Өзбекстан мына бір салада әлемнің алдын орап кетті

Өзбекстан мына бір салада әлемнің алдын орап кетті

фото: https://pixabay.com/

Болашақта Орталық Азия атты алып шаңырақтың астындағы әрбір 10 адамның алтауы өзбек ағайын болады.

Іргедегі Өзбекстан жаңа тартылыс күшіне айналып, аймақтың ірі мемлекеті рөлін нығайта түсуде. Бүгінде демографтар тамсанатын бұл тастүйін тарихи бетбұрыс бір сәтте, әрі кездейсоқ болған жоқ.

Әлем – зейнеткер, Орталық Азия – қылшылдаған жігіт

"Демоскоп Weekly" сарапшылары ТМД-ның мемлекетаралық статистикалық комитетінің мәліметтеріне сүйеніп, жалпы әлем халқына қарағанда Орталық Азия халқы тезірек өсіп жатыр деп сүйіншіледі. Мұны БҰҰ-ның Халық қоныстану бөлімі жүргізген халықтың перспективалық есептеулерінің нәтижелері де куәландырады. Онда кем дегенде XXI ғасырдың соңына дейін өңірдің жоғары өсу қарқынын сақтайтыны көрсетілген.

Өткен ХХ ғасырдың екінші жартысында Орталық Азия халқының саны 3,2 есеге – 17,3 миллионнан 55,9 миллион адамға дейін өссе, ал, XXI ғасырдың бірінші ширегінде тағы 1,5 есеге ұлғайып, 2026 жылдың басына қарай шамамен 85 миллионға табан тіреді.

Жаһанның басқа бөлігі сөніп бара жатқан шоқтай күй кешуде. БҰҰ мәліметінше, әлем халқының өсуі тұрақты түрде құлдырап келеді. Егер 1960 жылдары планета тұрғындарының жалпы өсу қарқыны жылына 2%-дан асса (1960-1961 жылдары Қытайдағы құрғақшылық пен аштық салдарынан болған демографиялық апатты есептемегенде), 2020-2023 жылдары өсімі 0,9%-ға дейін құлады.

Жалғанның жүзінде адамзат керуенінің аяқ алысы баяулап, қарасы азайып, тіршілігінің тынысы тарыла бастауы ықтимал. Болжамдарға сенсек, әлем халқының өсу қарқыны құлдилап барып, 2070 жылдардың соңында нөлдік көрсеткішке жақындайды, 2084 жылдан бастап теріс мәнге ие болып, минусқа кетеді.

Алайда Орталық Азияның тыныс-тіршілігі бұл сұрықсыз мүскін қалыптан мүлдем бөлек. Демографиялық дүмпудің өзіндік сарынымен өмір сүре беретін түрі бар. Мұнда өсу қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары!

Ал, табиғи өсім коэффициенті соңғы онжылдықта 18‰ деңгейінде тұрақталды. Салыстырсақ, жалпы әлемдік көрсеткіш 9‰-ге әзер жетеді. Ал Қазақстанда туу көрсеткіші бірнеше жыл қатарынан құлдырауда. Кеше ғана әрбір ұлтжанды азамат кеуде кере жаппай мақтаныш еткен, "Қазақ еліне жылына тағы 400 мың сәби!" деген дерек енді өткен шақтың еншісінде қалып, сағымға айналды. Республикамызда 2021 жылы 445 875 бала дүние есігін ашса, 2022 жылы бұл сан – 403 893-ке, 2023 жылы – 388 428-ге, 2024 жылы – 365 923-ке, 2025 жылы – 335 005-ке дейін азайып кетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ел бала туу көрсеткіші бойынша 2007 жылғы деңгейге құлдилап, өткенге "серпінді секіріс" жасапты.

ҚР-да табиғи өсім коэффициенті де көңілсіз динамиканы көрсетіп отыр: 2016 жылғы 15,12‰-ден ол 2023 жылы 12,95‰-ге дейін құлдырады, содан кейін 2024 жылы 11,56‰-ге және 2025 жылы 9,82‰-ге дейін тағы күрт төмендеді.

Жаһандық ұйым Орталық Азияны "қарқынды қартайып жатқан әлемдегі ең жас аймақ" деп атады. Дүниежүзілік халықтың қартаюы аясында бұл өңір шынымен де демографиялық тұрғыдан "балғын" көрінеді. Тәжікстан тұрғындарының медиандық жасы шамамен 22 жасты, Қырғызстанда – 25-ті, Өзбекстанда – 27-ні, Қазақстанда – 32 жасты құрайды.

Тіпті 2050 жылға қарай да осы көрсеткіштер салыстырмалы түрде төмен болып қала береді, тиісінше, бұл экономикалық серпіліс үшін мүмкіндіктер терезесін ашады, деп нұсқады БҰҰ сарапшылары. Осы балғын аймақтағы "мерзімі өтіп" кеткен елге айналмаудың қамы қажет.

БҰҰ-ның бағалауынша, Орталық Азия халқының өсуі қарқынын бәсеңдетер емес, тек үдетуде, аймақ тұрғындарының жалпы саны 2000 жылғы 56 миллионнан 2026 жылы 85 миллион межесіне жеткен.

Болжам бойынша, ғасырдың ортасына қарай ОА-ны мекен еткен халық саны 113 миллионға жақындап, жүзжылдықтың соңына қарай – 150 миллион адамнан асады деп күтілуде.

Бұл ауқымды түсіну үшін салыстырған жөн, 150 млн дегеніміз өзін жаһандық держава деп дәріптейтін Ресейдің қазіргі халық санынан да көп. Тіпті екі есе асуы мүмкін. Өйткені өз демографтарының болжамынша, РФ халқының саны екі еседен астам қысқаруы ықтимал. "Если быть точным" жобасының есептеуінше, мигранттардың жаңа ағынын тарта алмаса, РФ-та 70 миллионнан аз тұрғын қалады.

"Біздің базалық сценарийімізге сәйкес, Ресей халқы XXI ғасырдың соңына қарай шамамен 44%-ға – 81,4 млн адамға дейін азаяды. Көші-қонды ынталандырса ғана ол 13,6 млн адамға толығады: мұнда мигранттардың өзі ғана емес, олардың отбасы мен болашақ балалары да есепке алынып отыр. Тиісінше, көші-қонсыз сценарийде РФ халқының саны 67,8 млн адамға дейін немесе 54%-ға кемиді. Біздің базалық сценарийіміз БҰҰ болжамының төменгі нұсқасына (88 млн) сәйкес келеді", – деп түсіндірді ресейлік сарапшылар.

Амандық болса, одан екі есе асып түсетін Орталық Азиямызға қайта оралсақ, БҰҰ сарапшылары әсіресе, Тәжікстан мен Өзбекстан халқының өте жылдам өсіп жатқанына назар аудартты. Маңызды фактор – бұл республикаларда репродуктивті жастағы қыз-келіншектер санының артуы.

Біздің өңірде Өзбекстан қазірдің өзінде – сөзсіз гегемон: аймақ халқының шамамен 44,5%-ы осы жалғыз бір елдің үлесінде. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Өзбекстан халқының саны 38,38 млн адамнан асты. Егер қазіргі үрдістер сақталса, ғасырдың соңына қарай Орталық Азияда тұратын барлық адамның 60%-ға жуығын өзбекстандықтар құрайды.

Белгілі ресейлік демограф, экономика ғылымдарының кандидаты Екатерина Щербакова қызықты тарихи фактіні еске салды: 1979 жылға дейін өңірдегі халық саны бойынша ең ірі ел – Қазақстан болған!

Тиісінше, 15,2 және 15 млн адам (ОА-ның жалпы тұрғындарының 37,6%-ы мен 37%-ы). 2024 жылға қарай айырмашылық еселенді: ӨР-де 36 млн, ҚР-да 20,5 млн немесе 44,2% бен 25,1%. Сарапшылар бұл алшақтықтың тек ұлғая беретінін нықтады: ғасыр соңына қарай айырмашылық 2,5 еседен асуға тиіс.

Кәрілік – қуаныш емес, экономикалық диагноз

Energyprom агенттігінің сарапшылары Қазақстанның "қартайған қоғамға" айналуға өте жылдам қарқынмен бет алып келе жатқанын ескертті.

"Қазақстан қартайып барады: егде жастағы адамдардың саны балалар санына қарағанда айтарлықтай жылдам өсуде. 100 балаға қанша қариядан келетінін көрсететін қартаю индексі соңғы жылдары тұрақты түрде өсуде. Егер 2021 жылы көрсеткіш 26,7 болса (100 балаға шамамен 27 егде адамнан келген), 2025 жылға қарай ол 32,9-ға жетті. Іс жүзінде төрт жыл ішінде индикатор көп өсті және тренд тұрақты болып қалуда", – деп түсіндірді агенттіктегілер.

Әсіресе қала халқы жылдам қартаюда: 2021 жылғы 28,8-ден 2025 жылы 34,9-ға жетті. Ауылдық жерлерде жағдай сәл жақсырақ көрінеді, бірақ динамика бәрібір теріс мәнде: 23,9-дан 29,6-ға дейін ұлғайды.

Сарапшылар мұның негізгі себебі ретінде туу мен қартаю арасындағы теңгерімнің нашарлауын нұсқады. Қазақстан халқының жалпы санының өскеніне қарамастан, құрылымында жастардың үлесі азайып барады.

14 жасқа дейінгі балалар саны бүгінде төмендей бастады: 2024 және 2025 жылдардың басындағы 5,9 млн адамнан 2026 жылдың басында 5,8 миллионға дейін кеміді.

Егде жастағы халық үлесінің өсуі әлдеқайда қарқынды көрінеді. 65 жастан асқандардың саны 2016 жылғы 1,2 млн адамнан 2026 жылы 2 миллионға дейін артты. Яғни, бір ғана онжылдықта 60%-ға жуық көбейген!

Тіпті дәстүрлі түрде қазақ елінің демографиялық "донорлары" саналып келген өңірлер – Түркістан және Маңғыстау облыстарында да туу қарқыны құлдырап, бөбек іңгәлаған шаңырақтар сиреуде.

Бұл тығырықтан шығу үшін мемлекет туу көрсеткішін ынталандыруға бағытталған әлеуметтік қолдауды күшейтіп, көпбалалы отбасылардың мәртебесін экономикалық тұрғыдан нақты нығайтқаны абзал. Әзірге тек керісінше болуда, мысалы, жұмыс істейтін аналардың "декреттік бір реттік төлемі" бірнеше есе азайтылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны күрт қысқартылған.

Сонымен қатар, шеттегі қандастарды жинау саясатын жаңа белеске шығарып, жастардың елден кетпеуіне жағдай жасау арқылы да бұл сын-қатерге лайықты жауап бере аламыз.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz

Подписаться