фото: Фото: Ольга Бугаева
Мүсінші Павлодар облысы Шарбақты ауданының Шалдай ауылында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында білім алған. Оның бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы бала кезінде байқалған.
– Бала кезімде қарағайдың ішінде жалғыз өзім жылтырап жатқан құммен ойнағанды жақсы көретінмін. Бұл құм неге шыны сияқты жылтырайды деп ойлайтынмын. Ол кезде әлі мектепке бармаған кезім. Бес жастамын. Әкем Есілбай ауылында тарих және география пәнінен 45 жыл мұғалім болды. Сонда ол сол құмнан шыны жасалатыны туралы айтқаны есімде қалды. Сол кезден бастап үйге шыны таситын едім. Композиция құрастыратынмын, – деп еске алады Шолпан Садуова.
Шебер Семей педагогикалық институтында бейнелеу мамандығы бойынша білім алып, сол жақта муфельді пешпен екі жыл жұмыс істейді. Кейін Павлодар қаласында Абай атындағы дарынды балаларға арналған № 10 мектепте ұстаз болған. Торайғыров университетінде 23 жыл еңбек еткен және бүгін де аталған жоғары оқу орнында аға оқытушы ретінде қызметін жалғастырып келеді.
45 жасында білімін жетілдіру үшін грант ұтып алып, Түркияға аттанады. Дегенмен Мимар Синан көркем сурет және сұлулық университетінде білім алу үшін міндетті түрде түрік тілін білу керек болған.
– Ол жаққа барған кезде қаражатқа қатысты мәселеге тап болдым. Мешітке барып, оқуыма ақша жетпейтінін айтып, кері қайтуға көмек сұрадым. Сол жердің қазақтарын тауып алдым, олар «үйіңе қайтпайсың, бір қазақтың қарны ашып, еліне қайтты дегені ұят емес пе?! Өзіміз оқытамыз» деді. Осылайша түрік ағайындардың қамқорлығымен 140 тілді оқытатын курсқа қатыстым. Сегіз айлық курсты бес айда тапсырып тастадым, – дейді ол.
Бұдан әрі шебер Мимар Синан университетінде бір жыл сегіз айда шынының құрамын, кесу, қайнату, үрлеу әдіс-тәсілдерін меңгеріп, сертификат алады. Ол әлі күнге дейін Түркия еліндегі қандастармен байланысын үзбегенін айтады.
– Шыны – мың градуста ерімейтін өте ауыр әрі таза зат. Темір табиғатта 300 жылда жоқ болып кетсе, шыны миллион жыл жатады. Шыныны бағындыру шыдамдылықты талап етеді. Әлемде шыны шеберлері сирек кездеседі. Жапонияда кейбір скульпторлар 70 см-ден артық істемеген. Шыны бояуларын Германиядан, Австриядан аламын. Түркия, Қытай, Жапония, Америка, Германия елдерінде шыны зауыттары бар, алайда олар құпиясын бермейді. Мысалы, қызыл шынының бір шаршы метрі – 600 доллар, сары шыны 1,5 мың доллар тұрады. Ал мұның бәрін мен өзім істеймін, – дейді ол.
Шыны шебері қазіргі таңда халықаралық патент алуға дайындалуда. Мүсінші көбінесе автомобиль, ыдыс-аяқ шынылары мен шөлмектерді көп қолданатынын айтады.
– Әлемде терезе мен автомобильдің шынысын қайнатқан адам жоқ, себебі атомдар атылып кетеді. Ал мен соның қосындысын таптым. Шыны ұзақ уақыт суытылады. Тіпті, бес-алты жыл тұрғандар бар. Мысалы, NASA-дағы үлкен телескоптардың шынылары бес жыл қайнатылып, бес жыл суытылады. Себебі, кішкентай қосындысы дұрыс болмаса, әуеде жарылуы мүмкін. Бұл атомнан тұратын стратегиялық материал, – дейді аға оқытушы.
Мүсіншінің сөзінше, Қазақстанда бір қаланың өзінен бір түнде 3-5 тонна шыны шығады, алайда ешбір қалада шыны полгионы жоқ. Бұл шыныларды үгіп, Ертіс өзеніне лақтырады. Қытай шынылары пластмасса қосылғандықтан жарылып кетеді. Ал Павлодар мен Астанада кездесетін шынылар Иран елінен жеткізіледі.
Шебер елімізде шыны қалдықтарын өңдейтін үлкен зауыт ашылса деп армандайды. Оның ең алғашқы туындысы – 1,5 метрлік домбыра. Бұл жұмысын өзінің туған жеріне сыйға тартқан. Ең үлкені – таза шыныдан жасалған 3,5 метрлік домбыралар. Ең күрделісі – Батыс Қазақстан облысына жіберген қобыз.
– Шыны өнерін меңгеру үшін математика мен сызуды жақсы білу керек. Хирург сияқты бүге-шегесіне дейін тексеремін. Әрбір шыны кірпішті тоңазытқышта қатырып қоямын. Егер суыққа төзімді болса, 50 градус аяз тұратын Павлодар үшін төтеп бере алады деген сөз. Шыны балқытатын пештер 3,5 миллион теңге тұрады. Мендегі екі пештің біреуі кермиканы да пісіреді. Жұртта косметика көп болса, менде шыны саймандары көп. Дүкенге барғанда бірінші кезекте саймандар дүкеніне барып, үлкен, кіші балғалар, тістеуік, шыныны құятын заттар, шыны қиятын қайшы іздеймін, – деп күледі ол.
Мүсінші бес жасындағы арманына 45 жыл жүргенін айтады. Алғаш рет 50 жасында мүсінше жасаған.
– Шалдайдың қарағай жағында Қобыз ілген деген киелі тарихи жер бар. Кезінде Асан қайғы қарағайдың түбінде жатып, қобызын ілген екен. Сол жерге бес метрлік қобыз қойғым келеді. Ол үшін шыны табылады, бірақ бояуларын табу үшін демеуші керек, – дейді шебер.
Шолпан Садуова төрт бала өсіріп жеткізген. Үлкен қызы белгілі дизайнер әрі спорт шебері. Астанада жеке фирмасы бар. Екінші қызы дәрігер. Ол да жеңіл атлетикамен айналысады. Ұлы күрестен спорт шебері, әскери салада қызмет етеді. Кіші қызының мамандығы – паразитолог.
Айта кетерлігі, Шолпан Садуова көптеген Халықаралық марафондардың қатысушысы. Омбы, Петербург, Новосібір қалалары мен Түркия елінде өткен жарыстарға қатысқан.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через