фото: https://baq.kz
Экологиялық мәдениетке ерте жастан бейімдеу керек
Қоршаған ортаны қорғау мәселелері Ақмола облысында әлі де өткір күйінде қалып отыр.
Өңірдегі экологиялық проблемалар мен оны шешу жолдары туралы Ақмола облыстық экология департаментінің басшысы Қадырхан Бейсенбаев айтып берді.
– Облыстағы қатты қалдықтар полигоны бірнеше жылдан бері халықтың наразылығын туғызып келеді. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Бұл мәселе бүгінде өткір тұр. Бірақ тек біздің өңірде ғана емес, осыған ұқсас проблемалар елдің басқа облыстарында да бар. Ақмола облысында қалдықтарды бөлек жинау, өңдеу және түпкілікті көму жүйесінің жеткіліксіз дамуымен күрделене мәселе түсуде. Заңдастырылған ҚТҚ полигондарының саны жеткіліксіз екені байқалады. Бұл бизнес субъектілерінің, бюджеттік ұйымдардың және жалпы халықтың жағдайын қиындатады. Мысалы, облыс аумағында қазір 130 ҚТҚ үйіндісі бар, олардың тек 24-і ғана заңдастырылған. Алайда Бурабай, Ақкөл, Зеренді, Аршалы және Қорғалжын аудандарында бірде-бір полигон заңдастырылмағаны белгілі. Сондай-ақ, он аудан орталығында полигон жоқ. Мұның себебі жобалық құжаттаманың қымбаттығында жатыр. Бірақ бүгінде министрлік тарапынан бұл мәселе шешілу үстінде. Жалпы жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, ол әр өңірде полигондар салу үшін жарамды болады. Алайда, бұл жағдайда әлі зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Алдымен полигонды белгілі бір аумаққа салуға бола ма, жер асты сулары қатар жүре ме, жоқ па, соны анықтау керек.
–Елді мекендердегі ахуалға қандай баға берер едіңіз?
–Стихиялық қоқыс үйінділері жою мәселесі де өткір күйінде тұр. Жыл сайын өткізілетін санитарлық абаттандыру айлықтарына қарамастан, елді мекендердің маңайында апатты қоқыс орындары қайта пайда болады. Себеп – жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігі және коммуналдық қалдықтарды полигондарда жинау, тасымалдау, орналастыру бойынша қажетті инфрақұрылымның болмауы. Соңғы жылдары департамент «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ геопорталының көмегімен қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындарына ғарыштық мониторинг жүргізуде. 2020 жылы геопортал арқылы осындай 1593 қоқыс орны анықталды, оның 920-ы жойылды. Алайда, көбінесе стихиялық полигондар қайтадан пайда болады. Өңірдегі маңызды экологиялық проблемалардың бірі - бірқатар аудандарда кәріз-тазарту құрылыстарының болмауы немесе олардың жеткіліксіз тазалануы дер едім. Су бұру функцияларын орындайтын әртүрлі кәсіпорындарға тексерулер жүргізу кезінде департамент әкімшілік жазалар тағайындайды.
– Өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмыс қалай жүргізіледі? Жақында тұрғындардың қоршаған ортаның ластануына қатысты шағымдарына байланысты өнеркәсіптік компаниялар өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған жағдайлар бар…
– Осы жылдың 5 айында мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 52 табиғат пайдаланушының жұмысын тексерді. Олардың нәтижелері бойынша экологиялық заңнаманы бұзуды жою туралы 13 ұйғарым берілді, 175 млн теңгеден астам сомаға 23 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 21 млн теңгеден астам сомаға 17 әкімшілік айыппұл ерікті түрде, 154 млн теңгеге тағы бір әкімшілік айыппұл мәжбүрлі түрде өндіріп алынады.
Атмосфералық ауаны бақылау бойынша биыл негізінен өнеркәсіптік кәсіпорындар тексерілді. Нормативтен асып кетуге байланысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар — «Степногорск ЖЭО» ЖШС, «Қазақалтын Тechnology» ЖШС ауадағы бейорганикалық шаң, азот тотығы, күкірт диоксиді және басқа да зиянды заттардың шамадан тыс артуы анықталмады. Радиациялық қауіпсіздік үшін Ақсу және Заводской кентінің аумағында, «AltyntauKokshetau» АҚ-да дозиметриялық бақылау жүргізілді. Заң бұзушылық анықталған жоқ.
Су ресурстарына да тексерулер жүргізіледі. Биыл облыс кәсіпорындарында 30 сынама алынды, 1544 зерттеу жүргізілді. Іріктелген су сынамаларының ингредиенттік құрамы бойынша зиянды қалдықтардың шамадан тыс артуының 128 фактісі анықталды.
– Департамент қызметінің арқасында өңірдегі экологиялық жағдай біршама тұрақтанды деп айтуға бола ма?
– Әрине. Мысалы, Целиноград ауданында тұрғындардың медициналық қалдықтарды жағу бойынша кәсіпорын жұмысына шағымдары бойынша тексеру іс-шаралары жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша кәсіпорын қызметінің экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Қазіргі уақытта кәсіпорын осы өнеркәсіптік алаңда өндірістік қызметті жүзеге асырмайды, қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына теріс әсері тоқтатылды. Сондай-ақ Целиноград ауданында сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі коммуналдық кәсіпорынның профилактикалық бақылау қорытындысы бойынша сарқынды сулардың жеткіліксіз тазартылатыны анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпорын тазарту жабдығын ауыстырды, қазір белгіленген нормативтер сақталуда. Бурабай ауданында профилактикалық бақылау қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау кәсіпорнынан атмосфераға ластаушы заттардың шығарындыларын азайту бойынша шаралар қабылданды. Бұл Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы атмосфералық ауаның сапасына оң әсер етеді.
– Курортты аймақ туралы айтар болсақ, туристердің де демалыс орындарының ластайтыны белгілі. Бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Менің ойымша, бұл жерде біздің басты міндетіміз – адамдарды ең алдымен табиғатқа ұқыпты және құрметпен қарауға тәрбиелеу. Айналаның ластанбауына тікелей адамдар жауапты болғандықтан, экологиялық мәдениетке ерте жастан бейімдеу керек. Ол үшін экология мәселелерін кеңінен насихаттау мақсатында дөңгелек үстелдер, семинарлар және аумақтарды тұрмыстық қоқыстардан тазарту, көшеттер отырғызу, көлдер мен өзен жағалауларын тазарту бойынша экологиялық акциялар өткіземіз. Мысалы, облыс аумағында «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына 35 мыңнан астам адам қатысып, 7152 мың текше метр қоқыс шығарылды.
Жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында қоршаған ортаға арналған балалар суреттерінің өңірлік конкурсы өткізіледі. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде экологиялық сағаттар ұйымдастырылады. Бұл да балаларға ерте жастан табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту үшін өте маңызды. Жазғы кезеңде департамент қызметкерлері жағалау аймақтары бойынша рейдтер, демалушылармен әңгімелесу өткізеді. Жалпы, болашақта курорттық аймақтарды ластайтындар азайып, адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігі артады деп сенемін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через