Біздің республикамызда 22 миллиард тонна өндіріс қалдықтары жиналған және оның мөлшері жыл сайын 1 миллиард тоннаға артып отыр. Оның ішінде 150 миллион тоннасы улы және 20 миллион кубометр тұтыну қалдықтары. Бұл қалдықтар елімізге, халықтық денсаулығына өте зиян келтіріп отыр.
Адамдар және олардың шаруашылық әрекеттері жер бетіне тікелей және жанама зор ықпал әсерін тигізіп келеді. Егерде жылына ауаға дүние жүзі бойынша 1 млрд. т деңгейінде антропогендік заттар (СО2-ні есептемегенде), гидросфераға шамамен 15 млрд. т ластағыштар енгізіліп отырса, топыраққа түсетін техногенді қалдықтардың мөлшері 90 млрд. т. жетеді.
Кейбір ғылыми мәліметтерге сүйенетін болсақ, ХХ-шы ғасырдың 90-шы жылдарының аяғында топырақта жинақталған қалдықтар көлемі 4000 млрд. тоннаға дейін көтерілген.
Топырақтың ластануына байланысты қазіргі уақытта құрлықтың жартысына жуығы антропогендік ландшафтқа айналған. Ғалымдардың арасында тараған пікір бойынша дүние жүзі шөлдерінің барлығының шығу тегі де антропогендік.
Топырақты зиянды ластағыштардан қорғау адамның негізгі мақсаты, өйткені оның құрамындағы зиянды қоректік қосылыстар қоректік тізбек арқылы адам ағзасына түседі. Біріншіден, ластағыш заттар сумен шайылып ашық су көздері мен ыза суларына қосылады, ал ол суларды адам ауыз су ретінде және әр түрлі қажеттілігіне пайдаланады. Екіншіден, бұл ластағыштар топырақ ылғалы, грунт сулары мен ашық су көздерінен өсімдіктер мен жануарлардың ағзаларына түседі. Үшіншіден, зиянды қосылыстардың көбісі адам ұлпасы мен сүйегінде шоғырлану қауіпіне ие.
Қала – адамның колымен жасалған жасанды экожүйе болып табылады. Қала экожүйесінің ерекшелігі – халықтың бұрын болып көрмеген тығыздығы. Мұндағы адамды қоршаған ортаға шамадан тыс экологиялық салмақ түседі, себебі мұнда организмге әсер етуші факторлардың бәрі жасанды түрде өзгертілген – климат, ауа, су, микроклимат, құрылыстар және т.б. әсерінен ауаға шығарылатын әр түрлі ластықтар және жылу, су булары әсерінен үлкен өзгерістерге ұшырайды. Ірі ғимараттар ауаның табиғи түрде алмасуын қиындатады, бұл әсіресе жазғы түндерде қаланың салқындауын баяулатады, әрі атмосфера тазалығын нашарлатады. Қалаларда орташа жылдық температура айналадағы қоршаған ортадан ең кем дегенде 1 градусқа артық болып келеді.
Қалаларда ауылдық жерге қарағанда тұмандар да жиірек кездеседі, ал тұман – ауаның қатты ластануының көрсеткіші. Қала ауасының улы газдар және т. б. заттармен өте жоғары дәрежеде ластануы себебінен қала тұрғындары арасында өкпе және жоғарғы тыныс жолдары ауруларымен ауыратын адамдар көбірек кездеседі.
Қала ауасы күн сәулелерін нашар өткізеді, көбінесе УК сәулелерді ұстап қалады. Сондықтан қалада рахит /мешел/ ауруы да жиі кездеседі. Жаңбыр суы қалада жинақталмай тез ағып кеткенімен, топыраққа көп сіңе алмайды, себебі оған асфальт, бетон, тас құрылымдар бөгет жасайды. Сондықтан қала ішінде ағатын өзендер жиі тасып, грунт суларының деңгейі төмендейді. Канализациялық және өндірістік сулар қала өзендерін ластайды. Қала көшелерінен өзендерге ағып қосылатын жаңбыр, қар сулары NaCl – ас тұзымен ластанған болуы мүмкін, себебі қыста қала көшелеріне көптеп тұз себіледі; ал жанар, жағар майлар асфальттан жаңбыр суларымен жуылып, өзенді одан әрі ластайды. Жалпы экология мәселесі бүгінгі таңдағы адамзат өркениетінің аса ауқымды проблемаларының бірі болып отыр.
Фото: mobillegends.net, twitter.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через