Қант қосылған тәтті сусындар бағасы 80 пайызға өсуі мүмкін

Қант қосылған тәтті сусындар бағасы 80 пайызға өсуі мүмкін

Алкогольсіз шырын өндірушілерге 45%-дық акциз енгізілсе, 17 мың адам адам жұмыссыз қалады.  Осыдан бірнеше ай бұрын Денсаулық сақтау министрлігі тәтті алкогольсіз сусындарға акциз енгізуді ұсынды. Осылайша сала мамандары семіздік сынды аурулардың алдын алып, салық арқылы мемлекетке де кіріс кіреді деп есептейді. Алайда алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығы мұндай шараның тиімсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz. Қауымдастық президенті Әлия Мамытбаева Қазақстанда 2023 жылға қарай құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарға акцизді 15%-дан 45%-ға дейін біртіндеп ұлғайту жөнінде бастамаға мүлде қарсы.  «Ұсыныс Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен «Салауатты өмір салтын қалыптастырудың жаңа тәсілдері бойынша 2022-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға» енгізілген. Акцизді енгізудің негізгі дәйегі – жүрек-қан тамырлары ауруларына, қант диабетіне және семіздікке әкелетін тәтті сусындарды шамадан тыс тұтынуын алдын алу. Алайда шын мәнінде сусындар отандастарымыздың күнделікті ас мәзірінің 2% үлесін ғана құрайды. Ал халықтың құрамында қанты бар нан өнімдері мен таза қанттың өзін тұтыну көлемі анағұрлым жоғары екенін баршамыз білеміз. Бұл салауатты өмір салтын қалыптастырудың жолы емес, еңбек етіп отырған өндірушілер арқылы пайда табудың тәсілі», – дейді қауымдастық басшысы.  Сарапшының айтуынша көптеген дамыған ел мұндай акциздерден бас тартқан. Себебі оның бизнес пен халық денсаулығы үшін тиімсіз екенін ұққан. Ал Қазақстан мұндай шараларды енгізген Кеден одағындағы бірінші ел болуы мүмкін. «Денсаулық сақтау саласының мамандары алкогольсіз сусындардың бағасы көтерілсе, халық оларды аз ішеді деп есептейді. Семіздік және өзге де аурулардың негізгі себебі сусындар емес, тұз бен трансмайлары көп тағамдарды тұтыну, қозғалыстың жоқтығы», – дейді Әлия Мамытбаева. Елімізде орта есеппен алғанда әр қазақстандық жылына 49 литрге дейін қант қосылған тәтті сусындар ішеді. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 41% -ға төмен. Мәселен семіздік дерті үдеп тұрған АҚШ сынды елдерде әр адам жылына 280 литрден аса сусын тұтынады.  «Сондықтан шырын өндірушілермен күреске күш салмай, назарды дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға, белсенді өмір салтын насихаттауға аудару маңызды»,– деп есептейді қауымдастық президенті.  Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтің сөзінше елімізде алкогольсіз сусындар саласында 431 компания еңбек етеді. Олардың 14%-ы өндірушілер, қалғандары дистрибьюторлар. Сусындар өндіру мен таратудағы шағын және орта бизнес үлесі 95%-ды құрайды.  «Жаңа ереже бірінші кезекте осы компанияларға кері әсер етеді. Республикадағы өндірістің төмендеуі отандық нарықта шетелден әкелінген өнімдердің көбеюіне ықпал етері сөзсіз. Сонымен қатар салада еңбек етіп жүрген жұмысшылар саны қысқарады», – дейді палата директоры. Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, акциз енгізілсе негізгі салада еңбек ететін 2534 адам, ал осы сектормен байланысты бағытта жұмыс істейтін 14 мың қызметкер далада қалады.  Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, елімізде 30% акциз енгізу өндірістің 40%-ға төмендеуіне әкеледі.  «Өзгеріс сатылымның төмендеуіне, өндірушілердің кірісі мен негізгі капиталға инвестициялардың азаюына ықпал етеді. Алымдар 45%-ға жеткенде өндіріс шамамен 43%-ға төмендейді, құрамында қанты бар өнімдердің құны 41%-дан 80%-ға дейін өседі. Сондықтан мұндай ереже қабылдамас бұрын дәйекті зерттеулер жүргізу керек», – деп қорытындылады Әлия Мамытбаева.
https://inbusiness.kz