Адамдар  өмірден неге суынады?

Адамдар  өмірден  неге суынады?
фото: Фейсбук парақшасынан

Өткенде Астана IT университетінің студенті  «Времена годаның» 24 қабатынан өзін тастап жіберген оқиға орын алды. Өзіміз сол тұрғын үй кешенінде тұрған едік, естігенде жаман күйге түстім. Бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Әрнәрсені ойлайсың.  Көріп отырсыз, қоғам рухани күйді де, психологиялық күйді де жеке адамның мәселесі деп ысырып тастаған.

Жастар неге өмірден суынғыш болды?

1. Суицидтің көбеюіне әртүрлі жағдай әсер етуі мүмкін, соның ішінде кредиттер мен займдар, букмекерлік клубтардың кесірі де тиіп отырған жәйі бар. Қазір банкке бармай-ақ 2-3 минут ішінде телефонмен кредит рәсімдеуге болады. Жас балалар осылай оп-оңай қарыз батады. Ақша тігіп ойын ойнау да бір кесел болып отыр. Сондықтан да 18 жасқа толған кез келген азаматқа несие беруді тоқтатуға заң шығару керек. Құқықтық тұрғыда ересек болғанмен, рухани тұрғыда әлі жетілмеген жастар ойланбай бір қиындықтан шығам деп екіншісіне ұрынады. Жасы 23-ке толған жастардың өзіне несие алуға  ата-анасының рұқсаты болуы керек.

2. Әлеуметтік қысым мен жалған идеалдардың әсері болуы да мүмкін. Кейбіреулер әлеуметтік желілердегі қымбат көлік, мол табыс, жасанды бақыт образдарынан өзін «кем» сезініп апатияға түсуі мүмкін. Өйткені адам санасы әртүрлі.

3. Суицид – бұл үнсіз ұзаққа созылған ішкі күрестің соңғы шегі болуы, айналамызда сондайға тап болған туыс не әріптес жүрсе де оны байқамауымыз да мүмкін. Немесе "жабығып жүрсе ол өзінің шаруасы ғой" деп мән бермейміз. Қолында хал сұрайтын телефоны болғаны не керек, адамдар бір-бірінен алыстап кетті. Айтпаймыз. Ішімізді ашпаймыз. Тыңдамаймыз. Жанына үңілуге тырыспаймыз. Өйткені біз эмоцияға сауатсыз қоғамбыз. Біздің көбіміздің баламыз жайлы мағлұматымыз – «Оқып жүр ме? Тамақ ішті ме? Ақшасы бар ма?» болды, сонымен шектеледі. Баланың жан дүниесінде не бар, неге оңашалана береді, неге ой үстінде,  ішінде әлдебір күйзеліс жоқ па, не ойлайды, ол жайлы сөйлесуге уақыт таппай қаламыз. Жылы сөз… оны қимағаннан емес, соны айтуға, қабылдауға дағдыланбағаннан. Біздің өзіміз «сезіміңді айтпа, қатты бол, үндеме, шыда, намысыңа тиеді, ел не дейді?» деген сөзбен өскендерміз ғой.

Бір өзі ғана білетін қиын жағдайға ұшыраған, кім қалай қабылдайды деп айтуға батылы жетпей ішкі қайғысымен арпалысып жүріп те өмірдің талай соқпағынан өткен қаншама адамдар бар, олар үнсіз жүріп өмірді таныған, даналыққа жеткен болуы мүмкін. Бірақ, үлкен адамдардың бәрі шыңдалған, қайралған деуге болмайды, сана шаршап, ішкі тегершігі істен шығып кететін кезі де болады. Өмір оңай емес. Ал жас адамдар ше? Оларда ішкі ауырлыққа қарсы тұрар эмоционалды иммунитет толық қалыптаспағаннан алғашқы сәтсіз махаббат, ата-ананың қысымы, оқу мен болашақ алдындағы белгісіздік – бәрі шексіз үлкен проблема сияқты көрінеді. Олар өмірдің өзгермелі екенін әлі өз тәжірибесімен сезініп үлгермегеннен көп жағдайда: «ешкім мені түсінбейді», «мен керексізбін, артықпын», «мен болмасам да ештеңе өзгермейді» деген  ойларға түседі. Бұл – олардың ішкі жалғыздықпен күресу жолын білмегендігінен болсам керек. Көп нәрсеге кеңірек қарай алмайды. Сәл нәрседен басқа ой туындатып, мысалы, қаржылық тығырыққа тірелсе де, ата-анасы салқын қабақ болса да,  оны ешкім түсінбейтіндей болса да, соның бәрін ауыр алады, жоқ жерден қайғы ойлап табуы мүмкін. Осыдан бірдеңе дұрыс болмаса да, «Мен жақсы бола алмадым, ата-анамның үмітін ақтамадым, демек, мен жарамсызбын» деген ішкі үкім шығаруы да мүмкін. Жанындағылардың суықтығы, немқұрайлылығы бұл ойды күшейте береді.

Кей адамға «өмір – сынақ, бәрі өткінші» деп сену күш береді, келесі біреуге ол түсінік ештеңе бермеуі мүмкін. Біреу  неден өтіп, не көрсе де Құдайдың кезекті тапсырмасы деп қабылдап, ал келесі біреу дүниенің бар қайғысы бір өзінің басына құлағандай болып жүреді. Демек, бұл рухани кеңістікке де байланысты. Бірақ, бәрібір де адамды қиын жағдайда, сынып кететін сәттерде ұстап қалатын, қарманатын  «тал» болуы тиіс, ол – бір парыз ба, жауапкерлік пе, «әке-шешемнің жағдайы не болады, мен үшін қайғырады ау» деген бір ой болса да… Бірақ бұл да  адамның ішкі жан қуатына, жалпы болмысы, ортаға байланысты. Кей адамда ішкі тірек – сенім, үміт, сүйіспеншілік, бір жылы естелік болады. Кейбірінде ондай тірек жоқ немесе уақытша әлсіреген болса не істеуге болады?

Бірақ, қалай десек те, ең қымбаты – өмір. Бәрінің орны толады, дүние, ақша келеді. Ал өмірді қайтара алмайсың. Өмірсүйгіштік – дарытатын нәрсе емес, о баста адамға бітетін қасиет болу керек.

Жапонияда адамдар суицид жасауға көбіне метроны таңдайды екен. Метроны он бес минут тоқтатып қойып, мүрдені алып тастап, орнын тазалап, сосын қайтадан жұмысын жалғастырады. Бұл күнделікті қайталанатын жағдай көрінеді. «Солардың кесірінен ылғи сабақтан кешігіп қаламын», - дейтін көрінеді жапон қыз. «Акико адамның өлгеніне емес, сабақтан кешігетініне өкінетін сияқты» деп таңғалады Мейірхан.  Ести-ести, көре-көре үйреншікті болып кеткен ғой шамасы. Ал біз бұндайға үйренбеуіміз керек.

Бізде де жыл сайын төрт мыңның үстінде адам суицид жасайды, бұл статистика азғантай халық үшін тым көп. Біз 126 млндай халқы бар Жапония емеспіз ғой. Әр қазақтың орны бар.

 P.S. Айдың, күннің аманында перзентін жоғалтып, басына қайғы түскен адамдарды жұбату да қиын.  Жақсы адамдардың зар еңірегенін көруден ауыр не бар? Бізде осындай жағдайға ұшырағандармен жұмыс істейтін арнайы маман да жоқ. Уақыты келгенде өз ішінен күш тауып не айнала жұртшылықтың демеуімен ес жинауы мүмкін (қазақтың қайырымы, әлдеқалай ауырлық түссе бөлісе алатын көңіл жомарттығы өзіне көмек). Бірақ бәрібір де баланың қайғысы қиын, артында ешқашан орны бітпейтін бос қуыс қалды. Ол вакуумды ата-анасы, бауыры өмірбақи сезінуі, "неге өйтті, неге сақтай алмадық" деген өкініш өмір бойы болуы мүмкін. Перзентті жоғалту бүкіл өмір желісінің үзілуі сияқты ғой. Мұндай күйге түскендерге сабыр берсін дейік енді...

Жадыра Шамұратова