
фото: pexels.com
Бүгін Дүниежүзілік қоршаған орта күні
Дүниежүзілік қоршаған орта күніндегі биылғы тақырып «Пластикке қарсы күрес» деп аталады. Өйткені зиянды қалдық шығарындыларынан қоршаған ортаға келер қауіп көп. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазір пластик қалдықтармен күресудің қандай жаңа әдістері бар. Пластик қалдықты ыдырататын теңіз саңыраулықтары табылды
Әлемде жыл сайын 400 млн тонна пластик өндірледі
Жыл сайын дүниежүзінде 400 миллион тоннаға жуық пластик өндіріледі. Оның тек 9%-ы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына төгіліп, орман мен өзен-көл, мұхиттарға тасталады. Пластик қалдықтардан біржолата құтылудың жолдары аз. Оны пиролиз арқылы балқытып немесе жай ғана жағып жоюға болады. Бірақ бұл адамзатқа да, қоршаған ортаға да зиян. Сондықтан ғалымдар пластик қалдықпен күрестің жаңа тәсілдерін ойлап тауып, сынақтан өткізіп жатыр.

Фото: pexels.com.
Австралиялық ғалымдар полипропиленді ыдыратуға қабілетті екі түрлі теңіз саңырауқұлағын тапты. Зерттеу барысында ультракүлгін сәулелермен оның тезірек ыдырайтынын анықтады. Зертхана жағдайында бір айда үлгінің 21%-ы, ал үш айда 27%-ы ыдыраған. Полипропилен медицина мен өнеркәсіпте жиі қолданылады. Пластик қалдықтардың 25%-ы осы материалдан тұрады. Бірақ тек 1%-ы қайта өңделеді.
Әли Аббас, Сидней университетінің химиялық инженерия профессоры: - Саңырауқұлақтар пластик секілді материалдарды табиғи жолмен ыдырататын ферменттер бөледі. Біз пластикті саңырауқұлақпен қоректендірмес бұрын алдын ала өңдейміз. Саңырауқұлақтар пластикке жабысып, оны ыдыратып, көміртекті көмірқышқыл газы мен су сияқты жеңіл қосындыларға айналдырады. Жапон ғалымдары суда тез еритін пластик ойлап тапты
Ал жапондық ғалымдар суда тез еритін пластик ойлап тапты.
Бұл материал мұнайдан жасалатын пластиктен беріктігі жағынан кем түспейді. Мамандар ол қоршаған ортаның ластануын едәуір азайтар еді дейді. Жалпы пластиктен жасалған өнімдер күнделікті тұрмыста көп қолданылады. Алайда жарамсыз болып қалғаннан кейін, дені қайта өңделмейді. Қоқысқа тасталып, ормандар мен теңіз-мұхиттарды ластайды. 2020 жылы шамамен 3 миллион тоннаға жуық микропластик тасталған. Біріккен ұлттар ұйымының болжамына сенсек, 2040 жылға қарай пластикпен ластану үш есеге артып, жыл сайын мұхиттарға 20-40 миллион тонна қоқыс түседі. Сол себепті пластиктің зиянды емес, балама түрлерін ойлап табу маңызды, дейді жапон ғалымдары.
Такудзо Айда, зерттеуші: - Жапонияда қаптамалардың көбі пластиктен жасалған. Егер соның санын қысқарта алсақ, қоршаған ортаға келер залалды да азайтар едік. Бұл жаңа пластикті қаптама саласында қолдануға болады.
Чилиде өзенді қоқыстан тазалауға арнайы бөгеттер қолданыла бастады
Чилиде пластик қалдықтармен күресте тиімді әрі экологиялық таза әдістерді қолдануға мән беріледі. Ел астанасы Сантьягоның дәл орталығында Мапочо өзені қоқысқа толып қалған. Оны еріктілер қоршаған ортаға зияны жоқ арнайы көпіршікті бөгеттердің көмегімен тазартуды бастады. Олар пластик сияқты жеңіл қоқысты су бетіне тез шығарады. Шаһардағы өзенді қоқыстан тазалау жобасын Мапочо өзенінің табиғи мұрасын сақтау қоры жүзеге асырып жатыр. Өйткені елдің ең тығыз қоныстанған аймағы арқылы ағып өтетін өзен кейінгі жылдары заңсыз қоқыс тастайтын орынға айналған.
Хоакин Мур, волонтер: - Мапочо өзені Сантьягоның қақ ортасымен ағады. Қазір беті қоқысқа толып қалған. Оны уақытылы тазарту шараларында салғырттық бар. Сондықтан осы жобаны қолға алуды жөн көрдік. Ол арқылы пластик қалдықтарды өзеннің басқа бөліктеріне, тіпті мұхитқа дейін өткізбеуге болады.
Пластик арзан, әрі ыңғайлы материал. Бірақ оның адамзат пен табиғатқа тигізер зияны көп. Сондықтан бұл мәселемен күресуге әр азамат атсалысуы тиіс. Мәселен, қалдықтарды сұрыптап, пластикті бөлек жинап тапсыру секілді қарапайым әрекеттер үлкен өзгеріске себеп бола алады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через