фото: https://pixabay.com/
Әдетте желтоқсан айында бөлшек сауданың көрігі қызады: жылдың соңғы айы Қазақстанда мерекелі-берекелі болып келетін, жұмыс істейтін азаматтар бірнеше сыйақы-премия, 13-ші жалақы алып, қаржыға қарық болатын.
Бір-біріне қонаққа ағылған жұрт үлкен дүкендерді қалың нөпірге толтыратын.
Бірақ бұл көрініс келмеске кеткендей: қалалықтар байқаған болар, "Жаңа жыл" мерекесіне он күннен сәл аса уақыт қалды, алайда қазіргі кезде супер-гипермаркеттерде ұзынсонар кезек жоқ. Ірілерінің өзінде жиырма шақты кассаның үш-төртеуі ғана жұмыс істейді. Ретейлерлер бұрынғы жылдарға қарағанда биыл сауда жүрмей тұрғанына, қымбатшылыққа қарамастан, желтоқсандағы орташа чек өткен жылдардағы 15-25 мыңнан енді 8-15 мыңға дейін құлдырағанына қапаланады.
Қазақстан халқының сауда-саттыққа көңіл хошы жоқтығын, әрі оны әмияны көтере бермейтінін зерттеулер де растайды. Halyk Finance талдауы көрсеткендей, ішкі сауда өсім қарқынын жоғалтуда. 2025 жылғы қаңтар-қараша қорытындысында ел экономикасының осы базалық секторындағы өсім жылдық мәнде 8,8%-ға дейін баяулаған. Бұл сарапшылардың жыл соңында іскерлік белсенділіктің төмендейтіні туралы көңілсіз болжамының шындыққа айналғанын көрсетеді.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақ елі байырғы заманнан сауда-саттыққа сүйенеді. Қазіргі кезде сауда секторы – Қазақстанның ЖІӨ-сінің алтыдан бір бөлігін немесе 16,7%-ын өзі қалыптастырады. Осыдан-ақ оның мемлекет үшін өмірлік маңызын бағамдауға болады.
Сарапшыларды қатты алаңдатып отырған жайт бар: сауда саласының өсімінде бөлшек сауда-саттықтың үлесі кеміп, көтерме сауда үстем бола бастады. Неге бұл – қауіп? Өйткені шенеуніктер көтерме саудаға өндірілген мұнайдың ішкі нарыққа жеткізілімдерін де қоса салады. Бюджеттік шығыстар өнеркәсіптік өнімдерге сұранысты арттырды.
HalFin бағалауынша, мұндай құрылым саланы ұзақмерзімді перспективада осал етеді, оның шикізаттық секторға тәуелділігін арттырады. Мемлекет бұл саланы да бюджеттік шығындар есебінен ынталандыруға шектен тыс елігіп кетті.
Ұлттық статистика бюросының деректері бұл қауіптің негізсіз еместігін көрсетеді: көтерме сауда саланың негізгі драйверіне айналды және жалпы айналымдағы үлесі 66,8%-дан асқан. Соның өзінде көтерме сауданың өсім қарқыны қаңтар-қазандағы 9,7%-дан қаңтар-қарашада 9,4% дейін кеміпті. Бұл ретте көтерме сауданың ішінде өндірістік өнімдердің үлесі 82,1%-ға жетіп, жыл басынан бері 12,2%-ға ұлғайған.
Қарапайым халық мұнай, газ, битум және басқа биржалық, өндірістік өнімдерді дүкеннен сатып алмайды. Демек, статорганның осы мәліметінің өзі қатардағы қазақстандықтардың сауда жасауды мүлдем қоймағанымен, қатты азайтуға мәжбүр екенін аңғартады.
Бүгінде жалпы саладағы бөлшек сауданың үлесі 32,7% ғана. Сарапшылар бөлшек сауда-саттықтың кері кетуін тұтынушылық сұраныстың "суығанымен" түсіндіреді. HalFin бұған халықтың шынайы табысының құлдырауы және тұтынушылық кредит берудің шектелуі ықпал еткенін қаперге салды.
Нақтылағанда, Қазақстанда нақты жалақы 2025 жылғы 9 айда өсу орнына, жылдық мәнде 0,4% кеміген. Салдарынан, тұтынушыларға қолында қалған азғантай ақшасын тек бірінші кезекте қажетті тауарларға ғана арнауға тура келеді.
"Халық аз келетін болды. Бас сұққандары негізінен, нан, сүт, қант, май, консерві сияқты күнделікті жейтін тамағын, сондай-ақ темекі, арақ алады. Жұрт қайтадан "бич-пакеттерге" (тез дайындалатын кеспеге) орала бастады, сұраныс артқандықтан бір "гондоланы" (ортада орналасатын стеллаж) соған беріп қойдық. Супермаркетіміз тұрғын үйдің бұрышында болғандықтан, екі көшеден де кірсін деп, екі есікті ашып қоятынбыз. Биыл қожайын оның біреуін жапты, өйткені екі күзетшінің біреуін қысқартты. Былтыр таңнан кешке дейін дамыл таппай, шаршайтын едік, енді көбіне зерігіп отырамыз", – дейді "үйдегі дүкен" форматындағы супермаркеттің кассирі Салтанат.
Сарапшылардың болжамы одан бетер тұнжыраңқы: шағын дүкендердің бәрі жойылуы мүмкін. Orda.kz өзіне "үйдегі дүкендердің" иелері шағыммен жүгінгенін жазды. Оларды Сауда министрлігінің әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімін кеңейту жоспары ашынған жағдайға жеткізіпті.
Бұл тізімге дүкендерге қазіргі кезде бас сұғатын азғантай сатып алушылардың басым көпшілігі сатып алатын 19 тауар түрі кіреді. Мемлекет дүкендерден оларға 15%-дан артық үстеме баға қосып сатуына тыйым салады. Енді сауда ведомствосы ӘМАТ тізімін 33 тауар түріне дейін кеңейтуге ниетті.
Саудагерлердің арыздануынша, 15 түгіл, тіпті 25%-дық үстеме баға да өзін ақтамайды. Себебі, біріншіден, жалға берушілер аренда ақысын үнемі көтереді. Екіншіден, тауарлардың көбі шетелден тасылады, ал, теңге болса, құнсыздануда. Үшіншіден, Үкіметтің рұқсатымен кейінгі екі жылда монополистер коммуналдық қызметтердің тарифтерін екі есе көтерді. Төртіншіден, мемлекеттің алым-салығы артуда.
Бірақ шенеуніктердің кәсіпкер мұңымен шаруасы жоқ: елдегі тоқтаусыз шығандаған инфляцияны құрықтай алмаған шенділер халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын ғана ұстап қалуға тырысуда.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через