20 ақпан күні Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындары аяқталды. Бұған дейінгі 2014 жылы Сочи мен 2018 жылы Пхенчханда өткен жарыстарда тек бір қоладан иеленген Қазақстан құрамасы бұл жолы Бейжіңнен құр алақан қайтты. Көрермендер көп үміт артқан біраз спортшыларымыз жарыс жолының жартысынан сүрінсе, мәнерлеп сырғанаушыларымыз Олимпиада ойындарына мүлдем жолдама ала алмады.
Бейжіңде өткен қысқы Олимпиадада медальдың басым бөлігін Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Ресей және жарыс ұйымдастырушысы Қытай мен Жапония иеленді. Көрсеткіштерге келетін болсақ, Олимпиаданың жалпы есебінде алғашқы үштікке Норвегия (16 алтын, 8 күміс, 9 қола), Германия (12-10-5), Қытай (9-4-2) енді. Норвегия мен Германия қысқы спортта кейінгі кезде көшбасшы елдерге айналып, үздік нәтижелер көрсетсе, ойынды ұйымдастырған Қытай қысқы олимпиададағы тарихи жетістігін тойлады.
Көршілес Ресей өткен Олимпиада ойындарынан 6 алтын, 12 күміс, 14 қола иеленіп, медаль саны бойынша рекорд орнатты. Посткеңестік елдер ішінен Беларусь – 2 күміс, Украина – 1 күміс, Латвия мен Эстония бір қоладан иеленді.
Сочи мен Пхенчхан Олимпиадасында бір қола иеленген Қазақстан Бейжіңде жүлде ала алмады. Отандық спортшылар арасынан ең үздік нәтижені төртінші орынмен аяқтаған шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен бесінші орын алған Қазақстанның шорт-тректен аралас құрамасы көрсетті.
Қазақстан Бейжің Олимпиадасына дайындыққа және қатысуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 600 миллион теңге қаражат бөлген. Ал әлеуметтік желілерде мемлекеттің ақшасына олимпиадаға барған спортшылардың жүлдесіз қайтқанына сын айтқан адамдар көп. Олардың сындары да орынды секілді.
Кімді кінәлаймыз?
Қазақстандық спортшылар қысқы жарыс ойындарынан ақсап жататыны еліміздің соңғы уақыттағы көрсеткіштерінен байқалады. Пхенчхан олимпиадасында қола медаль алған фристайлшы Юлия Галышева да, конькиші Надежда Морозова да, олимпиадаға "фавориттердің бірі болып келдім" деген шорт-трекші Денис Никиша да Бейжіңдегі жарыста үздік үштікке ене алмады.
ҚР бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Токиода өткен жазғы олимпиададан кейін қазақстандық спортшылардың көрсеткішіне көңілінің толмайтынын айтып, сол уақытта министр болып отырған Ақтоты Райымқұлова отставкаға кетсін деген еді. Бұл сұрақты өзіне қайта қойып, Бейжіңдегі көрсеткіштен кейін не дейтінін сұрадық.
Экс-министр қысқы олимпиада ойындарының алдында жауапты вице-министрдің жоқ болғанын айтады. Осы себепті дайындықтың дұрыс жүргізілмей қалуы мүмкін деген ол кінәлі адамдардың әркез болатынын айтады.
"Кінәлайтын жауапты адамдар бар ғой. Дәурен Абаев қазір ғана келді, оның алдында Ақтоты Райымқұлова болды. Негізі бір министрге ғана байланып қалу дұрыс емес, толық жұмыс істейтін жүйе болуы қажет. Олимпиадаға барар алдында үкіметтің отырыстарында, президент әкімшілігінде дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанын бақылап тұру керек. Ал қазір барлығын алды да жеке министрлікке ығыстыра салды, ол өте дұрыс емес", – дейді Мұхамедиұлы.
Белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы қысқы спорт түрлеріндегі туындаған мәселелер елімізде 30 жыл бұрын басталғанын айтады. Ол инфрақұрылымдық орындардың көптеп салынғанына қарамастан, олардың әкелген оң нәтижелері байқалмайтынын жеткізді.
"Әрине, әдетте орын алған сәтсіздіктерден кейін біз міндетті түрде кінәлілерді іздеуді әдетке айналдырғанбыз. Бейжің Олимпиадасынан кейін кінәлілерді іздеуіміз керек, бірақ келесі олимпиадаға дейін дүрмек қылып алмауымыз қажет. Сондықтан бұл мәселелердің тамырына үңіліп, оның осыдан 30 жыл бұрын басталғанын айта кеткеніміз жөн. КСРО құлағанынан кейін біздің елімізде Медеу, Балуан шолақтан басқа аса ірі мұра қалған жоқ. Өзіміз егемендік алғаннан кейін Азиада ойындарын өткіземіз деп біраз дайындалдық. Әйтсе де бұдан кейін салынған нысандар жекенің меншігіне өтті де, халықаралық жарыстар әр кезде бір рет өтіп тіпті мүлдем өтпейтін жағдайға жетті. Инфрақұрылым жоқ емес бар, бірақ олардың жұмыстары көрінбейді", – дейді Жеңісұлы.
Спорт журналисі Солт-Лейк-Сити олимпиадасынан бері спортшыларымызға көңіл бөлетін 20 жылды уысымыздан шығарып алдық дейді. Біз лайықты спортшыларды дайындаудың орнына, тек есеп берумен айналыстық деген ол, қысқы спорт түрлерін науқандық жарыс деп ғана көреміз деп ашып айтты.
"Мысалы, боксшылар арасында ел біріншілігі өтетін болса әр салмақта 25-26 спортшыдан болады. Ал қысқы спорт түрінде осындай бұқаралық сипат бар ма? Осы жолы біздің бапкерлер Надежда Морозова, Дмитрий Морозов, Денис Кучин өнер көрсеткен конькимен өнер көрсету бағдарламасында резервтегі ізбасарлар жоқ екенін айтты. Бұл қазіргі қолда бар материалдармен ғана жұмыс істеп жатқанымызды аңғартады. Егер мемлекет Ванкувер, Турин оның алдындағы Солт-Лейк-Сити олимпиадаларындағы нәтижеге көңіл бөлсе, қазір соның жемісін жеп отыратын едік. Солт-Лейк-Ситидан бері 20 жыл өтті, ал біз сол орында қалдық", – дейді ол.
"Балалар спортын дамытпай, жетістікке жете алмаймыз"
Арыстанбек Мұхамедиұлы қазіргі таңда елімізде спорттық кешендердің көптеп салынып жатқанын алға тартады. Сонымен қатар Қазақстанда мүмкіндік көп деген ол мұның барлығын жұмылдыра ұйымдастыру мүлдем басқа шаруа дейді.
"Біз Щучинск қаласында қандай керемет үлкен спорт комплексін салдық. Алматыда да трамплин тұр, бірақ ол біресе жұмыс істеп, біресе істемейді. Сол себепті елімізде спортшылардың дайындығына жағдай жасалмаған деу дұрыс емес. Бұл жердегі басты мәселе – оларды ұйымдастыра отырып, жұмылдыру. Үлкен мәселе осында жатыр", – дейді экс-министр.
Спорт журналисі Есей Жеңісұлы еліміздегі спортты дамытуда легионерлерді шақыруды доғарып, Норвегияның жолын ұстануымыз қажет деп санайды. Норвегияның олимпиаданың жалпы есебінде16 алтын, 8 күміс, 9 қола иеленіп алғашқы орында тұрғанын жоғарыда айтып өттік.
"Норвегияның халқы аз екеніне қарамастан осындай дәрежеге қалай жеткеніне үңіліп қарауымыз керек. Яғни балаларды жастайынан мамандардың көмегімен дайындау арқылы спортқа баулуымыз қажет. Бізде өте әлеуеті зор талантты балалар бар да қайда барарын білмей қалады. Сондықтан оларды бала жасынан алып келіп және Норвегия мен Жапонияның методикасын пайдалану маңызды. Бұл дегеніміз 12 жасқа дейінгі балаларды бір-бірімен бәскелестірмей керісінше сауықтыру мен көңіл-көтеретін нәрсе ретінде көрсетіп, 12 жастан бастап нағыз додаға салу. Біз қолда барды өзіміз пайдалана алмаймыз. Сонша спорт кешендерін салып қойдық, бірақ оның ішінде жүгіретін адам болмаса, мылтық ататын адам болмаса ол кімге керек?! Осыны ойлануымыз қажет", – дейді Есей Жеңісұлы.
Жеңісұлы сондай-ақ жаңа Қазақстанды спорт саласында да құру қажеттігін баса айтады.
"Біз спортшыларымызға шетелге бару үшін қыруар қаржы бөліп, оның құмға сіңген судай болып кеткенін көріп отырмауымыз керек. Керісінше сол ақшадан нәтиже талап етуіміз тиіс. Жаңа айтып өткенімдей балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөліп, іргетасын жақсы қалап алмай бізде ешқандай нәтиже болмайды", – дейді ол.
Қазақстанда қысқы спорт түрі неліктен тұралап қалды?
1998 жылғы Жапонияда өткен қысқы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашева спортшыларды дайындық үшін шетелге жіберуді және оған ақша бөлуді доғару қажет деп санайды. Сонымен қатар ол қазақстандықтарды қысқы спорт түрлерін жазғы спорт жарыстарымен салыстырмауға шақырды.
"Біз бұл мәселені айтып келе жатқанымызға қанша уақыт болды. Елімізге спорттық инфрақұрылым қажет. Оны өзгерту қажет. Біздің конькишілер мен биатлонистер өзіміздің елде жаттығудың орнына шетелге шығып кетеді. Бізде де салынды ғой, Шучинск қаласында тұр тамаша кешен, тауға шыққың келсе Алматыға бар. Еуропада барлық спортшылар өз елдерінде дайындалады. Олар тек өзге елге жарысқа қатысу үшін ғана барады. Біз елімізде қысқы спорт түрлеріне жаңа серпін береміз десек, онда спорт түріне жауапты басшылықта жылдап отырған тұлғаларды ауыстыруымыз керек", – дейді Прокашева.
Ардагер спортшы Бейжіңдегі олимпиадада барын салған спортшыларды сынаудың орнына оларға алғыс айтуымыз керек деп санайтынын жеткізді.
"Бізде олимпиадаға дайындау орталығы мүлдем ыдырап кетті. Спортшыларға резерв жоқ. Сол себепті биылғы спортшыларымыз еліміз үшін де өздері үшін де үлкен нәтиже көрсетті. Бізде жауапты биліктің басында тек қалтасын ғана ойлайтын басшылар отырғанда ешқандай нәтиже де медаль да болмайды", – деп түйіндеді Людмила Прокашева.
Еске салайық, Бейжіңдегі олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің құрамасының туын ұстаушылар шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдова тарихи образбен шыққан еді. Олар Сақ патшайымы Томирис пен қазақ батырының кейпінде ел алдына шыққан.
Сонымен Қазақстанның олимпиада командасы киген форма да көпшіліктің көзін қыздырған. Ел тарихында алғаш рет мемлекет атауы қазақ тілінде – "QAZAQSTAN" деп жазылған форма аспан астында өткен қысқы жарыстағы әдемі формалардың қатарында болған.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через