Бүйрек - "үнсіз ағза"

Бүйрек - "үнсіз ағза"

фото: ҚР Ұлттық госпиталь

Қазіргі таңда урология саласындағы аурулар саны артып келеді. Бұл тек егде жастағы адамдарға ғана тән мәселе емес — жастар арасында да жиілеп барады. Осы өзекті тақырып төңірегінде Ұлттық госпитальдің уролог дәрігері Темірлан Оразғаливпен сұхбаттастық.

Урологияда ең жиі кездесетін аурулар қандай?

Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда ең жиі кездесетін аурулар — несеп-тас ауруы мен несеп шығару жолдарының инфекциялары. Әсіресе Алматы тұрғындары арасында бүйрекке тас жиналу жағдайы жиі тіркеледі. Бұған негізгі себеп — ішетін судың сапасы мен дұрыс тамақтанбау.

Сонымен қатар, соңғы жылдары «өркениет аурулары» деп аталатын дерттер де көбейген. Олардың қатарында жасқа байланысты андроген тапшылығы мен эректильді дисфункция бар. Күйзеліс, аз қозғалыс — бұл аурулардың «жасаруына» әсер етуде.

Бүйрек аурулары қалай  пайда болады?

Бүйрекке қатысты түрлі мәселелердің пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді:

  • Тас пен құм — зат алмасудың бұзылуы, суды аз ішу және климат ерекшеліктері;
  • Кисталар — генетикалық бейімділік немесе бұрынғы қабыну процестері;
  • Нефроптоз (бүйректің төмен түсуі) — салмақты күрт жоғалту немесе ауыр жүктемелер;
  • Ісіктер — экология, зиянды әдеттер және тексерілмеу.

Дәрігердің айтуынша, бүйрек — «үнсіз ағза». Яғни, аурулар көп жағдайда кеш анықталады.

Простатит неге «жасарып» барады?

Бүгінде простатит тек жасы үлкен ерлердің емес, жастардың да мәселесіне айналған. Негізгі себеп — қозғалыстың аздығы мен ұзақ отыру.

Сонымен қатар, дәрігер бір маңызды жайтты атап өтті: көп жағдайда простатит деп жүрген ауру — шын мәнінде созылмалы жамбас ауруы синдромы болуы мүмкін. Бұл инфекциядан емес, өмір салты мен күйзелістен туындайды.

Әйелдер арасында қандай аурулар жиі кездеседі?

Әйелдерде көбіне цистит (өткір және қайталанатын) және зәр ұстай алмау мәселелері жиі кездеседі.

Өкінішке қарай, зәр ұстай алмау тақырыбы қоғамда әлі де жабық мәселе. Көптеген әйелдер оны қалыпты жағдай деп қабылдап, дәрігерге жүгінбейді. Алайда бұл — қате түсінік. Қазіргі медицинада бұл мәселені тиімді емдеудің заманауи тәсілдері бар.

Алдын алу — ең дұрыс шешім

Дәрігер денсаулықты сақтаудың бірнеше қарапайым, бірақ маңызды жолдарын ұсынады:

  • Ауа райына сай киіну
  • Күні бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішу
  • Белсенді өмір салтын ұстану
  • Жылына кемінде бір рет тексеруден өту (УЗИ, қан және зәр талдауы)

«Ең жақсы ота — жасалмай қалған ота» дейді мамандар. Сондықтан аурудың алдын алу — әр адамның өз қолында.

Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы

Подписаться