фото: pexels.com
Мейрамхана мен кафелердегі депозиттік жүйе мен 10 пайыз қызмет ақысын төлеу тұтынушының міндеті. Бұл - мекеме басшылығы бекіткен талаптар. Бұл қаншалықты заңды? Тұтынушы демалуға барған дәмхананың ережесіне бағынуы керек пе? Бұл сұраққа жауапты qazaqstan.tv тілшісі біліп көрді.
Көңіл көтеру немесе тамақтану орындарының өздері «депозит» деп атап кеткен төлемді алдын ала талап етуі үйреншікті жағдай. Яғни, сіз қоғамдық орын басшысы бекіткен ақшаға тапсырыс беруіңіз керек. Егер сіз ішіп-жеген тағамдар мен сусындар ол сомаға жетпесе, мекеме артылған ақшаңызды қайтарып бермейді.
Тойгүл Жұбанысова, СИМ Сауда комитетінің ресми өкілі:
Алдын ала келісім болған жағдайда, мысалы біздің депозит 100 мың теңге, бұл минималды сома және бұдан кем болмау керек деп тұтынушы оған алдын ала төлем жасап тапсырыс берген жағдайда бұл қайтаруға жатпайды. Жалпы минималды сома 100 мың және оған жетпей қалып артындағы қалған сомасын сұрайтын болса, онда тұтынушыныкі дұрыс емес. Депозит деген нәрсенің өзі сіз осы сомадан кем емес тауарды алуға міндеттісіз деген алдын ала келісім. Демек екеуінің ортасында негізгі келісім болды.
Дәмханалардағы 10 пайыздық қызмет құны да тура осындай ережемен жұмыс істейді. Яғни, мәзірге жазылса немесе сізге ауызша ескертілсе даяшының үлесін беруге міндеттісіз.
Айдар Әбілдабеков, ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы:
Қызмет жасағаны үшін ақы 10 пайыз бар деп жазылған болса, соны оқып тұрып маған бір шәй, екі нан, бір сорпа әкел деп тұрса келісті деген сөз ғой.
Қысқасы, тапсырысты алғанға дейін сізге, не депозит, не қызмет құны туралы айтылмаған жағдайда ғана оны төлуден бас тарта аласыз. Ал, заңгер Аржан Садуақас кәсіпкерлердің бұл талабын заңсыз, олар тауар мен қызметті мәжбүрлеп сатып отыр деп санайды.
Аржан Садуақас, заңгер, адвокат:
Мен мысалы 10 мың теңгеге тамақ іштім, маған ол жеткілікті. Бірақ олар айтады сіз депозит төледіңіз 30 мың теңге. Сіздің 20 мың теңгеңізді қайтармаймыз немесе сатып алыңыз дейді белгілі бір тауарды. Ол мәжбүрлеу болып саналады. Тұтынушы кез келген пайдаланбаған ақшасын қайтарып алуға міндетті. Пайдаланбаған соманы ұстап қалу заңсыз. Бізде ешқандай заңнамада көрсетілмеген.
Заңгер «министрлік тек бизнестің мүддесін қорғап отыр, ал тұтынушы құқығы тапталып жатыр», - дейді. Тіпті, мұндай лоббидің наразылыққа алып келуі мүмкін екенін ескертеді. Ал, кәсіпкерлер мұны бизнесті сақтап қалудың жолы деп отыр.
Жанар Атагелдиева, кәсіпкер:
Әртүрлі тұтынушы болады. Біз депозит алмасақ, алғашқы төлем алмасақ ол күніміз күйіп кетуі мүмкін. Депозит деген дүние біз үшін, кәсіпкерлер үшін ол кепілдік. Сондықтан, ақша қайтарылмайды.
Ең қызығы депозит деген сөзді қолданудың өзі заңсыз екен. Ол сотта тұтынушыға қарсы жұмыс істеуі мүмкін. Себебі, аталған термин тек банк жүйесінде қолданылады.
Аржан Садуақас, заңгер, адвокат:
Депозит ол заңсыз. Себебі, ол тек қана банк жүйесінде пайдаланатын термин. Депозиттің анықтамасы банк қызметі туралы заң бар бізде, сол жерде көрсетілген. Ал, оны кәсіпкерлік мақсатта басқаша пайдалану заңға қайшы болып саналады.
Серік Жұмабек, тілші:
Дегенмен, «Тұтынушы құқығын қорғау туралы» заңның 28-бабында сатушы тұтынушынға қажетсіз мөлшерде тауарларды сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады», деп жазылған. Бірақ кәсіпкерлер басқа ережеге сүйенеді. Қазір министрлік мен кәсіпкерлер арасында депозит пен 10 пайыз қызметтік төлем мәселесі талқыланып жатыр. Жақын арада шешім қабылдануы тиіс.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через