Өзгеріс кәсіпкерлер шотына түсетін мобильді төлемдерге қатысты

Өзгеріс кәсіпкерлер шотына түсетін мобильді төлемдерге қатысты

Өзгеріс кәсіпкерлер шотына түсетін мобильді төлемдерге қатысты

Өткен аптада Сенат мақұлдап, мемлекет басшысының қол қоюына жіберілген, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер арасындағы «мобильді төлем» деген жаңалық  бар еді. Осы жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырып, ел арасында «бүкіл аударымдарға салық салынады екен» деген пікір тарап жатыр. Алайда мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары жеке аударымдарға ешқандай салық салынбайды деп мәлімдеді.

Қазіргі кезде тауар мен қызмет ақысын мобайл қосымша арқылы төлеп,  сатушы немесе қызмет көрсетушінің шотына ақша аудара саламыз.  Ал мұндай транзакция кәсіпкер есебінде көрсетілмейді, сәйкесінше кәсіпкер осы табысынан салық та төлемейді.  Енді Үкімет осы мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу және көлеңкелі экономикадағы үлесін азайту үшін Салық кодексіне тағы бір төлем түрі – «мобильді төлемдер» енгізбек.

Салық кодексінде не өзгереді?

Бүгінде қызмет пен тауар ақысын төлеу әдісі ретінде Салық кодексінде төлемнің тек екі түрі қарастырылған: қолма-қол ақша және POS-терминалдар арқылы картамен төлеу. Үшінші нысан енгізілгеннен кейін банктердің мобильді қосымшаларында аударымның жеке түрі – «мобильді төлемдер» пайда болады. Олар онлайн бақылау-касса машинасы (БКМ) арқылы өтеді, яғни клиентке фискалды чек беріледі.

Ресми мәлімет бойынша, заң күшіне енген соң, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымы туралы ақпарат алмасу үшін банктер мен мемлекеттік кіріс оргардары арасындағы өкілеттік те кеңейтіледі.  Бұл кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу тәртібін жеңілдетуге, тиісінше салық төлеу кезінде тоқсандық, жартыжылдық есеп жасауға, сол арқылы олардың салық тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді.

«Салық заңнамасына мобильді аударымдарды пайдалануға қатысты енгізілген өзгертулер, жеке тұлғалардың жеке аударымдарын кәсіпкерлік мақсатта жүзеге асырылатын мобильді төлемдерден  бөліп қарастыруға бағытталған. Олар бизнес қауымдастық және банктермен бірнеше рет талқыланды. Бұл бастамалардың мақсаты цифрлық кеңістікте бизнесті дамытуды көздейді, қолма-қол ақшаға көшуді мүлдем көздемейтінін ескеріңіз» делінген мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада.

Оған қоса, барлық мәліметтер мемлекеттік кіріс органдарына беріледі екен деген ақпарат та негізсіз дейді мамандар. 

 

«2022 жылдан бастап банктерден тек кәсіпкерлік шоттарына түскен төлемдер туралы ақпарат алу жоспарлануда. Сондықтан, жеке аударымдарға салық салынбайды. Ал егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, салық салу бойынша өзіңізге ыңғайлы режимді таңдай аласыз. Мысалы, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Бұл режим табысы жылына 10 миллион 300мың теңгеден аспайтын жағдайда ғана қолданылады.  Ал кассалық аппараттарға қатысты, қазір бірнеше мобильді қосымшалар бар. Кәсіпкер онлайн кассаның мобильді нұсқасын жүктеп алып, заңды түрде пайдалана алады. Ал салық есептілігі e-Salyq Business қосымшасын енгізу арқылы автоматты түрде жасалады. Бұл шаралардың барлығы бизнесті жүргізуді одан әрі жеңілдетуге бағытталған» делінген хабарламада.

Мемлекеттік кірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отар  салық мобильді аударымдарға емес, мобильді төлемдерге ғана салынатынын айтады.

«Мысалы, кәсіпкерге күніне 100-ден аса аударым жасалса, біз оны арнайы бақылап, анықтайтын боламыз. Үнемі, үздіксіз, күніне 50-100 рет аударым жасалса, ол адамның кәсіпкерлікпен айналысатынын білдіреді. Біріншіден, бұл заңға әлі қол қойылған жоқ. Екіншіден, қазір шулап жатқандар жеке көлігімен жолаушы тасымалдап ақша тауып жұргендер. Сонда базарда етік тігіп отырған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адам салық төлеп, ал таксистер салықтан жалтаруы керек пе? Сондықтан кез келген табыс тапқан адам табыс салығын төлеуге міндетті» дейді Олжас Отар.

 Мобильді қосымша арқылы былтыр  – 35 трлн теңге, биыл 43 трлн теңге ақша аударылған. Оның басым бөлігі қызмет пен тауар ақысы болуы ықтимал.

«Кез келген қызмет пен тауар ұсынған адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Бұл жаңа шыққан заң емес, бұрыннан келе жатқан талап. Бұл жерде дау тудырып отырған жайт – қолма қол төлем кезінде, одан салық ұсталмай, көлеңкелі экономика үлесіне кіріп, көрінбей қалатын. Енді банк қосымшасы арқылы ақша аударған кезде, екі бастырма тұрады: аударым мен төлем. Сіз мақсатын белгілейсіз: жай аударым ба, әлде қызмет пен тауар ақысы – мобилды төлем бе?» деді маман.

 Айта кетейік, мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығын төлеуден босатылған.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев төлемді мобильді аударым арқылы алып, салық төлемейтін кәсіпкерлер қалай анықталатынын түсіндірген еді.

Оның айтуынша, мұндай бизнесмендерді арнайы ақпараттық жүйе анықтайды.

«Тәуекелдерді басқару жүйесін жасаймыз. Мәселен, тәуекелдердің бірі – бір күн ішінде адамға түрлі көздерден ақша түсуі. Егер бұл жағдай бірнеше күн, айлар бойы жалғасса, салық органдары назар аударып, жеке тұлғамен одан әрі жұмыс істеуі керек»  деді Сұлтанғазиев.

Мәтіндегі ақпарат туралы