фото: https://budo-market.ru
Бүгінде қыс мезгілінің ажарын ашып, миллиондаған адамның сүйікті спорты мен ермегіне айналған коньки тебу өнерінің тамыры тереңде жатуы әбден мүмкін. Тіпті оның бастауын қазақ даласымен байланыстыратын деректер бар. Археологиялық жаңалықтарға сүйенсек, конькидің ең алғашқы үлгілері шамамен 3600 жыл бұрын қазіргі Қазақстан аумағында жасалған.
Бұл туралы археолог, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиұлы айтады. Ғалымның пікірінше, конькидің отаны ретінде Қазақстанды атауға толық негіз бар.
Қола дәуірінен жеткен сыр
Алғашқы дерек 1948 жылға тиесілі. Сол жылы Қостанай өңірінде Тобыл өзені бойындағы қола дәуірі қонысына қазба жүргізілген. Зерттеу жұмысын археолог О. А. Кривцова-Гракова басқарған. Қазба барысында табылған кейбір сүйек бұйымдардың нақты не мақсатта қолданылғаны сол кезде анықталмаған.
Уақыт өте келе бұл құпияның сыры ашыла бастайды. 1961–1965 жылдары көрнекті ғалым Әбдіманап Оразбаев Солтүстік Қазақстандағы Шағалалы өзені маңындағы қола дәуірі қонысын зерттеп, сүйектен жасалған конькилерді анықтайды. Ол өз жаңалығын 1965 жылы отандық басылымдарда және Мәскеуде ағылшын тілінде жарық көрген Совет Лайф газетінде жариялаған. Кейін шетелдік сарапшылар бұл олжаларды арнайы зерттеп, олардың шынымен де сүйек коньки екендігін растаған.
Сүйектен сырғанау өнері
Археологиялық табыстарға қарағанда, қола дәуірінде Қазақстан аумағында сүйек коньки жасау кең тараған. Олар негізінен жылқының сирақ сүйегінен дайындалған. Салмағы шамамен 400 грамдай болғанымен, ғасырлар бойғы мүжілу салдарынан жеңілдеп кетуі мүмкін.
Сүйек конькилердің екі ұшында арнайы тесіктер бар. Зерттеушілердің пайымынша, ежелгі адамдар ол тесіктерге қайыс бау өткізіп, аяқтарына байлап пайдаланған. Қазба жұмыстары кезінде ересектерге де, балаларға да арналған үлгілердің табылуы – бұл өнердің сол кезеңде кең қолданыста болғанын аңғартады.
Кездейсоқ ашылған жаңалық па?
Ғалымдар сүйек конькидің пайда болуын тұрмыстық тәжірибемен байланыстырады. Мүмкін, біреу мұз үстінде жатқан сүйекке байқамай басып, оның сырғанайтынын аңғарған болар. Осылайша қарапайым бақылау үлкен жаңалыққа жол ашқан. Бұл жорамал ғылымдағы көптеген кездейсоқ ашылыстарды еске салады.
Ақпарат дереккөзі:https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через