Бақ пен береке: Алматы алмасы технологиямен түлеп келеді

Бақ пен береке: Алматы алмасы технологиямен түлеп келеді

фото: klau.club

       Көктемнің көркіне айналған алма бақтарының ажары, аграрлық саладағы тың серпін, еңбек адамдарының тынымсыз тірлігі – бүгінгі әңгімеміздің өзегі.

       Алматы облысында көктем шуағымен бірге алма бақтары гүлдеп, өңір ақ көрпеге оранғандай әсем күйге енді. Алатау баурайындағы бұл көрініс жергілікті тұрғындармен қатар, туристердің де қызығушылығын арттырып отыр. Мамандардың мәліметінше, бүгінде облыста 7 мың гектар аумақта алма өсірілсе, оның 2,2 мың гектары – интенсивті бақтар. Жыл сайын алма алқаптарының көлемі ұлғайып, өнім көлемі артып келеді.

       Өңірде заманауи агротехнологиялар кеңінен қолданылуда. Соның бірі – автоматтандырылған тамшылатып суару жүйесі. Бұл әдіс суды үнемдеп қана қоймай, тыңайтқыштарды ағаш тамырына дәл жеткізуге, өсімдік ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнім сапасы артып, табиғи тепе-теңдік сақталады.

       Алма шаруашылығын дамытуда Талғар ауданындағы «Баймене» серіктестігі алдыңғы қатарда. Кәсіпорын 2016 жылдан бері интенсивті бақ өсіруді қолға алып, бүгінде 110 гектар аумақта жеміс ағаштарын баптап отыр. Мұнда алманың «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи» секілді сұранысқа ие түрлері өсіріледі.

       Шаруашылықта көшетті отырғызудан бастап, өнімді жинау, өңдеу және сақтау жұмыстары толық жүйеленген. Заманауи технологиялардың арқасында алмалар іріктеліп, буып-түйіледі, әрі табиғи шырын өндіріледі. Айта кетейік, 3 литр шырын алу үшін шамамен 6 келі алма пайдаланылады. Қосарланған пастерлеу тәсілі өнімнің табиғи құрамын сақтауға мүмкіндік береді. Ал арнайы қоймаларда 5 мың тоннадан астам өнім сақтауға жағдай жасалған.

       Кәсіпорын өткен жылы 1500 тонна алма жинаса, биыл бұл көрсеткішті 2 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жаңа өндірістік кешеннің құрылысы жүргізілуде. Аумағы 1600 шаршы метр болатын нысанда алдағы уақытта шырын, пюре, джем, смузи және балалар тағамы шығарылмақ.

       Жалпы, облыста алма шаруашылығын дамытып отырған кәсіпорындар саны артып келеді. Бұл бағытқа мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде Алматы өңірінің брендіне айналған алма бақтары алдағы уақытта да қанат жая түседі.

Подписаться