Банк карталарының әрбір төртінші иесіне қаржы алаяқтарынан қоңыраулар келіп түседі. Ал коронавирустық індет % кезінде олардың саны 30%-ға ұлғайды.
Телефон алаяқтары алдаудың ең ұтымды тәсілдерін қолданады. Осылайша, заманауи технологиялар адамды адастыру мүмкіндігін күннен күнге арттырып, сенгіш азаматтарды қулықтың құрығына түсіреді. Қарапайым адамдар телефон арқылы алаяқтың тұзағына түскенін байқамай, жеке мәліметтерін оп-оңай бере салады. Бүгінгі мақаламызда телефон алаяқтарының жымысқы әрекеттері мен күтпеген шығындардан қорғану жолдары туралы біле аласыздар.
1. Есіміңізді біледі
Алаяқтардың басым бөлігі есіміңізді ғана біліп қоймайды, сондай-ақ тегіңіз бен әкеңіздің атын да біледі. Кейбір әккілер картаңыздағы деректермен қатар, сізге қызмет көрсететін банк жайында да хабардар болуы мүмкін. Алаяқ хабарласқан уақытта алдымен осы мәліметтерді алға тартады. Сонымен қатар транзакция нөмірін және т.б. сандарды айтып, одан сайын сенімге кіруге тырысады.
Шындығында, мұндай ақпаратты табу қиынға соқпайды, оны банктердің мәліметтер базасынан немесе әртүрлі агрегаторлардың көмегімен алуға болады. Сіздің атыңыз бен телефон нөміріңіз бір кездері жеңілдік картасын жасаған немесе бонустық бағдарламаға қатысқан кез-келген дүкенде болуы мүмкін.
2. Сөзбен жаңылдырып, үрей тудырады
Қоңырау шалушылар әдетте қобалжулы дауыспен біреудің сіздің картаңыздан ақша алуға тырысып жатқанын айтады немесе күдікті аударым мен карта бұғатталуы туралы телефонға хабар береді.
Кең таралған амал-айла:
√ Сіздің картаңыздан күдікті аударым жасалды.
√ Сіздің шотыңыздан белгілі бір сома есептен шығарылды.
√ Біреу сіздің жеке кабинетіңізге кірді.
√ Біреу сіздің атыңыздан төлем жасауға немесе картаны басқа телефон нөміріне тіркеуге тырысты.
Телефон алаяқтары картамен «күдікті» әрекеттерді тоқтату үшін шот нөмірін, сондай-ақ CVV-кодын немесе транзакцияларды растау кезінде телефонға SMS-хабарламамен келетін қысқа кодты атауды сұрайды.
SMS-хабарламадағы кодты айту арқылы сіз ақша аударымын тоқтатпайсыз, керісінше оны растайсыз және бұл жағдайда ақша алаяқтардың шотына түседі. Сонымен қатар алаяқтар сізден өз карталарының деректемелерін атай отырып, өз еркімен картадағы ақшаны басқа «қауіпсіз» шотқа аударуын сұрайды.
3. Әңгімені созуға тырысады
Сіз телефон тұтқасын қоймау үшін қаржы алаяқтары барлық амал-тәсілдерді қолданады. Олар тез әрі еш кідіріссіз сөйлейді, адамның көңілін мүмкіндігінше ұзағырақ аулауға тырысып, қосымша сұрақтар қояды.
Есіңізде болсын!
Банк қызметкерлері ешқашан сіздің уақытыңызды алмайды және «Әңгімені жалғастыруға бірнеше минут бөле аласыз ба?» деп сыпайы түрде сұрайды.
Егер клиент кейінірек қоңырау шалуды сұраса, банк қызметкерлері қарсы болмайды.
4. Қаржылық көмек пен дағдарысқа қарсы жәрдемақы ұсынады
Коронавирустық пандемияға байланысты адамдарға хабарласып, оларға қаржылық қолдау көрсетілетіні туралы хабар беретін жағдайлар жиілеп кетті: төлемдерді бөліп төлеу, несиелік демалыс және т.б. Алаяқтар оларды рәсімдеу үшін банк картасының деректерін айтуыңызды сұрайды және жоғарыда айтқан амал-айлаларды қолданады.
Егер банк картасының иесі мәліметтерді, жарамдылық мерзімін және CVV-кодын (картаның артқы жағында көрсетілген үш сан) атаса, әккі алаяқта сіздің шотыңыз арқылы онлайн сатып алуға арналған барлық қажетті мәліметтер болады.
Соңғы уақытта балаларға арналған «дағдарысқа қарсы» жәрдемақыларды төлеуге байланысты алаяқтық жағдайлары жиіледі. Алаяқтар осылайша ресми сайтты сырттай көшіріп, мемлекеттік қызметтер порталын имитациялайтын интернет-сайттар жасап, жәрдемақы төлеу үшін банк шотының нөмірі туралы деректерді енгізуіңізді сұрайды.
5. «Тиімді» ұсыныстармен хабарласады
Мысалы, кейде лотереяға қатысуды ұсынады. Ол үшін сіз сайтта сауалнама жүргізуіңіз керек. Барлық қатысушыларға ірі ұтыс уәде етіледі және картаны растау үшін олар банк шотына 1000 теңге аударуды сұрайды. Әрине, ешқандай лотерея өткізілмейді, ал карта иесі белгісіз шотқа ақша жібереді.
Қаржы алаяқтарынан қорғану жолдары
1. Телефон арқылы өз картаңыздың деректемелерін, әсіресе, үш таңбалы CVV-кодын әрі SMS-хабарламамен келген кодтарды ешкімге айтпаңыз!
2. Бейтаныс нөмір қоңырауларына жауап бермеуге тырысыңыз немесе белгісіз нөмірлерді анықтайтын антивирустық бағдарлама мен арнайы қосымшаны қолданыңыз.
3. Егер әңгіме барысында күмән туындаса, қоңырау шалушымен әңгімені жалғастырмай, телефон тұтқасын қойыңыз. Сіз клиент болып табылатын банкке кез келген уақытта пластикалық картаның артқы жағында көрсетілген нөмір бойынша қоңырау шалуға болады.
4. Егер сізге алаяқтардан қоңырау келіп түссе, банкке қайта қоңырау шалып, күдікті қоңырау туралы хабарлау керек.
Дереккөз Сырласу сайты. Фото: 1sibir.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через