Әлем елдерінде Ғашықтар күні әртүрлі форматта аталып өтеді. Ең кең таралғаны – әулие Валентин күні. Бұл күн әсіресе АҚШ пен Еуропада кеңінен танылып, гүл мен сыйлық ұсыну дәстүрімен ерекшеленеді. Ал Жапонияда 14 ақпанда қыздар ер азаматтарға шоколад сыйласа, бір айдан кейін – 14 наурызда ерлер жауап ретінде сыйлық береді. Оңтүстік Кореяда әр айдың 14-і махаббатқа қатысты ерекше күн ретінде аталып өтсе, Францияда романтикалық кештер мен ұсыныстар жасау дәстүрге айналған.
Махаббат мерекесі әр елде өзіндік мәдени сипатқа ие. Мәселен, Испанияда Сан-Жорди күні (23 сәуір) раушан гүлі мен кітап сыйлау дәстүрімен ерекшеленеді. Бұл күн Мигель де Сервантес есімімен де байланысты. Ал Қытайда 20 мамыр (5/20) күні «мен сені сүйемін» мағынасын білдіретін символдық дата ретінде жастар арасында кең тараған.
Израиль халқының да өзіне тән Ғашықтар күні бар. Бұл мереке Ту бе-Ав деп аталады және жыл сайын еурей күнтізбесі бойынша 15 ав күні, шамамен шілде айының 23–24-іне сәйкес келеді. Дәстүрлі діни мерекелер қатарына толық енбегенімен, ғасырлар бойы еурей жастары бұл күнді махаббат пен бақыттың символы ретінде атап өтіп келеді. Мерекенің түп-тамыры ежелгі рулық дәстүрлермен байланысты. Ерте заманда еврей қауымдары ру-тайпа болып өмір сүріп, некеге тұру мәселесін ру басылары шешкен әрі көбіне тек өз руының ішінде үйленуге рұқсат етілген. Тек Ту бе-Ав күні ғана бұл шектеулер алынып тасталып, руаралық некеге жол ашылған. Сонымен қатар дәл осы мезгілде жүзім жинау науқаны басталып, ақ көйлек киген қыздар жүзім алқаптарында би билеп, бозбалалар өзіне жар таңдаған. Бұл дәстүр қазақтың «Ақсүйек» ойыны немесе «Бастаңғы» секілді жастар бас қосып, танысып-білісетін салттарымен үндес келетіні байқалады.
Жалпы, ғашықтар күні әр елде әртүрлі уақытта аталып өтеді. Мәселен, Словения 12 наурызда, Грузия 15 сәуірде, Чехия 1 мамырда, ал Грекия 3 шілдеде махаббат мерекесін атап өтеді. Әрқайсысының өзіндік тарихи негізі мен мәдени ерекшелігі бар.
Осылайша, махаббат мерекесін атап өтудегі әр елдің дәстүрі олардың ұлттық болмысы мен дүниетанымын айқын көрсетеді. Ал бұл үрдістердің барлығы махаббаттың адамзатқа ортақ, мәңгілік құндылық екенін аңғартады.
https://kaz.inform.kz/