фото: Бақ кз
Машина жасау – ел дамуындағы маңызды салалардың бірі. Бүгінде Қазақстанда бұл салада айтарлықтар жетістіктер бар. Мәселен, 2022 жылы өнім шығару көлемі 3,1 трлн теңгеге жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 31%-ға өскенін көрсетіп отыр.
Қазақстанның машина жасау саласы қалай дамып жатыр? Оның бүгінгі жай-күйі қалай? Саланы дамытуда қандай жобалар қолға алынып жатыр? Осы салаға шолу жасап көрейік.
Машина жасау саласында қандай өзгеріс бар?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов Қазақстан өнеркәсібінде машина жасау 6 пайызға жеткенін айтқан болатын.
Машина жасау - кез келген индустриялық дамыған мемлекеттік экономиканың маңызды саласы. Жабдықтар, машиналар, станоктар, аспаптар, сондай-ақ халыққа арналған тауарлар өндіріледі. Машина жасау экономикалық барлық негізгі салалар қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні Қазақстан өнеркәсібінде машина жасау 6 пайызға жетті. Бұл ЖІӨ-нің шамамен 1,5 пайызы ғана, - деді ол.
Салыстырып қарасақ, дамыған елдерде өнеркәсіпте өндірілетін өнімнің үлесі орта есеппен 30%-дан 50%-ға дейін болады. Қазақстанның машина жасау саласында қазіргі таңда 3 800 кәсіпорын қызмет етеді. Статистикалық мәліметке сәйкес, бұл кәсіпорындарда 116 мың адам жұмыс істейді.
2022 жылы өнім шығару көлемі 3,1 трлн теңгеге жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 31%-ға өскенін көрсетіп отыр. Бұған 2022 жылы құны 230 млрд теңгеден 250 инвестициялық жобаны іске қосу ықпал етті. Жыл басындағы үш айдың қорытындысын бойынша сала өнеркәсіптегі көшбасшылардың бірі болды. Өндіріс 36%-ға өсті. Көлемі 829 млрд теңгеге жетті. Саланың өсімі 135% болды.
2023 жылы салада құны шамамен 230 млрд теңге болатын 36 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішіндегі ең ірі жобалар – жүк автомобильдеріне арналған компоненттерді өндіретін «KamLitKZ» өнеркәсібі, шойын құю зауыты, жел энергетикалық қондырғыларына арналған мұнаралар өндіретін зауыты, тұрмыстық техника шығаратын зауыт және т.б., - деп атап өткен болатын Ілияс Оспанов ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Бұған дейін машина жасауда дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасы қабылданған болатын. Бүгінгі күні саланы дамытудың белгіленген стратегиясын ұстану мақсатында 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, іске асырылып жатыр. Осы Жол картасы шеңберінде Өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасы әзірленіп, қабылданды және Өнеркәсіптік даму қоры құрылды.
Сонымен қатар машина жасау саласына мемлекеттен қаржы бөлу қаралмаған еді. Саланы одан әрі дамыту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес машина жасауды дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Ол саланы дамыту үшін базалық жағдайларды жақсарту, ішкі нарықта отандық өнімді ілгерілету, машина жасау өнімдерінің экспортын ынталандыру және дамыту жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған машина жасауды дамытудың стратегиялық құжаты.
Машина жасау мен бизнес
Қазақстан машина жасаушылар одағының атқарушы дирекциясының директоры Өмірсерік Ержанов саланы дамыту үшін шағын және орта бизнесті қолдау керегін айтты.
Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау қажет. Ол үшін толыққанды шаралар қабылдау керек. Бизнес ортаның дамуы баршаға тең болуы тиіс. Қазақстанда ірі компаниялар бар. Біздің машина жасау кәсіпорындары шығарған құрал-жабдықтар сұранысқа ие болуы тиіс. Осы мақсатқа жету үшін жаңа ұранға сәйкес ғылымды дамытып, одан әрі инновацияны келтіру үшін жаңа технологияларды кіргізу керек. Ол үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жалғастыруымыз керек, біз соны қайта жаңғыртуды ұсындық, – деді Өмірсерік Ержанов ОКҚ-дағы брифингте.
Оның сөзінше, бұл дамудың негізгі факторына айналады. Өйткені технологияны жаңғыртпасақ, инвестор келмейді, өзіміз де дами алмаймыз, өндірілген өнімнің сыртқа шығуы түгілі, ішкі нарықта да өтуі қиын болады. Сондықтан бұл басты міндет болуға тиіс.
Келесі мәселе – сала үшін әрі ұзақ уақытқа, әрі арзан қаржы көздерін табу. Барлық қаржы орталықта, оны әркімнің қол жетіп алуға шамасы жоқ. Осы қаржының қолжетімділігі мәселесін шешу үшін Қазақстан даму банкі төрт өңірде филиал ашуға ниетті, – деді машина жасаушылар одағының өкілі.
Сонымен қатар спикер машина жасау кәсіпорындары үшін офтейк шарттарының тиімділігі туралы айтты. Машина жасау кәсіпорындары осы шарт аясында 3-5 жылға тапсырыс алса, өзінің жоспарын жасап, өзіне жаңа құрал-жабдықтар алады, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылады және жұмыс істеп жүрген жастарды шетелге жіберіп, оқытып, өзінің технологиясын дамыта алады, деп түйіндеді спикер.
Машина жасау: Кешенді жоспар
Премьер-министр Әлихан Смайылов Машина жасау саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңес өткізкен болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл құжат бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс саланың одан әрі дамуына үлкен серпін беруге тиіс. Оны дайындау кезінде бизнестің, атап айтқанда, Қазақстан машина жасаушылар одағының ұсыныстары ескерілді.
Кешенді жоспар отандық өндірушілерді қолдауға және машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған 83 іс-шараны қамтиды. Онда жалпы жүйелік, сондай-ақ секторлар бойынша нақты шаралар (тау-кен металлургиясы, теміржол, мұнай-газ, энергетика, электр техникасы, ауыл шаруашылығы машинасын жасау, автомобиль жасау, әуе кемелерін жасау) айқындалған.
Жоспардың негізгі мақсаты – машина жасау саласындағы жалпы қосылған құнның 4,5 есе, өндіріс көлемінің 2,2 есе, экспорттың 2,9 есе, еңбек өнімділігінің 1,9 есе, инвестициялардың 1,5 есеге өсуін қамтамасыз ету, - делінген хабарламада.
Құжатты талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Кешенді жоспарды келісуді және оны бекіту туралы Үкімет қаулысының жобасын енгізуді жеделдетуді тапсырған еді.
Отандық машина жасау саласының жай-күйі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (қазіргі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі) мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы құрылымындағы машина жасау саласының үлесі – 1,5%, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 13%. Қазіргі уақытта салада 3,8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 118 мыңнан асады.
Жалпы машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі: егер соңғы 5 жылда өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласы 17,6% өсім көрсетті.
Саланы одан әрі нығайту аясында жаңа жобаларға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, мұнай-газ, тау-кен металлургия машинасын жасау, сондай-ақ автомобиль жасау салаларындағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп күтіліп отыр.
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев салада қол жеткізілген жетістіктер жайды айтып берген болатын.
Биыл ауыл шаруашылығы машинасын жасау секторында 5 мың трактор мен 900 комбайн шығарылады. Қазіргі уақытта шығарылатын техника ірі торапты құрастыруға негізделген. Сондықтан кәсіпорындардың шағын торапты құрастыру әдісіне ауысуын жоспарлап отырмыз. Секторды одан әрі дамыту ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтымайтын аспалы және тіркемелі техника өндірісін ұлғайтуға бағытталады, – деді министр.
Теміржол машиналарын жасауды дамыту нарықты локомотивтермен, жүк және жолаушылар вагондарымен толықтыру міндеттерін шешуге бағытталатын болады. Бұл Швейцария (Stadler), АҚШ (Wabtec) және Франция (Alstom) инвесторларымен бірлесе жүзеге асады. Мысалы, Stadler 2030 жылға дейін арба, вагонның дәнекерленген шанағы, климаттық қондырғы сияқты отандық компоненттерді пайдалана отырып, жаңа заманауи жолаушылар вагондарының 500 бірлігін, сондай-ақ интерьер, экстерьер, электр жабдықтарының 20 элементін шығарады. ЗИКСТО жайлылығы жоғары 307 жолаушылар вагонын шығаратын болады. 2030 жылға дейін теміржол машина жасаудың барлық бағыттары бойынша жергілікті қамту ұлғайтылады.
Автомобиль жасау саласына келетін болсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта 150 мың автомобиль сатылды, оның 103 мың бірлігін отандық компаниялар жасап шығарған болатын.
Осы жыл автомобиль өндірушілеріне қатысты саясатты қайта қарау тұрғысынан маңызды. Бұл секторда біздің алдымызда 3 міндет тұр.
1) шығарылатын автомобильдер қатарын кеңейту. Қазіргі таңда екі автомобиль зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
2) шағын торапты құрастыруды дамыту. Ол үшін біз автокөлік өндірушілеріне Көлік құралдарын оқшаулау және шағын торапты құрастыруға көшу үшін талаптарды күшейту бойынша шаралар қабылдап жатырмыз.
3) компоненттік базаны құру. Бүгінде доңғалақ дискілерін, аккумуляторларды шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді, оларды отандық автомобильдерге орнату үшін омологация процесі өткізіліп жатыр.
Оқшаулау деңгейін тереңдету шеңберінде автомобиль орындықтарын, мультимедиялық жүйені, қаптамаларды, шашыратқыштар мен шиналар сияқты автокомпоненттік базаны дамыту жоспарланып отыр. Ол үшін тиісті өндіріс орындарының құрылысы басталды.
Елдегі электротехникалық машина жасау секторында Alageum Electric нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін трансформаторларды шығарады. Қазнергокабель, Еуразкабель сияқты кәсіпорындар нарықта сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізеді.
Сектордың тағы бір маңызды бағыты – тұрмыстық техника өндірісі. Қазіргі уақытта «Алматы тұрмыстық техника» компаниясы Dauscher (Даушер) брендімен теледидарлар, электр плиталары мен пештер шығаруды жолға қойды. Мысалы, биыл Қарағанды облысының Саран қаласында тұрмыстық техника бойынша жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, моноқаланың жандануына өз үлесін қосады.
Тұрмыстық техника бойынша Еуразиялық экономикалық одақ нарығының әлеуеті шамамен 11 млрд долларды, ал Қазақстан нарығының әлеуеті 1 млрд 200 млн доллар.
Жобаларды іске асыру кезінде біз ішкі нарықты 250 млн долларды құрайтын өнімдермен толықтырып, 100 млн доллардан астам сомаға экспортты арттыруды көздеп отырмыз, — деді министр.
Мұнай-газ және тау-кен металлургиялық машина жасау секторларында сорғылар мен компрессорларды, клапандарды, бекіту арматурасын, гидравликалық және пневматикалық жабдықтарды шығару бойынша қуаттар бар, алайда жер қойнауын пайдаланушылардан тапсырыстардың болмауы кәсіпорындардың әлеуетін тежейді. Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында машина жасау тауарлары 54%-ды алады. 2019 жылдан 2022 жылға дейін машина жасау тауарларын сатып алу көлемі 8%-ға ұлғайды, алайда жергілікті қамту үлесі 12,6%-дан 9,9%-ға дейін азайды.
2022 жыл қорытындысы бойынша мұнай-газ және тау-кен металлургия машинасын жасауының жалпы импорты 1 млрд 600 млн доллар және 1 млрд 100 млн доллар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан машина жасаушыларының XI форумының қатысушыларына жолдаған сәлемдемесінде саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру керегін айтқан болатын.
Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен Кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін, - делінген Президенттің құттықтау сөзінде.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через