Ол өзінің алтын зергерлік бұйымдарын ломбардқа тапсырып, барлық ақшаны белгісіз адамдар көрсеткен шоттарға "трейдинг оқуы" үшін аударған
Таразда әйел қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған ақпарат бергені үшін сотталды, деп хабарлады Жамбыл облыстық соты.
Сотпен анықталғандай, сотталушы өзінің алтын зергерлік бұйымдарын ломбардқа тапсырып, барлық ақшаны белгісіз адамдар көрсеткен шоттарға "трейдинг оқуы" үшін аударған.
Кейінірек курстардың жалған екенін және ақшаны қайтара алмайтынын түсінген ол қылмысты қолдан жасау арқылы өз әрекетін отбасынан жасыруға шешім қабылдайды.
"Сотталушы келініне тиесілі алтын және гауһар тасты зергерлік бұйымдарды жасырып, өзін скотчпен байлап, үйге белгісіз адамдар кіріп, күш қолданып, мүлікті иемденді деп айтқан. Алайда, полиция жүргізген тергеу нәтижесінде қылмыс туралы мәлімдеменің жалған екендігі анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Сотталушы кінәсін мойындап, соттан қатаң жаза тағайындамауды сұрады.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгіленіп, 2 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дерек көзі: https://sputnik.kz