Дропперлер деген кім және оларды жазалауға бола ма?

Дропперлер деген кім және оларды жазалауға бола ма?
фото: https://www.istockphoto.com/ru/portfolio/RichLegg

Балалар банк картасына ие болсын!

Құрметті ата-аналар, үйдегі балаларға (әсіресе, студенттерге) мына жағдайды мұқият ескертіп қойыңыздар.

Ел ішінде өзінің банк картасын "жалдап" қоятын жастар көбейіпті. Жеңіл ақшаның буына мастанған балалар оның салдары болатынын, кейін қылмыстық жауапқа тартылатынын біле бермейді. Бала түгілі үлкендердің өзі де білмеуі мүмкін.

Оны ДРОППЕР дейді. 

Дропперлер деген кім?

Дропперлер – жәбірленуші мен алаяқтың арасындағы делдалдар. Кейбір схемаларда бір, кейде бірнеше дроппер болуы мүмкін. Бұл ретте нақты алаяқты анықтау қиынға соғады.

Олар не істейді?

Дропперлер алаяқтарға өз шоттарын ұсынады. Яғни, алаяқтықтың құрбаны ақшаны тікелей қылмыскерге емес, дропперге жібереді, содан кейін ол қолма-қол ақшаны ұрыларға береді немесе оны басқа делдалға аударады.

Бұл алаяқтарға не үшін қажет?

Бір немесе бірнеше дроппер қылмыскерлерге «бой тасалауға» көмектеседі. Делдалдардың шоттарына аударым жасаудың нәтижесінде полицияға нақты алаяқтарды табу және оларды жауапқа тарту қиынға соғады.

Адамдар қылмыскерлерге неге көмектеседі?

Шартты түрде дропперлерді екі үлкен санатқа бөлуге болады: адамдарды тонауға көмектесіп жүргенін білетіндер және адал еңбек етіп жүрмін деп ойлайтындар. Алғашқылар үшін қызметінің моральдық аспектілері маңызды емес. Олар үшін бастысы – уақытылы және қомақты төлем алу – оларға әр «істен» кейін соманың белгілі бір пайызы төленеді. Алаяқтар дропперлердің екінші санатын «аударымдармен жұмыс істеу» деп белгілі бір адал компанияның атынан жалдап, алдайды. Кейде алаяқтар бұл қызметтің заңдылығына сендіру үшін қызметкермен келісімшартқа қол қояды.

Бұл заңды ма?

Жоқ. Аударым жасаған адамды анықтауға тырыспай, шотыңызға себепсіз ақша алып, оны қалағаныңыздай жұмсау заңсыз болып табылады. Бұл үшін ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес жаза қарастырылған.  

Білмей дроппер болып қалмаудың жолдары

Интернетте шотыңыздан басқа біреуге ақша аудару немесе қолма-қол ақша алу сияқты күмәнді жұмысқа келіспеңіз. Ақшаны басқа біреуге беру үшін бейтаныс адамдардан ақша аударымдарын қабылдауға келіспеңіз. Егер күтпеген жерден қомақты қаржы келіп түссе, оның қайдан келгенін білуге тырысыңыз. Егер біреулер қоңырау шалып, ақшаны қателесіп жібергенін айтып, оны қайтаруды сұраса, олардың сөзіне сенбеңіз. Олардан көптеген банктің мобильді қосымшаларында болатын аударымды қайтару мүмкіндігін пайдалануды сұраңыз.

Алаяқтар ондай қызметті интернетте, мессенджжерлерде ұсынады. Ондай қылмыс қалай жасалады?

Интернеттен хабарлама көресіз. Онда банк картасы бар адамдарды жақсы ақыға "жұмысқа" шақырады. "Жұмыс берушіге" карта деректеріңді бересің, ол өзгелердің сыртынан несие рәсімдеп алған ақшаларын сенің шотың арқылы айналдырады. Сол қызметіңе жақсы процент уәде етуі мүмкін.

Былай қарасаң, оп-оңай қиналмайтын ақша әкелетін жұмыс. Жастар жағы соған тез алданып қалып жатыр. Бірақ транзакцияда "із" қалатынын ескеру керек. Күні ертең алаяқтық жолмен біреудің атына несие сіздің (немесе баланың) банктік шотыңыз арқылы шешілген болса, кінәлі - шот иесі болып шыға келеді.

Сол кезде сот сізді кінәлі етіп, шығыңды мойныңызға іледі. Осындай жағдай қазірдің өзінде болып жатыр. ҚР Жоғарғы соты 19 жастағы екі дроппер-студенттің атына шағым түскенін растап отыр. Істі Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты қарап жатыр екен. Арыз иелері олардың әрқайсысынан 9 миллион теңгеден астам соманы өндіріп беруін сұраған. Студенттердің екеуі де 9 миллион теңгеден астам ақшаның барлығын алаяқ көрсеткен есепшоттарға аударған. Енді шот иесі ретінде екеуі жауапқа тартылып отыр.

Бұл кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай екенін ұғынуымыз керек. Осы жағдайды үйдегі балаларға қатаң ескертіп, ұлды да, қызды да  оңай табыс табудан аулақ жүруге кеңес беріңіз. Банктік картамызға ие болайық, халайық!