Қазақстанда оқушылардың сабақ кезінде ұялы телефон қолдануына қатысты бірыңғай талаптар енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Мәжілісте қаралған педагог мәртебесі мен білім беру мәселелеріне арналған заң жобасы осы бағыттағы маңызды өзгерістерді қамтиды.
Құжатты таныстырған депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – мұғалімдердің құқығын қорғап, білім беру үдерісінің сапасын арттыру. Сол үшін мектептерде мобильді құрылғыларды пайдалану тәртібі нақты регламенттелмек. Дегенмен, оқушыларға телефонды толықтай тыйым салу қарастырылмаған.
Талқылау барысында кейбір депутаттар бұл мәселені қатаңдатуды ұсынды. Мәселен, мәжілісмен Анас Баккожаев гаджеттер балалардың зейінін шашыратып, тіпті үзіліс кезінде де тірі қарым-қатынасқа кедергі келтіретінін алға тартып, толық шектеу енгізуді қолдады.
Ал Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бұл мәселенің әлемдік деңгейде де өзекті екенін атап өтті. Оның сөзінше, әр ел бұл бағытта түрлі тәсіл қолданады, ал Қазақстан үшін басты міндет – оқушыларды цифрлық дәуірге бейімдей отырып, тәртіп пен білім сапасының тепе-теңдігін сақтау.
Жаңа ұсыныстар қатарында жауапкершілік тетіктері де қарастырылған. Егер оқушы сабақ кезінде телефон қолданса, алдымен ескерту беріледі. Ал ереже қайталанса, ата-анасына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 19,5 мың теңгені құрайды. Айыппұлды құқық қорғау органдары мектеп әкімшілігінің шақыруымен рәсімдей алады.
Мәжіліс депутаттары атап өткендей, бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – оқушының білім алуына қолайлы орта қалыптастыру. Себебі сабақ – толық зейін мен тәртіпті талап ететін күрделі процесс. Ал цифрлық құрылғыларды тиімді әрі орнымен пайдалану – бүгінгі қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр.