
фото: pixabay.com
Онлайн сауда қызып, базарлар тоқыраудың аз-ақ алдында тұр. Сондықтан сатушылар көштен қалмай жаппай әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдауға көше бастады. Бұл туралы Kazinform. Жібек жолы арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Бірақ, бәрі ойдағыдай бола бермейд екен. Кейбіреулер телефонмен тапсырыс береміз деп сан соғып қалып жатыр.
Онлайн сауданың оңтайлы тұсы
Бұрын бұл базар құж-құж қайнап жататын. Қазір сауда жасаушылар саны едәуір азайған. Жұрт сабылып базар аралағысы келмейді. Оның орына қосымша арқылы тапсырыс бере салған тиімді деп есептейді. Сондықтан, базардағылар да әлеуметтік желінің көмегімен кәсібін дөңгелетуге көшкен.
Фото: видеодан алынған скрин
- Көбінесе адамдар уақыт жоғалтып дүкенге барғысы келмейді. Өзімізде дәл солаймыз. Сондықтан, онлайн сауданы мен де қолға алып жатырмын. Бізге клиенттер ватсаптан жазады. Біз оларға жауап береміз әрі жеткізу қызметін де ұсынамыз, - дейді сатушы Назгүл Қадырбекова.
Электронды сауданың оңтайлы тұстарын тұрғындар да растайды.
Фото: видеодан алынған кадр
- Жиі тапсырыс беріп тұрамын. Тіпті азық-түлікті де үйге дейін алдырамын. Себебі, жұмыстан кеш келіп, Астананың «кептелісімен» дүкенге барып үлгермейміз. Жеткізу қызметі көңілден шығады. Алатын заттарымның да сапасы жақсы. Ең бірінші басқа да тұтынушылар қалдырған пікірлерді оқимын. Содан кейін ғана шешім қабылдаймын, - дейді қала тұрғыны Аружан Дүйсенқызы.
- Онлайн сауда – уақыт үнемдеуге жақсы. Алған тауарыңызды тіпті үйге дейін әкеліп береді. Бағасы да қалтаға салмақ салмайды, - дейді Астананың тағы бір тұрғыны.
Сан соғып қалатындар бар
Бірақ, бұл жерде алаяқтардың арбауына түсіп, қаражатты қапыда қолды қылып алуыңыз да мүмкін. Онлайн саудадан опық жеген жандардың бірі Гүлнар Жолжақсенова сатып алған көйлегінің жыртық екенін дәлелдей алмай біраз жүрген.
Фото: видеодан алынған кадр
- Екінші топтағы мүгедекпін. Базарға барғаннан гөрі, онлайн тапсырыс бере салған ыңғайлы маған. Енді жаңағы көйлекті қайтадан апарсақ, сатушы «көйлектің жыртығы болған жоқ» деп мойындамай қойды. Сосын не істерімді білмей қалдым. Көйлектің бағасы шамамен 30 мыңнан жоғары. Бірге тұратын көршім тұтынушылар құқығын қорғау ұйымына хабарласу туралы кеңес берді. Бірден қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірдім. Қазір түйткілді түйін шешілді, - дейді ол.
Дәл осы Гүлнар Жолжақсенова сияқты алданатындар көп. Мәселен, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымына жылына 40 мыңнан астам адам арызданады. Басым бөлігі интернеттегі дүкендердің жұмысына, тауардың сапасына қатысты болады. Медицина саласына қатысты шағымдар да кездеседі. Мысалы, есімін жарияламауды өтінген Астана тұрғыны баласын емдеу үшін әлеуметтік желі арқылы жекеменшік медициналық орталықты табады. Онлайн кеңес алған соң, мекеме қызметкерлері алдын ала төлем жасау керектігі туралы айтқан. Ол ешқандай күдікке бой алдырмай төлем жасапты. Ал, шын мәнінде дәл сол орталықта дефектолог маман жоқ болып шығады. Танауы тасқа тиген бұл тұрғын да заңгерлердің көмегіне жүгініпті.
Алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек?
Иә, мұндай жағдайда бірінші кезекте тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымына жүгіну керек. Хабарласып, болған жағдайды баяндайсыз. Екіншіден сатушымен арадағы хабар алмасуды өшірмеу керек. Онлайн сауда жасағаныңызды дәлелдейтін айғақтар ретінде керек болады.
Сондай-ақ онлайн сауда жасар алдында мынадай деректерге көз жеткізіп алу керек:
- Маркетплейс деген – үлкен электронды сауда орталығы. Тек интернетте орналасады. Онда міндетті түрде тауар сатып жатқан кәсіпкердің мекенжайы көрсетілуі керек. Нақты дүкені болуы керек. Сонда қорықпай ала бересіз. Неге? Себебі, алған тауарыңызды қайтып беруге, қажеттілік туындаса сотқа беру үшін мекенжайын білесіз. Содан кейін міндетті түрде онлайн сауда жасайтын дүкеннің әлеуметтік желідегі парақшаларын іздеп көріңіз. Егер оқырманы мен жазылған пікірлер саны неғұрлым көп болса, онда ол дүкен адал жұмыс істейтіндігіне сенуге болады, - дейді ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова.
Фото: видеодан алынған кадр
Азаматтардың заңды жетік білмейтіндігін «пысықтар» пайдаланып кетіп жатады. Бұл ретте заңгерлер бірқатар кеңес айтады.
- Барлық тұтынушыға айтарым, «онлайн дүкендерге 10-20 мың ұтылдым, ештеңе етпейді» деп немқұрайлы қарауға болмайды. Кез келген дүниені аларда сол тауар туралы толық ақпаратты іздеу керек. Сатушы кім? Мекенжайы қандай? Басқа сатып алушылар ол туралы не айтыпты? Жағымсыз пікірлер жоқ па? Сапалы тауар арзан болуы мүмкін емес. Ал, жалған сайттарда сұранысқа ие тауарлардың көшірмесі көп кездеседі, - дейді Тұрсын Жағыпарова.
ото: Kazinform
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылы электронды сауда айналымындағы түсім 476,7 млрд теңгеден асқан. Былтыр 3 трлн теңгеге жеткен, яғни нарық 4 жылда 5 еседей ұлғайған. Бұл - барлық бөлшек сауданың 15 пайызы. Ал оның 72,4%-і маркетплейстерге тиесілі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через