
фото: https://www.istockphoto.com
Қазақ даласындағы киік популяциясы 5 млн-ға жеткен.
Бұл әлемдегі ақбөкеннің 98%-і елімізде жайылып жүр деген сөз. Рас, киелі киік санын көбейту жөніндегі қазақстандық тәжірибе жаһанға үлгі. Алайда қазір Ақмола, Қарағанды және Батыс өңірлерінің шаруалары зардап шегіп жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстанның шаруа қожалықтарына 36 млн теңгеге дейін шығын келген. Ұлттық құрылтайда Президент Үкіметке осы мәселенің оңтайлы шешімін табуды тапсырған еді. Бүгін Мәжілісте түйінді түйткілге арналған комитет отырысы өтті. Онда қандай ұсыныстар айтылды?
Жайылымға түскені өз алдына, егінді таптап кету қаупі бар. Оған қоса, мал арасында пастереллёз сияқты түрлі вирустың таралуына себепші болуы мүмкін. Сондай-ақ қырылған киікті ауыл жұрты малға арналған қорымға көмуге мәжбүр. «Өңірде қордаланған ауыл шаруашылығы мәселесіне бұл жығылған үстіне жұдырықтай болып тиіп жатыр», - дейді ғалым Сергей Скляренко.
Батыс Қазақстан аймағында жүргізілген зерттеу ақбөкеннің табиғи миграция жолының бұзылғанын анықтады. Яғни, желілік инфрақұрылым салынғаннан кейін киіктер бір жерде шоғырланып қалған. Әзірге Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жер-жерде құрған штабы киіктерді егістіктен әрі айдаумен ғана шектеліп отыр.
Қызыл кітапқа енген ақбөкенге бүгінде ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Демек, оны Қызыл кітаптан шығаратын кез келді. Депутат Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, киікті атуға заң жүзінде тыйым салынғаны санын реттеуге кедергі келтіріп тұр.
Болжам бойынша биыл киік саны 6 млн-ға жетіп қалуы мүмкін. Ғалымдар: «Популяциясын 20% азайту арқылы шабындық пен егіндікке келтірер зардабын азайтуға болады», - дейді. Еті мен мүйізін өткізіп, жергілікті халық пайдасын да көре алады. Отырыста айтылған ұсыныстардың бір парасы осы. Мәлім болғандай, бүгінде зоология институты арнайы ғылыми негіздеме әзірлеп жатыр. Осыған сүйеніп, комитет таяу уақытта үкіметке арнайы ұсыныстарды енгізеді.
https://24.kz/kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через