне енгеннен кейін шахмат бұл тізімге кірмей қалған. Соның салдарынан Асаубаеваның келісімшарт бойынша алатын төлемі қысқарған.
Вице-министрдің мәліметінше, ведомство шахматшы командасымен бірге қолдау қоры арқылы қаржыландыру мәселесін қарастырып, өтінім мақұлданған. Нәтижесінде халықаралық жарыстарға дайындалу үшін 100 миллион теңге бөлінген.
— Бибісара өз мәлімдемесінде қордан қосымша қаржы алуды меңзеген болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда қаражат мүмкіндігі шектеулі. Қор көптеген федерацияларды және ірі халықаралық спорттық жобаларды қаржыландырады. Сондықтан қолдау көлемі бөлінген 100 миллион теңгемен шектелді, — деді Серік Жарасбаев.
Ол соңғы жылдары шахматшыға көрсетілген қолдау көлемі тұрақты түрде артқанын атап өтті.
— 2024 жылы қор 63 миллион теңге бөлді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 79 миллион теңгеге жетті. Ал 2026 жылы 100 миллион теңге қарастырылды. Бір спортшының халықаралық деңгейде дайындалуына бұл қаржы жеткілікті болуы керек деп есептеймін, — деді вице-министр.
Серік Жарасбаевтың айтуынша, шахматшыға қосымша қолдауды Қазақстан шахмат федерациясы да көрсетіп отыр.
— Барлық қаржыландыру көздерін қоса есептегенде, биыл Бибісара Асаубаеваның дайындығына шамамен 210 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы бұл сома 160 миллион теңге болған, — деді ол.
Ал II дәрежелі «Барыс» орденінің тапсырылуы спортшының жарыстарға байланысты тығыз кестесіне байланысты кейінге шегерілген.
Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алынды.