Таяу Шығыстағы шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған маңызды қадам жасалды, деп жазды kaz.inform.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққыларды уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдегеннен кейін, ресми Тегеран екі апталық бітім шарттарын қабылдады. Тараптар арасындағы келіссөздер жұма күні Исламабадта басталмақ. Бұл туралы Al Jazeera арнасы хабарлады.
АҚШ тарапы Иранға қарсы соққыларды уақытша тоқтатуға дайын екенін, алайда оның басты шарты – Ормуз бұғазының толық әрі қауіпсіз ашылуы екенін мәлімдеген еді.
Иран Сыртқы істер министрі алдағы екі апта ішінде бұғаз арқылы кемелердің қауіпсіз өтуі елдің қарулы күштерімен үйлестіріле отырып қамтамасыз етілетінін хабарлады.
Трамптың бұл мәлімдемесі Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шарифтің өтінішінен кейін жасалды. Ол АҚШ президентінен келісімге келу мерзімін ұзартуды сұрап, Иранды Ормуз бұғазын толық ашуға шақырған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, келіссөздердің алғашқы кезеңі жұма күні Исламабадта өтеді. Сарапшылар бұл қадам аймақтағы әскери шиеленісті бәсеңдетуге және әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықты азайтуға ықпал етуі мүмкін екенін айтады.
Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызға ие. Әлемдегі мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі осы бағыт арқылы өтетіндіктен, оның қайта ашылуы халықаралық нарыққа тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауды екі аптаға шегергенін жаздық.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.