фото: Фото: canva.c
Жыл сайын жол жөндеуге қыруар қаражат бөлінеді. Кейде жаңадан төселген жол араға көп уақыт салмай шыдас бермей жатады. Оған осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген жолдарды қосыңыз. Салдарынан зардабын қарапайым халық көреді. Елімізде бұл мәселенің түйіні әлі тарқатылмай тұр.
Автомобиль жолдары комитетінің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың орташа жай-күйі 87% болған. Батыс Қазақстан (52%), Ақтөбе (75%) және Атырау (76%) облыстары жолдарының жай-күйі төмен болып есептеледі, дейді ведомство.
"Жол құрылысына қажетті техникаларды жол-құрылыс компаниялары негізінен Қытай, АҚШ, Германия және Жапониядан алады. Асфальт жабындысының сапасы жолға төселгеннен кейін арнайы тексеру құрылғыларымен сынамасы алынып, зертханада тығыздығы, геометриялық параметрлері және басқа да физика-механикалық көрсеткіштерге тексеріледі. Жұмыстың сапасына орындаған мердігер және техникалық қадағалау инженері жауап береді", - делінген министрліктің ресми жауабында.
Бұл мәселе неге өзекті? Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар сағызша созылған жолдардың құрылысын биыл аяқтауды тапсырды.
"Еліміз үшін айрықша маңызды "Астана-Балқаш-Алматы" тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар "Атырау-Астрахань", "Ақтөбе-Қандыағаш", "Талдықорған-Өскемен" жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс", - деді Президент.
Мемлекет басшысы жолды отандық мердігерлер салуы тиіс екенін баса айтты. Оның сөзінше, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады.
"Жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жылына жол жөндеуге 500-600 млрд теңге бөлінеді
"Елімізде жөнделген жолға 3 жыл, жаңа жолға 5 жыл кепілдік береді. Бұл жолдың кепілдігі 15-20 жыл, тіпті 25 жылға берілетін Еуропамен салыстырсақ тым аз. Компаниялар мен мемлекеттік мекемелер үш жыл сайын жолға ақша бөлгізу үшін осындай саясат ұстануда. Жыл сайын жол жөндеуге 500-600 млрд теңге бөлінеді. Бір шақырым жолды салу құны – біздің елде 600-700 млн теңге", - деді депутат Қазыбек Иса.
Мәжілісмен 2007 жылы басталған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жобасы әлі бітпей жатқанын да сынға алды.
ҚазАвтоЖол мәліметінше, халықаралық және республикалық маңызы бар І техникалық санаттағы (қозғалысқа арналған 4 жолағы бар) 1 шақырым жолды салуға орта есеппен 1,5-2 млрд теңге кетеді. Екінші техникалық санаттағы (қозғалысқа арналған 2 жолағы бар) 1 шақырым жолды салу және жаңғырту құны – 1-1,2 млрд теңге.
Биыл қай жолдарда жөндеу жұмыстары аяқталады?
Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы жылы республикалық маңызы бар 2 091 шақырым автожол пайдалануға берілмек.
"2024 жылы республикалық желінің 5,3 мың шақырымын жөндеу, салу және реконструкциялау жалғасатын болады. Оның ішінде құрылыс және реконструкциялау – 3,1 мың км, жөндеу – 2,2 мың км. Осылайша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 93%-ға дейін ұлғаяды деген жоспар бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес негізгі күш-жігер "Астана – Балқаш – Алматы", "Талдықорған-Өскемен", "Ақтөбе – Қандыағаш" және "Атырау – Астрахань" негізгі дәліздерін реконструкциялауды аяқтауға бағытталады. Жалпы 2 091 шақырым жолды пайдалануға беру және 419 шақырым жолды ашу жоспарлануда", - деді Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев.
Айтуынша, 2030 жылға дейін жалпы ұзындығы 4,7 мың км жаңа жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру басталады.
Көрпеңе қарай көсіл...
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин республикада жол мәселесі әлі де өзекті екенін жасырмады.
"Қазақстан Еуропаның шағын мемлекеті емес, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында екені бәрімізге белгілі. Жол көп. Республикалық жол, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар бар. Жол өте қымбат тұрады. Егер де оны технологияны сақтап салатын болса, қаржы керек. Сондықтан оны бюджет көтере алмайды. Жолдарымыздың әлі күнге дейін әлемдік стандарттарға сәйкес болмай жатқаны қаржының тапшылығынан. Көбінесе қаржы институттардан несие алып, соған (жол) жасап жүрміз. Жергілікті жолдардың бұзылып қалуы немесе дұрыс болмауы сол баяғы Кеңес үкіметіндегі технологиямен жасалынған жолдарды күтіп ұстамағандықтан, уақытында жөндеу жүргізілмегендіктен. Екіншіден, тәуелсіздік алғаннан кейін кейбір жолдар да бұзылып жатыр. Бұл Мемлекет басшысы, Парламент депутаттары тарапынан сынға алынды. Біздің кейбір мердігерлер технологияны сақтамайды не жауапкершілікпен қарамайды. 3-5 жыл өтіп кеткеннен кейін асфальттардың толқын сияқты болып кетуі, жабындылардың бұзылуы технология сақтамағандықтан болады", - деді ол inbusiness.kz тілшісінің сауалына берген жауабында.
Елімізде 5 жылдан бері жөнделіп жатқан республикалық жолдар бар. Бұл жұмыстар мерзімінде біте ме? Халық қалаулысының пікірін білдік.
"Мерзімінде аяқталуына үлкен күмән бар. Себебі жолды салған кезде оған қажетті әртүрлі құрылыс материалдары керек. Асфальт, қиыршық тас керек. Олардың бәрі тасымалдауды қажет етеді. Мәселен, битум Ақтауда шығады. Оны Ақтөбеге апару керек болса, оған теміржол керек. Атыраудан Астраханьға дейінгі жолды әлі күнге дейін бітіре алмай жатыр. Біріншіден, мердігерлердің дұрыс жұмыс істемеуінен, екіншіден құрылыс материалдарын жеткізе алмағандықтан, сондай-ақ ҚТЖ-ның вагондары жетпей жатыр. Жоспарлау жоқ. Бірнеше жолды бір мезетте саламыз деп мойнымызға алдық, оған қаржыны бөлдік. Енді келгенде оған құрылыс материалдары жетпей жатыр. Сондықтан "көрпеңе қарай көсіл" дейді ғой. Мәселен, егер де Қазақстанда шығарылатын асфальт пен қиыршық тас биыл 200 шақырымға жететін болса, біз мың километрді жоспарламауымыз керек. Тиісті министрлік жоспарлаған кезде біздегі өндіріс қуатын білуі қажет" - деп атап өтті Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың сөзінше, жол жөндемес бұрын жауапты мекемелердің жұмысында координация болуы керек.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через