Қазіргі қоғамда үнсіз өршіп бара жатқан дерттердің бірі — эндокриндік жүйе аурулары. Әсіресе қант диабеті мен қалқанша безі сырқаттарының жиілеуі алаңдатарлық. Осы бағытта Ұлттық госпитальдің эндокринолог дәрігері Нигора Тулаевамен сұхбаттасып, көптің көкейіндегі сауалдарға жауап іздедік.
— Бүгінде эндокриндік аурулардың таралуына қатысты қандай деректер бар?
— Қант диабетінің таралуы ересектер арасында шамамен 10–11 пайызды құрайды және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда сырқаттану деңгейі жыл сайын 5–8 пайызға өсуде. Сонымен қатар, йод тапшылығы салдарынан қалқанша безі ауруларының жиілеуі де байқалады.
— Қандай белгілер адамды эндокринологқа жүгінуге итермелеуі тиіс?
— Ағза кейде қауіп туралы өзі белгі береді. Шөлдің жиілеуі, кіші дәретке жиі бару, әлсіздік, дене салмағының күрт өзгеруі, жүрек қағысының жиілеуі немесе терінің шамадан тыс құрғауы — көмірсулар алмасуының бұзылғанының немесе қалқанша безі қызметінің ауытқуының маңызды белгілері. Мұндай жағдайда уақыт оздырмай маман кеңесіне жүгіну қажет. Себебі емделмеген жағдайда бұл дерттер қан тамырлары мен зат алмасу жүйесіне ауыр асқынулар әкелуі мүмкін.
— Қант диабеті секілді аурулар қалай пайда болады?
— Қант диабетінің екі негізгі түрі бар. Бірінші типі — ұйқы безіндегі β-жасушалардың аутоиммундық зақымдануынан туындайды, яғни ағзада инсулин мүлде жетіспейді. Ал екінші тип — инсулинге төзімділіктің нәтижесінде дамиды. Бұл көбіне өмір салтына байланысты: артық салмақ, қозғалыстың аздығы, калориясы жоғары тағамдарды жиі тұтыну. Жалпы жағдайлардың 95 пайызы 2-типті диабетке тиесілі.
— Соңғы кезде «аурулар жасарып барады» деген пікір жиі айтылады. Бұл эндокриндік дерттерге де қатысты ма?
— Иә, мұндай үрдіс анық байқалады. Бұрын 2-типті қант диабеті көбіне 40 жастан кейін кездессе, бүгінде 20–30 жас аралығындағы жастар арасында да жиілеп келеді. Бұл — семіздік пен қозғалыс белсенділігінің төмендеуінің салдары. Дегенмен, егде жастағы адамдар арасында да көрсеткіш жоғары: 75–79 жас аралығында бұл дерт 24–25 пайызға дейін жетеді.
— Бұл аурулар тұқым қуалай ма? Алдын алу жолдары қандай?
— Эндокриндік аурулар көбіне аралас сипатта болады. Яғни, генетикалық бейімділік те, сыртқы орта факторлары да әсер етеді. Науқастардың басым бөлігі — өмір салтына байланысты қауіп факторлары жоғары елдерде тұратын адамдар. Сондықтан алдын алу — ең тиімді жол. Дене салмағын бақылауда ұстап, аптасына кемінде 150 минут физикалық белсенділікпен айналысу қажет. Қант пен тәтті тағамдарды шектеп, дұрыс тамақтану да маңызды. Ең бастысы — уақытылы скринингтен өтіп, денсаулыққа бейжай қарамау.
Эндокриндік жүйе — ағзаның ішкі тепе-теңдігін сақтайтын күрделі механизм. Оның дабылына дер кезінде құлақ асу — денсаулықтың кепілі.
Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы