фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/NurlanAuelbekov
Тұрғын үй бағасының өсуі – сұраныс па, әлде қолдан жасалған үрей ме?
Қазақстандағы баспана бағасының соңғы айларда тікелей көтерілуі – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе Алматы мен Астанада шаршы метр құны рекордтық деңгейге жетіп, халықты алаңдатып отыр. Алматыда орташа баға 800 мың теңгеден жоғарыласа, елордадағы бизнес-класс пәтерлерінің құны 1,3–1,5 млн теңгеге дейін көтерілген.
Үкімет спекуляция барыын рас деді ме?
Өткен аптадағы брифингте Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тұрғын үй нарығындағы жағдайға қатысты нақты пікір білдірді. Ол мемлекеттік органның жекеменшік құрылыс компанияларының баға белгілеуіне араласа алмайтынын айтқанымен, қазіргі қымбатшылықты табиғи нарықтық факторлармен түсіндіру жеткіліксіз екенін мойындады.
Министрдің сөзінше, нарықта «ажиотаждық көңіл-күй» байқалады және бұл жағдайды кейбір құрылыс компаниялары әдейі жоғарылатып отырған болуы мүмкін.
«Бағаның 30% және одан да көп өсетініне еш негіз көріп тұрған жоқпын. Қазір нарықта қолдан жасалған ажиотаж бар», — деді Нағаспаев.
Бұл – билік өкілінің бірінші рет «спекулятивті компонент» бар екенін ашық айтуы.
Баға өсуінің негізгі себептері қандай?
Қазақстан риэлторлары қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко қазіргі жағдайға әсер етіп отырған үш негізгі факторды атап өтті:
– ақпараттық манипуляция,
– алдағы салық реформасына қатысты халық арасындағы түсінбеушілік,
– тұрғындардың сатып алу қабілетінің әлсіздігі.
Оның айтуынша, «баға 30–40% өседі» деген мәлімдемелер көп жағдайда құрылыс компаниялары тарапынан таралып жатыр және нақты экономикалық деректерге емес, олардың жеке мүдделеріне сүйенеді.
2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілетіні белгілі. Алайда сарапшы құрылыс компаниялары бұл өзгерісті алдын ала бағаға қосып қойғанын айтады.
«Нарықтағы сұраныс бар, бірақ басты мәселе — азаматтардың нақты төлем қабілеті. Ол артпайынша, бағаның шектен тыс өсуі шындыққа жанаспайды», — дейді Лукьяненко.
Сарапшының болжамынша, нарық кем дегенде 2026 жылдың көктеміне дейін тұрақтанбайды.
Экономистер не дейді?
Экономист Ғалым Құсайынов ҚҚС өсімінің нақты әсері тек 2027 жылы сезіле бастайды деп есептейді. Себебі жаңа салық талаптарымен салынған нысандар сол кезде ғана нарыққа шығады.
«Қазір халық табысы айтарлықтай өспей тұр. Шығын артқанымен, жұрттың сатып алу мүмкіндігі өзгермейді. Бұл құрылыс компанияларын жобаларды қысқартуға итермелеуі мүмкін», — дейді ол.
Оның айтуынша, салықтың көтерілуі шағын және орта құрылыс фирмаларына аса ауыр тиеді. Себебі шығын өсіп, пайда маржасы төмендеп, бәсекеге қабілеттілікке нұқсан келуі мүмкін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через