фото: https://www.istockphoto.com/portfolio
Аллергияны емдеу тәсілдері туралы жоғары санатты аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ-дың жалпы иммунология кафедрасының профессоры Тайыр Нұрпейісов айтып берді.
Оның айтуынша, Алматыда аллергиясы бар адамдардың саны 20–40 пайызға жетіп қалады.
Науқастардың көпшілігі жастар мен балалар, бірақ аллергиясы бар егде жастағы тұрғындар да жоқ емес.
— Аллергияның негізгі белгілері — мұрыннан су ағу, мұрын бітелуі, мұрын мен көзден бөлінділер шығады, түшкіру, кейде жөтел пайда болып, ауа жетіспей тұрғандай болады. Көпшілік маусымдық аллергия мен ЖРВИ-ді жиі шатастырады, себебі бұлардың қатты айырмашылығы жоқ. Аллергия белгілері басқа ауруларға ұқсай береді, — деді Тайыр Нұрпейісов.
Дәрігер аллергияны өз бетінше емдеу, әсіресе антибиотиктерді есепсіз қабылдау асқындырып жіберуі мүмкін екенін атап өтті.
Айтуынша, пандемиядан кейін Алматыда дәріден аллергия болғандар жиілеген.
— Антибиотиктерді өз бетінше қабылдау көбінесе кері әсер етеді. Аллергияға бейім адамдарда дәрілік аллергияның пайда болу қаупі әлдеқайда жоғары. Өкінішке қарай, пандемиядан кейін біздің дәрігерлер осындай жағдайға жиі тап болып жүр, — деді ол.
Маманның айтуынша, Алматыдағы негізгі аллергендер — ағаштар мен шалғын шөптердің тозаңы. Олардың ішінде ең жиі кездесетіні — қайың, терек. Сондай-ақ әртүрлі шөп түрлері, соның ішінде атқонақ, үйбидайық пен тарғақшөп. Бұл өсімдіктердің тозаңы алысқа тарап, қаланы кезіп жүреді.
Дәрігер қазір аллергенге арнаулы иммунотерапия (АСИТ) кеңінен қолданылып жүргенін және олең тиімді емдеу әдісінің бірі саналатынын айтты. Одан бөлек аллергиялық ринитті емдеу үшін аурудың белгілерін басатын дәрілер мен мұрынға арналған арнаулы спрейлер пайдаланылады.
Тайыр Нұрпейісов қала тұрғындарын денсаулығына мұқият қарап, аллергияның белгісі байқалса бірден мамандарға жүгінуге шақырды.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через