Жыл сайын елімізде шамамен 300 мың тонна шитті мақта жинайды және жылына 65-70 мың тонна мақта талшығы өндіріледі. Қазіргі уақытта мақта талшығының 85%-ы шетелге экспортталады, ал қалған 15%-ын отандық кәсіпорындар өңдейді.
Одан иірім жіп, мата, киімдер шығарылады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев редакциямызға берген сұхбатында отандық өнеркәсіпті дамытудың тетіктері туралы әңгімелеп берді.
- Еліміз бойынша өзіңіз басқарып отырған саланың жылдық импортының көлемі қанша? Оны азайтудың қандай тетіктері бар?
- 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі салаларының импорты 38,3 млрд доллар, ал министрлік жетекшілік ететін салалардың импорты шамамен 31,8 млрд доллар көлемінде болды.
Импортқа тәуелділік деңгейін төмендету үшін жүйелі шараларды, реттелетін сатып алуды қатаңдатуды және импортты алмастыратын жобалар пулын іске асыруды қамтитын Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы әзірленді.
- Жақында іске асырылып жатқан және перспективалық инвестициялық жобалардың шамамен 700-ден астам пулы жасалғанын айттыңыз. Бұл жобаларға қаржы қайдан келеді, инвестиция салғысы келетіндер бар ма?
- Бүгінгі таңда талдау қорытындылары бойынша министрлік облыстардың, сонымен бірге Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп өңдеу өнеркәсібі саласында 131 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 20 трлн теңге болатын 700-ге жуық жобаның тізбесін анықтады.
Жалпы жоғарыда аталған жобаларды іске асыру шетелдік инвестициялар, екінші деңгейлі банктердің қарыз қаражаты, даму институттарының, сондай-ақ өз қаражаты есебінен қаматамасыз етіледі.
- Әрине, отандық өнеркәсіпті дамытамыз десек, шикізат көлемі жеткілікті екені анық. Дегенмен өңдеу мәселесі, өзіңіз айтқан мақта, жіп, мата, тоқыма бұйымдарын өңдеуде біздің зауыттардың мүмкіндігі шектеулі ғой. Оны қалай шешесіздер?
- Жыл сайын елімізде шамамен 300 мың тонна шитті мақта жиналады және жылына 65-70 мың тонна мақта талшығы өндіріледі. Қазіргі уақытта мақта талшығының 85%-ы шетелге экспортталады, ал қалған 15%-ын отандық кәсіпорындар өңдейді. Одан иірім жіп, мата, киімдер шығарылады.
Тоқыма өнеркәсібін дамыту мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.
- «Оңтүстіктің» ондай мүмкіндігі бар ма?
- «Оңтүстік» АЭА-да ерекше салық режимі қолданылады, оған сәйкес осы аймақтың қатысушылары «Оңтүстік» АЭА аумағында өткізілетін мүлікке, жерге салынатын салықты, корпоративтік табыс салығын, тауарларға қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Коммуналдық қызметтерге (газ, су, электр энергиясы) тиімді тарифтер, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген ережелерін қолдану сияқты артықшылықтары бар.
«Оңтүстік» АЭА-да жұмыс істей бастағаннан бері жалпы инвестиция сомасы 29 млрд теңге болатын жеңіл өнеркәсіптің 20 жобасы іске асырылды, 1 612-ден астам жұмыс орны ашылды.
Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіпті қолдау өнім экспортын дамыту, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, тауарларды ішкі нарықта ілгерілету, «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру және басқа да өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған жүйелі шаралар шеңберінде көрсетіледі.
- Яғни, барлығын бір орталыққа негіздеп отырсыздар ғой?
- Солай деуге де болады. Оның сыртында, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға сәйкес өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар, оның ішінде офтейк-келісімшарттар жасасу көзделген. Бұл оффтейк-келісімшарттар тауарларды, оның ішінде өндірісі мен жүзеге асырылуын өнім беруші ел аумағында ұйымдастыратын өңдеуші өнеркәсіптің жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінде ұзақ мерзімді кепілдендірілген сатып алуды көздейді.
- Оның тиімділігі қандай?
- Оның тиімділігі сол – заңда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың жаңа шарасы өнеркәсіптік гранттар беру көзделген.
- Ол гранттар кімдерге беріледі? Кімдер ала алады дегенім ғой.
- Бұл қаржылай гранттар өңдеуші өнеркәсіптің жұмыс істеп тұрған субъектілеріне беріледі.
- Баяғыдай аты бар да, заты жоқ, тамыр таныстықпен грант иеленуге мүмкіндік жоқ дейсіз ғой.
- Дәл солай. Отандық кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, жұмыс орындарын сақтау үшін барлық жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен алып тастау 2 жылға белгіленді.
Саланы дамытуды қосымша ынталандыру үшін арнайы экономикалық аймақтар қызметінің басым түрлерінің тізбесіне жеңіл өнеркәсіп салалары енгізіліп жатыр.
- Осы орайда, жаңағы тамыр-таныстықпен грант алатындар, есеп беруге келгенде «бармақ басты, көз қыстыны» көбірек жасайтыны белгілі. Оны қалай тоқтатамыз?
- Көлеңкелі импортты, контрафактілік өнімді қысқарту мақсатында жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіптің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, шикізат базасын және шикізатты қайта өңдеуді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары, саланы кадрлық қамтамасыз ету, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін отандық өндірушілердің қуаттарын ұлғайту, инвестициялар тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту мәселелерін қамтитын Қазақстан Республикасының Жеңіл өнеркәсібін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы мемлекеттік органдардың (ИИДМ, ҰЭМ, АШМ, БҒМ, ДСМ, АҚДМ, СІМ, ИСМ) бірлескен бұйрығымен бекітілді.
- Биыл жазда кәсіпкерлікті қолдау бойынша гранттар беру жобасы басталатынын айттыңыз. Оның талаптары, көлемі, нақты кімдерге берілетіні және қанша кәсіпкерді қамтуды көздеп отырсыздар? Осы туралы тарқатып айтсаңыз.
- Өнеркәсіптік гранттың жалпы көлемі бір кәсіпорын үшін 750 млн теңгеге дейін және жалпы қаржыландыру сомасы 50%-ға дейін болады.
Өнеркәсіптік гранттар технологиялық жабдықтар паркін жаңарту үшін жаңа жабдықтар сатып алуға, озық технологиялар трансферті арқылы жаңа технологияларды жетілдіруге және енгізуге, жаңа өндіріс құру үшін технологиялық желі сатып алуға, өндірістің технологиялық процестерін автоматтандыруға және диспетчерлендіруге беріледі.
Жалпы бұл гранттар отандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне беріледі.
«Енді қанша кәсіпорынды қамтуды көздеп отырсыз?» деген сұраққа келетін болсақ, кәсіпорындардың саны шектелмейді. Егер осы өнеркәсіптік гранттар беру қағидаларының барлық талап-шарты орындалатын болса, кез келген кәсіпорын осы гранттарға ие бола алады.
- Жоғарыда атап өткен 700 жобаға қайта оралайықшы. Бұл қандай талаптар бойынша анықталды? Егер шын мәнісінде елде осынша жоба бар болса, неге біз импортқа тәуелді болып отырмыз?
- Жалпы осы жобалар пулына қосылу үшін ең басты критерий – өңдеу өнеркәсібі жобасының болуы. Сонымен қатар жобаларды қарау барысында басымдық импортты алмастыратын жобаларға, экспорттық әлеуетті ұлғайтатын жобаларға беріледі.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через