
фото: pixabay.com
Жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлы (1942-2020) бір сұхбатында жазушы болмасам, аңшы немесе орман, тоғайды қорғайтын қорықшы болар ма едім дейді. Қызық. Жапан түзде, қия-жота, тауларда жалғыз өзі отырып, аң күзеткеннің несі жақсы дейсің.
Әйтсе де тағдырдың аңкөс тұлғаны қорықшы қылмай, қолына қалам ұстатқаны қаншалықты дұрыс болғанын қазақ әдебиеті сөзсіз растай алады. Енді бір жағынан, әрине, шығармашыл жанның табиғаттың қырық алуан түсіне, тыныштығына, үйлесіміне ынтық болуы заңды.
Өзі де: «Табиғатты жақсы көремін. Қолым қалт етсе, серуендеуге, балық аулауға шығып кетемін. Айналаң тым-тырыс, ойың тұнық. Өзіңмен-өзің отырып, қармақтың суға түскенін, оған балық ілінгенін бақылау – бір ғанибет. Жаның рақаттанады», деп толғанады.
Қаламгерді қармаққа құмартқан, бәлки, сонау Қызылбұлақты жанап аққан Жем, Сағыздың гүрілі болар.

Фото: adebiportal.kz.
«Жиырма жылдай «жоғалған» жазушы» балықшылықты сенбі-жексенбіде бір шығатын ермек қылып қана қойған жоқ. Бұл салаға кәсіби тұрғыдан келді, көп ізденді, індете зерттеді, қызығушылығын жазуымен ұштастыра білді. Сөйтіп, 2008 жылы «Алабұға, аққайран...» (Еліміздің өзен-көлдеріндегі балықтар жөнінде не білесіз?) деген кітап жазды. Сол кітаптың алғысөзінде автор осы тақырыпқа қалай келгенін баяндайды.
«Жақында республикалық баспасөз беттерінде Қазақстандағы «аққайранның» уылдырығын дүниежүзілік рынокқа шығаруды шектеу туралы хабар жарық көрді... Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Біз қашаннан бері «аққайранның» уылдырығын шетелдерге шығарып келіп едік? Неғып олар «аққайранның» уылдырығына зар болып қалған?! Сөйтсем... орыс тіліндегі газеттерде бұл «белуганың» уылдырығы туралы әңгіме екені нақты айтылған екен. Сонда, біздің республикамыздағы өзен-көлдерде тіршілік ететін балықтардың атауларын балалар түгілі ересектер де нашар білетін болғаны-ау деген ой еріксіз оралды».
Сонымен, саусақпен санарлық бес-алты «қызыл балықтың» атауын білмейтін қоғамға налыған қаламгер: «Қой, ең болмаса, кейінгі ұрпақ зердесіне тоқи жүрсін» деп, білгенімізше, Қазақстанның өзен-көлдеріндегі балықтар туралы оқырмандарға мағлұмат беруді жөн көрдік. Біздің кемшілігіміз бен қатемізді бізден гөрі жақсырақ білетіндер түзетер деп үміттенеміз», деп балықтардың әлеміне шомып отырып, ғылыми тақырыпқа дендейді.
Бұдан бөлек ол шахмат, бильярд, картадан преферанс ойнайтын. Бәрінде де жанын салып, беріліп ойнайтын. Шахмат ойнап отырғанда, фигуралардың біріне қолың тиіп кетсе, «болды, қолың тиді, енді соны жүресің» деп бәле қылады деседі. Ат жарысқа да есі кететін. Бәйге аттарын ылғи қадағалап жүреді екен. Домбыраны да әп-әдемі тартатын. Сезімтал, әсершіл жанның домбырадан алыс болуы да мүмкін емес қой.
Айта кетсек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұқамбетқалиұлының жетпіс сегіз жасында (1942-2020) жер бетіндегі сапары аяқталды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через