Даналық пен даралық

Даналық пен даралық

Құбылыс

Жеті қат жердің тектоникалық қоз­ғалысы мен сілкінісінен жанартаулар пай­да болатыны сияқты уақыттың ұзақ тол­ғағынан дүниеге мың жылдықтарда бір келер, қайталанбас, қайтып тумас, даналық пен даралықтың үздік үлгісі – ұлылардың ұлысы әлемді жалт қаратып, таңдай қаққыза тамсандырып, ашады өмір есігін. Бұл жүз, мың жылда болатын оқиға емес, бірнеше мыңжылдықтарда бір-ақ мәрте болатын құбылыс!

Ұлы даланың ұланғайыр бір өңірі – қасиетті Шыңғыстауда, бұдан 175 жыл бұрын, тамылжыған тамыз айының 10 жұлдызында дала данышпаны Құнанбай шаңырағында Абайдың өмірге келуі – құбылыс, әлем таңғалған құбылыс!

Осы құбылыстан соң әлем өрке­ниетіне көшпенділер мәдениетімен үлкен олжа салған Ұлы даланың өмірін­де ұлы өзгеріс басталып, ұлттық рух ас­қақтатады. Ұлттық рухты көтеріп, санаға сәуле түсірген ұлы тұлға, ұла­ғатты құбылыс – Құнанбай қажы­ның перзенті болып өмірге келіп, адамзат­тың асылына айналған ұлы Абай, ұлы құбылыс!

Сол құбылысты «Абай жолы» атты әй­гілі роман-эпопеясына алтын арқау ет­кен Мұхтар Әуезов шығармасы әлем­ді шарлап, құбылысты құлпыдай құлпыртты.

Бұл Абай – құбылыс нұрынан түскен жарық сәуле еді.

Абай – құбылыс өмірге келгелі екі ғасырға жуық, Әуезовтің «Абай жолы» жарық көргелі жүз жылға жақын уақыт өтті. Содан бері әлемде талай өзгеріс болды. Кейбір мемлекеттер мен халықтар өмірден озды. Теңіздер тартылды, таулар шөкті. Ал Абай – құбылыс, ол жайлы жазылған ұлы шығарма – «Абай жолы» адамзатпен бірге жасасып келеді.

Абай – адамзаттың Абайы!

Абай – құбылыс!

 

Даралық сыры

Сонау ту алыста қалған аты белгісіз арғы дәуірлерден күні бүгінге дейін адамның ақыл-ойы мен қиялынан небір ғажайыптар туып, адам қолымен талай кереметтер жасалды. Перғауындар пирамидасы, Семирамиданың аспалы бағы, Эфес қаласындағы ғибадатхана, Зевс мүсіні, Мавсол патша мавзолейі, Родос алыбы, Александриядағы ежелгі дүние шырағы – әлемнің жеті кереметі, онан соң сегізінші керемет Тәж-Махал мазары өмірге келді. Адамның ақыл-ойы атом қуатын бейбіт мақсатқа пай­далана бас­тады. Кәрі тарихтың өзін таңғалдырып ғарышқа ұшты. Сөз жоқ, мұның бәрі адамзат туғызған ғажа­­йыптар. Осы кереметтердің бірі ғана емес, бірегейі – адамзат дана­лы­ғы туғызған бейнелер әлемі – әде­биет. Ғасырлар бойы сақтала беретін бай­лықтары бар әдебиеттің ең үздік үлгі­лерін туғызған талант аспандағы ай мен күндей аяулы. Кемел ойлы кемеңгер таланттың өзі де, оның қайталанбас хас туындылары да зеңгір көктегі күн, алыс жұлдыз жарығындай қуатты да шуақты!

Сол кемел ойлы кемеңгер таланттар­дың нәр алатын қайнар бұлағы – ұлы Абай, Абай ілімі, даналықтың даралық сыры. Көк аспандай көрсетпейтін көлемін, көк мұхиттай өлшетпейтін тереңін Абай құбылыс ғасырларға шыдас берер беренім аспандағы Ай мен Күндей айналаға үнсіз сәуле шашып тұр. Абай орыстың Толстойы, өзбектің Фирдаусиі, тәжіктің Рудакиі, немістің Гетесі, ағылшынның Шекспирі, француздың Бальзагы, испанның Сервантесі, арабтың Юсеф Ас-Сибайы, жапонның Харуки Мура­ками... тағы басқа да әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалармен талант, ақыл-парасат жағынан қандас, туыстас. Абай солармен иықтасып қатар тұр. Бұлай деу де аз олардан бір елі болса да биік. Бұған оның өлеңмен, қарасөзбен он алты өрім қамшыдай жымын білдірмей қатар өрген қатпары қалың, қалтарысын кез келген жан ұға бермейтін, түнде де жарқырайтын сан қыры даралық сыры айқын айғақ.

Даналық жарығы

Тас төбеден құ­йылған сол сәулеге шомылған дана­лық жарығынан нәр алған әрідегі әлемдік деңгейдегі тұлғаларды түгендемей-ақ, берідегі Мұстай Кәрім, Расул Гамзатов, Олжас Сүлейменов, Пауло Коэльо, Анар, Герман Кант, Рима Казакова, Евгений Евтушенко, Момын Каноат, Людмила Щипахина, Робель, Алекс ла Гума, Феликс Кузнецов, Юрий Бондарев, Шыңғыс Айтматов, Сергей Михалков, тағы басқа сан саңлақты айтсақ та жеткілікті. Әлем әдебиетіне азбас, тозбас мол олжа салған бұлардың да ойын оятқан, санасына сәуле құйған құдай тектес құдірет Абай!

Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.

Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп ар-мандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбе-гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.

Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әр­дайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды.

Біз аса күрделі кезеңді бастан өтке­ру­деміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ын­тымағымызды арттыра түсу аса ма­ңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегі­мен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр.

Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.

Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет», – деп толымды ой толғады.

 

Адастырмас ақ жұлдыз

Ұлылықтың бір өлшемі аспан

Бұл дүниеде одан биік, одан кең не бар?! Ұша білген қанатқа дүние кең дей­тініміз де содан. Әйтсе де, биікке аңсары ауған құштарлар қаншалық көп болса, сол биікке шырқап шыққан қырандар соншалық аз. Ол заңды да. Биіктік таланттар мен қанаттылардың ғана мекені. Құр қызығу мен құрғақ құштарлық құшағына сыймайды. Өмірдің осы бір қатал, әділ заңы өнерге де тиесілі. Содан да болар қаламгерлер аз, жарқыраған жақұттай қат.

Өмірдегі сияқты өнерде де оңай бақыт болмайды. Қымбаттың бәрі қиынға түседі, жазушы жолы – шың мен шыңыраудың екі аралығында қиын асуға өрмелеген таудың тар жол, тайғақ кешуі тәрізді. Оң жағындағы шыңға көз тіксең де, сол жағындағы шыңырауға қарасаң да басың айналып, табаның тайып кетуі кәдік. Сондай қиын жол, қиян асуда қарсы алдыңнан адастырмас жұлдызың боп жанатын кемеңгердің бірі емес, бірегейі! Ол нұсқар, асқарға бастар жарық жұлдыздай.

Сонау зеңгір аспанда жұлдыздар қан­шалық көп болса, аты мен заты белгілі жарқыраған жарық жұлдыз­дар соншалық аз. Ондай жарық жұл­­дыз­дарды көп жұлдыздардың өзі де көлегейлей алмайды. Әдебиет әле­міндегі сондай жарық жұлдыз Мұх­тар Әуезов екенін ешкімнің ажарына қарамайтын қатал уақыттың өзі дә­лелдеді. Абайдың ақындығы, қалам­герлігі жайлы сөз болғанда мына бір жай ойға оралады.

Тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Африкада кимберлит трубасынан ХХ ғасырдағы ең үлкен алмастардың бірі табылды. Одан бриллиант алу үшін әлемдегі ең таңдаулы зерлеуші шақырылды. Атақты шебер кимберлит трубасындағы алмастың қыр-сырын ұғу үшін тек оны зерттеуге ғана бір жыл уақытын сарп етті. Содан соң ғана алмасты қырнап, өңдеп, зерлеу­ге кірісті. Одан кейін төгілген тер мен асқан шеберліктен өмірге қай қы­ры­нан қарасаң да жарқырап тұр­ған асыл текті бриллиант келді. Сон­ша­лықты тың­ғылықты зерттеусіз, оның та­биғатын ұқ­пайынша, шебер оны жақұт­тай жар­қырата алмас еді. Абайдың өлеңдері мен қарасөздері сол жусан иісті кимберлит сынды.

Абайдың өлеңдері де, қырық бес қарасөзі де тұнып тұрған тұп-тұнық, түпсіз терең ой. Бұлай деу де аз, Абай мұрасы жол көрсетіп тұрған бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз. Көзқарақты қауымның бәрі білетін ол жұлдызды жырлар мен құндызды, аса құнды сөздерді тізбелеп жатпай-ақ, өлеңнен бір, қарасөзден бір мысал келтірейік.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз, –

дейді Абай. Ұлттың ұраны ғой бұл!

Абайдың барлық қара сөзі адастырмас ақ жұлдыз. Бір ғана мысал: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Иландым, сендім демек, иландырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбі­рек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмай­мыз, жаралып, жасалып қойған нәрсе­лерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», дейді Абай қырық бесінші қарасөзінде. Ал енді осы сөздің айдай ақиқаттығына бас имейтін жан бар ма?!

Абай шөлдегенге – бұлақ, адасқанға – шырақ. Абай – адамзатқа жол көрсетіп тұрған адастырмас ақ жұлдыз!

Адамзат барда Абай бар!

Абай дүние тұрғанша

тұратын тұлға!

 

Сәбит Досанов,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Фото: qulantany.kz, everything.kz