Қазақстанда Ұлы Отан соғысының қанша ардагері қалды?

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының қанша ардагері қалды?

фото: pexels.com

1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 57 ардагері тұрады. Жеңістің 81 жылдығына орай олардың әрқайсына 5 миллион теңгеден төленді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елде қанша тыл еңбеккері, ардагерлерге теңестірілген азаматтар тұратынын және оларға қандай қолдау шаралары қарастырылғанын айтты, - деп  жазды kaz.tengrinews.kz. 

Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында министрлік Жеңіс күні қарсаңында әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және Жеңіске үлес қосқан азаматтардың өзге де санаттарына біржолғы көмек көрсететінін мәлімдеді.

Биыл барлық өңірде соғыс ардагерлеріне бірдей сома - 5 миллион теңгеден төленіп жатыр.

Қалған санаттарға төленетін төлем көлемі жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты.

Қанша соғыс ардагері мен тыл еңбеккері қалды?

Еңбек министрлігінің мәліметінше, кейінгі 5 жылда Қазақстанда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны 7 есеге жуық азайған. Егер 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елде 381 ардагер тұрса, биылғы 1 мамырдағы мәліметке сәйкес 57 майдангер қалған.

Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы 31 349 тыл еңбеккері тұрады.

Кімдер соғыс ардагерлеріне теңестірілген?

Еңбек министрлігі жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар бойынша да мәлімет ұсынды. Олардың қатарында:

  • Ұлы Отан соғысы жылдарында бұрынғы КСРО-ның ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарында, сондай-ақ, әскери қызметте болған және қорғанысқа қатысқан қалалардағы қызметі еңбек өтіліне есептелген азаматтар - 1 адам;
  • Кеңес армиясы, Әскери-теңіз флоты, ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери бөлімдері мен мекемелерінде штаттық қызмет атқарған ерікті жалдамалы құрам өкілдері - 5 адам;
  • Ленинград қоршауы кезінде еңбек етіп, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтар - 57 адам;
  • концлагерьлердің, геттолардың және басқа да мәжбүрлі ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары - 110 адам;
  • Чернобыль АЭС апатының, өзге де радиациялық апаттар мен ядролық сынақтардың зардабын жоюға қатысқан азаматтар - 2 707 адам бар.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарында жарақат, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедек болған азаматтарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген санаттар да бар:

бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, әскери борышын өтеу барысында, сондай-ақ, Ауғанстанда немесе соғыс қимылдары жүрген өзге мемлекеттерде жарақат алып, мүгедектігі белгіленген әскери қызметшілер — 2 876 адам;

бұрынғы КСРО мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, мүгедектігі белгіленген қызметкерлері — 178 адам;

басқа елдердегі әскери контингенттерге қызмет көрсетіп жүріп, соғыс қимылдары кезінде жарақаттанған немесе ауруға шалдыққан жұмысшылар мен қызметкерлер — 25 адам;

Чернобыль АЭС апаты, өзге де радиациялық апаттар мен ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектігі белгіленген азаматтар, сондай-ақ ата-анасының радиациялық сәулеленуіне байланысты генетикалық тұрғыда мүгедектігі бар балалары — 9 943 адам.

Фото: pexels.com.

Қазақстанда қанша Батыр мен еңбек марапаттарының иегерлері бар?

Министрлік Қазақстанда "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған қанша азамат, сондай-ақ, Социалистік Еңбек Ерлері, Еңбек Даңқы орденінің иегерлері және КСРО кезіндегі басқа да еңбек марапаттарының иегерлері бар екенін хабарлады.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елде тұратындар:

  • "Халық қаһарманы" атағына ие болғандар - 8 адам;
  • "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болғандар - 42 адам;
  • Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлері - 18 адам;
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталғандар - 396 адам;
  • 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай жұмыс істеген немесе қызмет өткерген және тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталмағандар - 30 953 адам.

Бұл ретте КСРО немесе Қазақстанның ордендерімен, медальдарымен, құрметті атақтарымен, құрмет грамоталарымен немесе ведомстволық наградаларымен марапатталған зейнеткерлер бойынша статистика бөлек жүргізілмейді, өйткені олар арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылар қатарына жатпайды.

Ардагерлер қандай төлемдер алады?

Ведомство мәліметінше, республикалық бюджет есебінен жыл сайын зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері артып отырады.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып, ай сайынғы әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері келесідей:

  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары үшін - 290 мың теңге;
  • Ұлы Отан соғысы кезеңінде алған жарақаты, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін - 300 мың теңге.

2026 жылы 9 мамырға орай әкімдіктер келесі төлемдерді қарастырды:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне - 5 миллион теңгеден;
  • Ленинград қоршауында болғандарға - 60 мың теңгеден бастап;
  • Концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына - 100 мың теңгеден бастап;
  • Соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне - 22 мың теңгеден бастап;
  • Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне - 50 мың теңге;
  • Ұлы Отан соғысы кезеңінде алған жарақаты, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар, қайтыс болған адамдардың жұбайларына - 35 мың теңгеден бастап.

Ардагерлерге қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі?

Министрліктен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, ақшалай немесе заттай түрдегі әлеуметтік көмек берілетінін, олар мұқтаж деп танылған жағдайда тұрғын үймен бірінші кезекте қамтамасыз етілетінін, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бірінші кезекте алатынын, емханаларда артықшылықпен қызмет көрсетілетінін және кезексіз ауруханаға жатқызылатынын хабарлады.

Сондай-ақ, ардагерлер білікті медициналық көмек алуға, тіс протездерінен басқа протездермен және протездік-ортопедиялық бұйымдармен тегін қамтамасыз етілуге, арнаулы әлеуметтік қызметтерді бірінші кезекте алуға, байланыс қызметтерін кезексіз пайдалануға және жеңілдікті салық салуға құқылы.

Ардагерлерге қосымша қолдауды әкімдіктер көрсетеді. Бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен оларға тұрғын үйін жөндеу, отынмен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жүру жеңілдіктері, дәрі-дәрмек, азық-түлік жиынтықтары және көмектің басқа да түрлері берілуі мүмкін.

Алушылардың тізбесі, көмек түрлері, әлеуметтік қолдаудың жиілігі мен мөлшері әр өңірде әкімдіктердің ұсынысы бойынша мәслихаттардың шешімімен жеке бекітіледі және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктеріне байланысты болады.

Министрлік төлемдер, жәрдемақылар мен жеңілдіктер мөлшерін одан әрі қайта қарау мәселесі республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, ардагерлерді әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру аясында қарастырылатынын айтты.

Подписаться