COVID-19 індетінің ықпалы цифрлы экономиканы, e-commerce нарығының дамуын жылдамдатып, бос кеңістіктен ертерек орын алып, қам жасау қажеттігін аңғартты. Аталған бағытқа инвестиция салғысы келетіндердің қатары да өсіп келеді.
Деректерге сүйенсек, электронды саудадағы белсенді сатып алушылардың саны соңғы бір жылда 2 есе артып, 2,3 млн адамға жеткен. Сауда және интеграция министрлігі осыған дейін халықаралық сауда платформаларымен келіссөздер жүргізгені белгілі. Нәтижесінде, осы жылдың мамыр айынан бастап қазақстандықтарға Amazon, Ozon және eBay сияқты интернет-платформаларда сауда жасауға рұқсат берілді.
Қазақстанның интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығы ұсынған деректерде еліміздің әлемдік нарықтағы үлесі 1,9 пайыздың айналасында екенін айтылған. Өзбекстанның үлесі 4,5 пайызға жеткен. Ал Ресейдің көрсеткіші – 6,2 пайыз. АҚШ, Қытай, Жапония секілді алпауыттардың үлесі – 10-15 пайыздың төңірегінде.
Мамандар e-commerce нарығы қатал бәсекелістік жағдайына көшкенін, ішкі нарықтың 70 пайызы қазір Қытай мен Ресей өкілдерінің қолында екенін айтып келе жатқанына біраз уақыт болды. Бұрын Алматы мен Қытайдың арасында пошта сәлемдемесінің жеткізу уақыты – 50 күн болса, қазір екі апта. Бүгінде Қазақстанда қоймаларды цифрландыру жұмысын жеңілдету жөнінде біраз жұмыстар атқарылды.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда e-commerce нарығының өсу динамикасы әлемдік деңгейге сәйкес келеді. Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылы нарық көлемі 1,2 трлн теңгеден асып, 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен. Қазақстандағы электронды сауда индустриясының өкілі Константин Горажанкин 2022 жылдың соңына дейін бұл нарықтағы қаржы айналымы 1,9 трлн теңгеге, ал 2025 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге жетуі мүмкін екенін алға тартты. Ал таза пайда 7 млрд долларға жетуі ықтимал. 2020 жылы ШОБ өкілдерінің көпшілігі алғаш рет онлайн форматқа көшіп, нарықтағы өз орындарын кеңейтті.
– Қазіргі тренд тапсырыс берушінің барлық тілегін, ұсынысын қанағаттандыруға бағытталған. Бұл бағытқа ілесіп жүру үшін веб-ресурстарды жетілдіріп, оңтайландыру, интерфейс пен конверсия элементтерін пысықтап, жаңа жетістіктерге және озық технологиялардың дамуына назар аудару қажет, – дейді К.Горажанкин.
Сарапшының пікірінше, пандемия кезінде ғаламтор арқылы тапсырыс бергендердің қатары 3,2 млн-нан 3,8 млн адамға дейін көбейген. Әлі де көбейіп жатыр. Сауданың мұндай түрінің дамуына мемлекет те мүдделі болып, оны дамудың драйвері ретінде қарастыра бастады. Интернет-дүкен иелеріне салықтық жеңілдіктер енгізілді. Ал тіркеуден өткендері табыс салығынан босатылады.
– 2020 жылдың басында онлайн сауданың беталысын, экспорт пен импортты реттеу мүмкін болмай қалды. Сауда және интеграция министрлігі электронды сауданы дамытудың үш негізгі бағытын айқындап отыр. Алғашқысы – электронды сауданы ынталандыру, шағын және орта бизнесті оқыту. Екіншісі – жеткізілім мен логистикалық қызметті дамыту. Үшіншісі – шекарадағы онлайн-сауданы дамыту. Өз басым екінші бағытты – жеткізілім мен логистикалық қызметті дамытуға ерекше басымдық берген дұрыс деп есептеймін. Себебі пошта-сервис қызметін сауданың осы сегменті ретінде қарастыруға болады. Қазір бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Бәрін тұтынушының қалауы шешеді, – дейді К.Горажанкин.
Осы ретте сарапшы Үкіметтің назарына ілініп отырған басым бағыттардың қатарында шекарадағы онлайн-сауданы дамытудың да болашағы барын айтып өтті. Өзбекстанмен немесе Қырғызстанмен мемлекеттік шекарада сауда бекетін салуды жоспарлап отырған біздің ел үшін бұл бағыт өте маңызды. Дегенмен бүкіл ел аумағын сапалы интернетпен қамтамасыз етпей бұл мәселенің шешімін табуы қиын. Тым болмаса мобильді оператарлордың мүмкіндігін пайдалану қажет. Одан кейінгі мәселе өз ретімен шешіле бермек.
Ғаламдық интернет сауда нарығындағы трендердің беталысы Өзбекстанға ауа бастаған. Қазақстанмен салыстырғанда көрші елдің біраз артықшылығы бар. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп индустриясы дамып, Өзбекстан көрші елдердің нарығына көз сала бастады. Екіншіден, мұндағы 16-35 жас аралығындағы буынның үлесі – 30 пайыз. Әлемдік сарапшылар интернет сауданың көрігін қыздыратындар осы жастағы азаматтар екенін алға тартып отыр.
– Өзбекстан әлемдік сауда платформасы үшін барлық жағынан тиімді. Интернет саудаға жүгінетіндердің басым көпшілігі – 16-40 жас аралығындағы толқын. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан шекаралас аймақтарда интернет сауданың мүмкіндігін барынша жұмылдыратын кез келді. Алматы, Нұр-Сұлтаннан бөлек, демографиялық өсімі дұрыс Түркістан облысында, Жамбыл облысының Қырғызстанмен, Алматы облысының Қытаймен шекаралас аймақтарында интернет сауданы дамыту тиімді. Бұл әсіресе, жиын-терім науқаны кезінде өте қажет. Мысалы, оңтүстікте 5 гектар жерінен 50 тонна қауын-қарбыз жинаған диқан үйінде отырып Қазақстанның солтүстігі немесе Ресей, Қытайдағы сауда үйлерімен келіссөздер жүргізе береді. Ол үшін заңнамалық тетіктерді жетілдіру қажет. Егер мемлекет фито-санитариялық жағынан қолдау көрсетсе, бұл бағыт та е-commerce нарығының драйверіне айналады, – дейді К.Горажанкин.
Электронды коммерция нарығы аз ғана уақыттың ішінде жаңа трендтерге бейімделіп үлгіргені жасырын емес. Lamoda.kz интернет дүкені желілерінің бас директоры Никита Окулов бұл сегменттің тағдырын тұтынушылардың қалауы шешетінін айтты. 2020 жылы пандемия бет қаратпай тұрған кезде Алматы мен Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент қалаларында азық-түлік сататындар интернет көздеріне қатысты қиындықпен бетпе-бет келгенін алға тартты. Өздері таңдап және бағасын түсіріп алуды дағдыға айналдырғандар тапсырыспен азық-түлік сатып алуға және жеткізіп берушінің қызметі үшін қосымша ақы төлеуге дайын болмай шықты. Қазір сауданың осы сегментін дамытуға мүдделі болған Үкімет азық-түлік сататын онлайн сауда желілері үшін қосымша жеңілдіктер қарастырса, көп өзгерістер болмақ.
Н.Окуловтың айтуынша, соңғы жылдары компаниялар мәліметтер жинауда Big Data технологиясын қолдана бастаған. Бұрын деректердің жиналуына басымдық берілсе, енді оның маңызына, нарықтағы сұранысына көбірек көңіл бөлінеді екен. Сарапшы айтып өткендей, бұл фактор нарықты сапасыз тауарлардан тазартуға септігін тигізген. Маңыздысы, электронды сауда классикалық әлеуметтік желілер шеңберінде дами бастады. Заңдық тетіктер жетілдірілмегендіктен, әлеуметтік желілер қазірдің өзінде онлайн сауданың көрігін қыздырып, бренд өнімдерімен танылған алпауыт компаниялар оларда маркетплейстермен интеграциялана бастады. Нарықтың осы сегментінде жас компаниялардың пайда болуына, бұрыннан келе жатқандарының кейбірін ығыстырып шығуына, кейбірінің іріленіп, бір-бірін жұтып қоюына да осы фактор әсер еткен көрінеді.
– Қазір компаниялардың басым көпшілігі онлайн режімге көшті. Бұл олардың қаржыны қымбат кеңсе жалдауға емес, қажетті тетіктерге жұмсауына мүмкіндік берді. Қазір олар бизнестерін дамытудың оңтайлы жолдарын іздестіріп жатыр, – дейді Н.Окулов.
Пандемия e-commerce нарығының дамуына даңғыл жол ашумен бірге ішінара тығырыққа да тіреді. Қазір бастан кешіп жатқан жағдайды экономиканың, халықтың тұрмысының кері жаңғырығы деп қабылдауға да болатын секілді. Халықтың төлем қабілетінің төмендігі е-commerce нарығының сапалы деңгейге көтерілуіне көп кедергі келтірді. Нақты табысы шамалы адамдар аз ақшаға сапалы тауар алғысы келеді. Бұл фактор нарыққа инвестиция салғысы келетіндердің қарасын азайтып, бизнестің несие алатын мүмкіндігін шектеп келе жатыр. Ең басты себеп тұрғындардың дайын еместігінде, нарықтың ықпыл-жықпылдарын зерттеп үлгермеуінде. Тиісінше, сервис, логистиканы дамыту жағы да кешеуілдеп жатыр. Логистика – интернет сауда үшін ең маңызды фактор.
Қазақстанның басты қалалары, облыс орталығы деңгейіндегі қалаларда тапсырыс берген тауарды бір күнде жеткізуге болатынын айтқан сарапшы қаламен шектесіп жатқан аудандар бұл мүмкіндіктен жұрдай екенін де жасырмады. Ал орталықтан шалғай жатқан аудандарда жағдай тіпті қиын. Тіпті газет-журналдың өзін апталап жиып бір-ақ жеткізетін аймақтарда ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, соны қысқа мерзімде жеткізіп берудің мүмкін еместігі түсінікті. Қолданыстағы заңдардың әлі де болса жүйеленіп үлгермегенін айтқан сарапшы мемлекет осы нарықтағы ойыншылармен кездесуге, олардың ұстанымдарын тыңдауға әлі құлықты емес екеніне назар аударды.
Ал нарыққа теория емес, практика қажет. Интернет сауда нарығында өзгеріс бір емес, бірнеше бағытта жүргізілуі тиіс. Бірінші кезекте қазақстандық компаниялар ірі сауда платформаларымен трансформациялану қажет. Apple, Google, Amazon, сияқты әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың өзі бір кездері тауарларды сатса, қазір e-commerce индустриясының державаларына айналды.
– Біздің елдегі трансформация ұялы байланыс операторларынан басталды. Бұрын олар клиенттеріне тек байланыс қызметін ұсынса, қазір мүмкіндігі әртараптандырылды. Қазір ғаламторға қосылуға мүмкіндігі бар кез келген смартфон әрі платформа, әрі қойма қызметін атқарады. Сарапшылардың жарнамалық компаниялардың түбіне смартфондар жетеді деген болжамы шындыққа айналып келе жатыр. Қазір мұндай компаниялардың клиенттер базасы үлкен. Олар классикалық банктермен бәсекелес болуға жарап калды. Қазір банктер мен сауда платформаларының бір-бірінсіз жұмыс істей алмайтынын көріп жүрміз. Олар бір-біріне жұтыла алмайды, себебі екі бөлек дүние. Демек жаңа тетіктер табылғанша осы екі саланы қатар дамытудан басқа жол жоқ, – дейді Н.Окулов.
Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабировтің айтуынша, 2020 жылдың тәжірибесі e-commerce нарығындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен зерттеу қажеттігін көрсетті. Басқаша айтқанда, мобильді коммерция нарығына бір қарамай, олардың мүмкіндігін жеке-жеке зерделеу керек. Себебі әлемде қазір е-сommerce ғана емес m-сommerce нарығы да қалыптасып келе жатыр.
– Қазір клиент үшін күрес тек қаржы секторында ғана емес, барлық салада жүріп жатыр. Шетелдік ірі ойыншылардың қысымы алдағы уақытта жалғаса береді. Мұндай жағдайда біз үшін де, мемлекет үшін де шетелдік
ойыншылар үшін құқықтық базаны құру маңызды. Осы ретте ең алдымен ішкі нарықтың мүмкіндігіне көбірек басымдық беру қажет, – дейді Ш.Сабиров.
www.egemen.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через