Байытылған ұнның маңызы

Байытылған ұнның маңызы

фото: www.gov.kz

       Қазіргі таңда халық денсаулығына әсер ететін маңызды мәселелердің бірі – ағзадағы дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігі. Әсіресе темір мен фолий қышқылы тапшылығы анемияның дамуына себеп болып, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Осыған байланысты тағам өнімдерін байыту, соның ішінде ұнды фортификациялау ерекше маңызға ие.

Ұнды фортификациялау дегеніміз не?

       Фортификациялау – ұн өндіру барысында оның құрамына адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдарды қосу процесі. Бұл үшін арнайы витаминді-минералды кешендер, яғни премикстер пайдаланылады.

       Қазақстанда жоғары және бірінші сұрыптағы ұнға темір, мырыш, фолий қышқылы және В тобының дәрумендері қосылады. Мұндай байыту өнімнің тағамдық құндылығын арттырып, халық арасында микроэлементтер тапшылығының алдын алуға көмектеседі.

Фортификацияланған ұнның пайдасы

       Темір мен фолий қышқылы ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін аса қажет. Олардың жеткіліксіздігі қаназдыққа (анемияға), иммунитеттің әлсіреуіне, еңбек өнімділігінің төмендеуіне және басқа да денсаулық проблемаларына алып келуі мүмкін.

       Әсіресе жүкті әйелдер үшін бұл заттардың маңызы зор. Темір мен фолий қышқылының тапшылығы жүктіліктің асқынуына, шала туу қаупінің артуына және нәрестенің дамуындағы кейбір туа біткен ақаулардың пайда болуына әсер етуі ықтимал.

       Мамандардың айтуынша, фортификацияланған ұннан дайындалған нан және басқа да тағам өнімдерін тұтыну ағзаны қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етуге көмектеседі.

Тұтынушылар нені білуі керек?

       Фортификацияланған ұнның сыртқы түрі, дәмі мен иісі кәдімгі ұннан ерекшеленбейді. Алайда оның құрамында денсаулыққа пайдалы қосымша дәрумендер мен минералдар болады. Ұнның сақтау мерзімі әдетте алты айға дейін жетеді.

       Дұрыс тамақтану қағидаларын ұстанып, темір және фолий қышқылымен байытылған ұн мен нан өнімдерін таңдау – анемияның алдын алудың тиімді жолдарының бірі.

       Халық денсаулығын сақтау үшін сапалы әрі байытылған тағам өнімдерін тұтыну мәдениетін қалыптастыру маңызды.

 Алматы қаласы Түрксіб ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мусаева Анель Берікбайқызы.

 

Подписаться