Қазақстан мен Қытай арасында 14 күндік визасыз режим енгізілгелі қазақ жеріне саяхаттап келетін туристердің саны едәуір артқан. Өткен жылдың өзінде бір ғана Алматыға 13 мың қытайлық келген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Ал туристік компаниялар биыл саяхаттап келушілердің қарқыны үш есе артады деп отыр. Мамандар, егер 30 күндік визалық режим енгізілсе, тұралап қалған туризм жанданатынына сенімді. Алматының әсем жерлерін көруге асық қытайлық туристердің биылғы қарқыны ерекше. Олар ең алдымен қазақ елінің кең даласына саф ауамен тыныстауға асығады екен. Былтыр енгізілген 14 күндік визасыз режим енді 30 күнге созылса, сала мамандары саяхаттап келушілердің қарқыны артады деп отыр.
Личау Ли, кәсіпкер:
Мен Қазақстанға ең алғаш рет 1998 жылы келіп көрген едім. Содан бері Алматыға ғашықпын. Мұнда бәрі ұнайды. Соңғы төрт жылдан бері мейрамхана ашып, өз кәсібімді жүргізіп келем. Мен әлі Қазақстан азаматтығын алған жоқпын.
Халықаралық статистикаға сәйкес, әлем бойынша бір турист 11 адамды жұмыспен қамтиды. Мамандар, бұл есеп Қазақстанды да айналып өтпейді дейді. Әзірге қанша инвестордың Қазақстан экономикасына қаражат құюға ниетті екенін дөп басып айту қиын. Бір анығы, Алматыдағы туристік компания наурыздан бері қытайлық 200 туристті күтіп алған. Олардың түгел өз еліне кеткенін де алға тартты.
Арай Жарқын, туристік компания қызметкері:
2019 жылы карантиннің алдында бізге 8-9 мың адам келетін, тек қытайлар. Ал биыл біз 3-4 айда 7-8 мың қытай азаматы келеді. Үш есе десек те болады. Егер 30 күндік виза ашатын болса Қазақстанға жақсы деп ойлаймын. Оларды Шарынға, Көлсайға, Шымбұлаққа апарамыз, қазақтың салт-дәстүрлеріне қызығады.
Қытайлықтар төрт күндік турды компания арқылы шамамен 200 мың теңгеге сатып алады. Оған барып-келу, қонақ үй, үш мезгіл тамақ, тіпті Көктөбе мен Шымбұлаққа және музей билеттері кіреді. Ал әрқайсысы күніне кем дегенде 50-100 мың теңгеге сауда жасайды. Десе де, туризм саласының зерттеушісі Нұржан Әбдіразақ бұл соманың тым аз екенін айтады. Бастысы туристердің ағылуы нарықтағы тепе-теңдікті бұзбай, жергілікті халықтың қалтасын қақпауы керек дейді.
Нұржан Әбдіразақ , туризм саласының сарапшысы:
Отандастарымызға бөлек баға, туристерге бөлек баға. Өйткені егер ортақ баға қоятын болсақ, шетелдік туристерге өте арзан боп көрінуі мүмкін, ал біздің Қазақстандықтарға өте қымбат боп көрінуі мүмкін.Сондықтан әр сегменттің өзінің бағасын ұсыну керек. Мынандай бір қызықты факт бар: қытайдың туристері әлемде ең ақша көп жұмсау әдеті бар туристер. Бір барған еліне бір орташа қытай туристі 1700 долларға жуық ақша жұмсайды екен. Бізге келетін әрбір турист 340-350 доллар шамасында ақша жұмсайды екен. Бұл негізі әлемдік рейтингте есептеген кезде өте көп ақша емес.
Иә, әлемдік туризмге ақшасын аямай шашатын қытайлықтар ковид өршімей тұрғанда 299 миллиард долларды саяхатқа жұмсапты. Айта кетейік, визасыз келген азаматтар елімізде ресми жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ, оларға ықтияр хат та берілмейді. Былтыр Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген 1735 қытай азаматының 1732-і қандастар болса, қалған үшеуі көрші елдің байырғы тұрғыны.
Дереккөз qazaqstan.tv. Фото vk.com.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через