фото: pexels.com
Қазақстанда интернет алаяқтардың айласы таусылар емес. Солардың бірі Әйгерім Раметова OLX-та телефон сатамын деп бәлеге қалған. Ақырында ақшадан ұтылған ару stan.kzтілшісіне басынан өткенін баяндады. Сондай-ақ сарапшы Жаннұр Қуандық Kaspi.kz магазині арқылы қандай алаяқтық схемалар қолданылып жүргенін айтып берді.
Фото Stan.kz коллажы
Алматылық Әйгерім Раметова OLX қосымшасын жетік меңгермегені және қаржылық сауаттылығы болмағаны салдарынан айлакердің құрығына түскенін айтады.
"Қосымшада тауарды сатуға немесе сатып алуға қатысты нақты тәжірибем болмағандықтан алданып отырмын. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болдым. Бұдан әжептеуір сабақ алдым", – дейді алматылық ару.
Әйгерім Раметованың айтуынша, ол телефонын сатуға бел буған.
"Бір күні телефонымды сатамын деп шешім қабылдадым. Тез сатылып кеткенін қалағандықтан OLX-тағы хабарландыру бөліміне салдым. Бастапқыда iPhone 11 Pro моделін 350 000 теңгеге сатамын деп жарнамаладым. Хабарландыруды жариялаған күні ешкім хабарласпады. Келесі күні бейтаныс бір қыз хабарласып, өзінің Ақтөбеден екенін айтты. Сол қалаға жеткізу қызметінен жібере аласыз ба деп сұрады. Алыс аймақ болғандықтан, бас тартуға тура келді. Себебі поштадан жіберуге уақыт тапшы еді. Телефонды аламын десеңіз, Алматыға келіңіз деп айттым. Артынша ол үшті-күйлі жоғалып, жазбай кетті. Кейін мұның алаяқтықтың бір түрі екенін білдім", – деді Әйгерім Раметова.
Бұдан кейін Әйгерім тағы бір қыз WhatsApp желісінде хабарласқанын айтты.
"Аватарында баласымен түскен фотосы тұрғандықтан сенім ұялатты. Ол менен телефонның бағасын және сапасын сұрады. Өзі де Алматыда тұрамын, кездесіп алып кетемін деді. Алайда ол кезпеспей тұрып, iCloud-тың мекенжайын өзіне ауыстырып алғысы келетінін алға тартты. Ол егер iCloud менде ашылса телефоныңызды аламын деп айтты", – деді Әйгерім.
Фото видеокадрдан алынған / Әйгерім Раметоваға жазған алаяқтың хабарламасы
"Сол уақыттағы сенгіштігімнің кесірінен ол кісінің iCloud-ын телефоныма жаздым. Сол мезетте-ақ менің iCloud-нан бірден шығып кетті. Оны тек кейін түсіндім. Себебі iCloud-ты жазған кезде ол телефон басқа біреудің меншігіне өтіп кетеді. Алданғанымды түсінген соң, іле-шала мән-жайдың қалай болғанын сұрадым. Ол қыз ақша сұрап, мені бопсалай бастады. iCloud паролі керек болса, түнгі 00:00-ге дейін 50 мың теңге жіберуімді талап етті. Оған менде қазір мұндай ақша жоқ екенін айттым. Ол кісі маған "бұл сіздің проблемаңыз" деп шорт кесті. Ізінше телефонымды бұғаттап тастады. iPhone-да мұндай қызметтің барын кейін білдім", – деді айлакерге алданған кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, "телефонымды жоғалтып алдым" деген бөлімді таңдай отырып, ары қарай "құрылғыны бұғаттау" немесе "құрылғыны өшіру" батырмасын басқан кезде бәрі автоматты түрде блокқа түседі.
"Алданған күннің ертесі "мүмкін ақша беріп, бұғаттаудан шығарып алармын" деген ой келді. Әйтсе де бұл ойым дұрыс емес екенін түсіндім. Бұдан кейін іштей асып-састым. Алдандағаныма, ақымақ болып қалғаныма қатты өкіндім. Өзімді жегідей жеп, кірерге тесік таппадым. Себебі қажет құжаттар мен жұмыстардың бәрі телефонда сақталған еді. Ешкіммен байланыса алмай, келесі күні ұялы телефон жөндеу қызметіне бардым. Ондағылар "қанша ақша берсеңізде, толық іске қосылып кетеді деп кепілдік бере алмаймыз" деп анығын айтты. Ойлана келе, сол жердегі бір жігітке телефонымды қалдырып кеттім. Ол 300 доллар беріңіз, ашылмаса кейін қайтарып береміз деді", – деді Әйгерім Раметова.
Әйгерім Рахметова жөндеу қызметіндегі жігіттің бұл ойына сенімсіздік танытқан.
"Сөйтіп Apple орталығына хабарлама жаздым. Барлық мән-жайды түсіндіріп, жазып жібердім. Бірақ олар менен фискалды чек сұрады. Негізі телефонды Kaspi.kz дүкенінен сатып алған едім. Интернет-дүкен фискалды чек бермеді. Чек болмағандықтан, Apple орталығы ешқандай көмек бере алмады. Смартфонды бірнеше ай қолданбай, кейін сатып жібердім. Бірақ 3 есе төмен бағаға сатылып кетті. Өтірік айтпасам, 80 мыңға сатылды", – деді алданған кейіпкер.
Ол адамдарға мұндай алаяқтар жазған кезде ойланып, жан-жағына зерттеу жасап қана алу керек екенін жеткізді. Кейін Әйгерім жаңа телефон алған сәтте WhatsApp-қа OLX-тан ескерту келгенін еске алды.
"Олар қалай, қай кезде алаяқтарға алданып қалмаудың жолдарын фото-суретпен жіберген. "Сақ болыңыздар!" деген хабарлама келді. Егер бұған дейін ескертулер келсе, жағдай мүлде басқаша болар еді. Өкінішке қарай, болары болып, бояуы сіңіп кетті. Бәрі кеш болды", – деді Әйгерім Раметова.
Ал Kaspi.kz сарапшысы Жаннұр Қуандық интернет-дүкені бар, бірақ жұмыс істей алмайтын адамдардың қалай алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын айтып берді.
"Көбіне ауыл аймақта тұратын адамдар интернет-дүкен ашып алып, ақыр аяғында жұмыс істей алмайды. Себебі ауылдар мен аудандарда Kaspi.kz дүкенінің қоймалары жоқ. Осылайша, адамдар басқа амалы қалмағандықтан, әлдебіреуге жалға беруге тырысады. Жалға алуға ұсыныс тастаған адам дүкен иесіне күніне 100 000, 200 000 теңге, кейде 500 000-700 000 теңгеге дейін ақша түсіп тұрады, "біз қолма-қол ақша (обналичка) жасаймыз, 3% салығыңызды бөлек толып отырамыз деп дүкен иесін арбайды. Сонымен қатар айласын асырғандар жеңілдетілген несиемен ашылған кәсібіңізді (ИП) де қалт жібермейміз деп сенімге кіреді.
Осы тұста сарапшы алаяқтардың жеке кәсіпкермен қоса тауар сатып алушыларды да қалай алдайтынын айтып берді.
"Мысалы, Kaspi Red арқылы адамдар қолма-қол ақша алу үшін, алған сомасының 10%-ын дүкен иесіне беріп отыратын. Клиент Kaspi Red-ке 50 000 теңгеге кредит ресімдеп, кейін дүкен иесіне 5000 теңгені ұстап қалуын сұрайды. Сонда клиент жалпы 45 000 теңгені өзіне шешіп алады.
"Қазір бұлай ақшаны шешіп алу бөліп төлеу (рассрочка) жүйесінде де пайда болған. Азаматтар интернеттен осындай жүйемен ақша шешіп беретін адамды тауып алып, дүкенінен тауарлық несие ресімдеуге келіседі. Жеке кәсіпкерден дүкенді жалға алған алаяқ 1 миллион теңгенің тауарын ресімдеп, өз қызметі үшін 100 мың теңге аударуын сұрайды. Бұл тұста тауар алушы қолына 900 мың теңге аламын деп ойлайды. Алаяқ тауарды қашықтан төлеу жүйесімен (удаленная оплата) клиентке жібереді. Осылайша, тапсырыс беруші онлайн тауарды ресімдейді. Ақыр аяғында клиент ақшадан да тауардан да айырылады. Kaspi дүкенде тауарлық несиені клиент құр босқа төлеуіне тура келеді
Жалғыз адам мұны істей алмайды. Олар 5,6 немесе 10-нан аса адамнан құралған топта істейді. Алаяқтардың әрқайсысы түрлі Kaspi банкоматтың түбіне барып тұрады. Ақшасын шешуге келген басқа адамға өтініш айтады. "Өтініш, міне сізге әпкем немесе анам ақша аударады. Соны шешіп бересіз бе? Мен сізге рахметім үшін 10 мың, 15 мың немесе 20 мың теңге беремін" деп айтады. Бұдан соң клиенттер полицияға арыз жазады. Ал арыз дүкеннің нағыз иесіне барып түседі", – деді сарапшы Жаннұр.
Сарапшының сөзінше, жалға берушілер уақыт өте келе, қалай 100 миллион теңгеге алданғанын білмей қалады.
"Жылдық айналымды 140 миллион теңгеге жасап, оған алданған кісілер де болды. Жеңілдетілген несие заңнамасында жылдық салық мөлшері 69 миллион теңгеден аспау керек. Себебі бұл шектен асып кетсе, дүкен иесі 12% қосылған кұн салығын (НДС) және қосымша айыппұл төлейді. Айыппұлды жұмсалған қаражатқа байланысты төлеуі керек. Өкінішке қарай, Kaspi мұндай заң бұзушылықты байқаса, бірден кәсіпкерді бұғаттап, қара тізімге қосады. Бұдан кейін дүкен иесі басқа да кәсіп ашуына тосқауыл қойылады", – деді Жаннұр Қуандық.
Сарапшылар алаяқтардың арбауына түспес үшін осындай жолмен ақша шешіп алмауға кеңес береді.
Интернет алаяқтарға алданбау үшін мына кеңестерді естен шығармаңыз:
- Сақ болыңыз және хабарландырулардың контекстіне, сілтеме атауына және басқа нәрселерге назар аударыңыз!
- Белгісіз тұлғаларға банктік карталарыңыздың деректемелерін және төлем қызметтерін тексеру кодтарын алдын ала айтпаңыз, сондай-ақ алаяқтар сізге қарсы пайдалануы мүмкін басқа деректерді бермеңіз.
- Банк картасының деректерін күмәнді сайттарға, сондай-ақ қоғамдық жерлерде пайдаланатын компьютерлерге енгізбеңіз.
- Western Union және басқа анонимді төлем жүйелері арқылы төлем жасамаңыз!
- OLX арқылы сауда жасағыңыз келсе сатушылармен осы платформаның ішінде хат алмасыңыз!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через