Жоғары пайызбен депозит ашуды ұсынған банкке қызықпаңыз. Сарапшы пікірі

Жоғары пайызбен депозит ашуды ұсынған банкке қызықпаңыз. Сарапшы пікірі
фото: pixabay.com

Бағалы қағаздарға және банктік депозиттерге инвестициялар жинақтарды инвестициялаудың негізгі нұсқаларының бірі саналады және олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, артықшылықтары мен тәуекелдері бар, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы.

Банктік депозит – бұл ақша қаражатын жинақтау мен көбейтудің классикалық тәсілі, ол жинақтарды белгілі бір мерзімге, әдетте белгіленген пайыздық мөлшерлемемен банктік депозитке салуды көздейді. Банктік депозиттің басты артықшылығы - сенімділік - депозиттегі ақша мемлекетпен қорғалады және банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшыларға қайтарылуына кепілдік береді. Инвестициялаудың бұл әдісі капиталды сақтап, тұрақты табыс алғысы келетін консервативті инвесторлар үшін қолайлы.

 «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» наурыз айынан бастап теңгемен ашылған депозиттердің сыйақы мөлшеріне шектеу қоймайтынын жариялады. Демек келесі айдан бастап жинақтың пайызын әр банк өз бетінше белгілейді, деп хабарлады qazaqstan.tv.

Депозиттің шекті мөлшері бұған дейін ай сайын өзгеріп отыратын. Соңғы рет ол 14,8 пайыз деп белгіленді. Сыйақы мөлшерін бұдан асырған жағдайда банктер қосымша жарна төлейтін. Енді теңгемен ашылған депозит үшін бұл жүйе қолданылмайды.

Наурыз айынан бастап біздің қор осы шекті мөлшерлемелерді алып тастап отыр. Яғни ешбір банкке бұл шекті мөлшерлемелер белгіленбейді. Енді тек қана нарықта қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелерді ғана басшылыққа алады. Мұндағы мақсат - әрине теңгелік депозиттерді дамыту, бұл Ұлттық банктің ақша несие саясатындағы басты ұстанымы, дейді  Жаппарберген Айбота, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ ресми өкілі.

Фото: pixabay.com.

Сарапшы: Жоғары пайызбен депозит ашуды ұсынған кез келген банкке қызығудың қажеті жоқ

Сала бақылаусыз қалмайды. Депозиттің пайыз мөлшерлемесі нарықтағы орташа көрсеткіштен асса, банктер бұрынғыша жарна төлейді. Десе де, сарапшылар жоғары пайызбен депозит ашуды ұсынған кез келген банкке қызығудың қажеті жоқ дейді. Қаржы ұйымын зерттеп алған жөн. Себебі активі аз, тұрақтылығы төмен банктер кейін дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін.

Тәжірибеде көп болды. Банктердің Ұлттық қордан, Самырұқ Қазынадан қаржы алып, банкротқа кетпеуі қамтамасыз етіп отырдық. Қайткенмен де капитал болуы керек. Халықтың табысы ең құрығанда 60-70 пайызы емін-еркін дамуына болашақ ақшасының салуға артық табысы болса, онда әрине бұл жақсы инструменттердің бірі болады. Халықтың табысы болмаса онда ол құр шешім боп қалады, деп мәлімдеді  экономист  Рашид Жақсылықов.

Ал кей сарапшылар депозитпен қатар, несие пайызы өсе ме деп қауіптенеді.

Қарап отырсаңыз, кез келген банкте сіздің салған депозитке берген ақшаңызға берілген пайыздан, несиеге берілетін пайыз жоғары болады. Ұлттық банктің пайыздық несиені 50 пайыздан көтермеу туралы шектеу бар ғой. Міне, осыған да әсерін тигізіп кетуі мүмкін. Біз салған депозиттік мөлшерлеме 20 пайыз ұсынды делік. Несиеге берілетін пайыздық мөлшерлеме де өсіп кетуі мүмкн, дейді  экономист  Ләззат Нұрғалиқызы.

Елімізде депозиттер бойынша кепілдік мөлшері сол күйі сақталады. Яғни, мемлекет теңгедегі жинақтар үшін кепілдік соммасы 20 миллион, мерзімді және мерзімсіз салымдар үшін 10 миллион, ал шетел валютасындағы депозиттер үшін 5 миллион теңгеге кепілдік береді.

 Қазір қазақстандықтардың депозиттегі жалпы жинағы 24 трлн теңгеден асады. Оның 18 трлны теңгемен сақталған.