фото: https://halyqline.kz/
Байырғы қазақ өлшемдері – қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптасқан өлшем бірліктері. Қазақтардың көне заманнан бастау алатын халықтық өлшем жүйесіне ұзындық, қашықтық,аумақ, көлем, салмақ, уақыт, мезгіл өлшемі түрлері кіреді. Мысалы, «бір қыдыру жер», «түстік жер», «айшылық жол» деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді. Шығыс халықтарының көбісінде ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған. Кейбір жазба әдебиеттерде сақталған мәліметтер бойынша арпа дәні алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Оған қарағанда бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Ал арпаның алты дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған.
Сондай-ақ уақыт мөлшерін болжауға Күннің, Айдың немесе басқа да аспан шырақтарының көкжиекпен салыстырғандағы орны алынған. Егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда уақыт мөлшерін судың белгілі бір ыдыстан ығысып шығу мерзімі бойынша анықтаған. Жетілдіріле келе бұл ыдыстар су сағатына айналған. Мұндай бірліктердің басым көпшілігі адамның көзбен шамалауымен, жұмсалған күш сезімімен, белгілі бір қашықтықты жүріп өту мерзімімен мөлшерленген. Сондықтан халық арасында жылқыға байланысты «ат шаптырым жер», «бие сауым уақыт», «екі елі қазы» тәрізді қашықтықты, уақытты, қалыңдықты білдіретін өлшемдік мәні бар сөздер жиі айтылады. Халық арасында сұйықтықты (қымыз, шұбат, т.б.) сақтайтын көнек, жанторсық, торсық, мес, саба тәрізді мал терісінен жасалған ыдыстар сол сұйықтықтың мөлшерін шамалауға жиі қолданылған. Мысалы, торсыққа жеті – сегіз аяқ (литр) қымыз сыйса, местің сыйымдылығы екі жарым – үш торсыққа тең.
Заманында ата-бабаларымыздың кеңінен қолданған «қолдың қары» өлшемі ағылшын «ярдымен» шамалас. Ал Ресейде 17 – 20 ғасырларда қолданылып келген ағылшын футы (foot – табан) байырғы қазақ өлшемі «табанға» жуықтау келеді: «табан» өлшеміне қазақ табанның енін алса, ағылшын футы – табан тұрқына тең. Сондай-ақ ағылшынның дюйм (голландша – үлкен саусақ) өлшемі қазақ халқының байырғы «бармақ» өлшеміне («Бармақ елі қазы») сәйкес келеді. Орыстың «верстасы» мен қазақтың «шақырымы», орыстың «долясы» мен қазақтың «мысқалы», сондай-ақ ағылшынның «фунты» мен қазақтың «қадағы» шығу төркіні, атқаратын қызметі жағынан төркіндес, тектес деуге әбден болады.
Видео Ютуб каналдан"Діни-таным"
Ұзындық өлшемдері
Қазақтарда бұл өлшем бірліктер: елі, бармақ, шынашақ, буын, алақан, тұтам, қарыс, сүйем, шынтақ, кез, құлаш деп аталады.
Елі — сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі, шамамен 2 см тең өлшем. Қатар орналасқан екі саусақтың қалыңдығы - екі елі, үш саусақтың қалыңдығы - 3 елі, төрт саусақтың қалыңдығы - 4 елі болып аталады.
Буын – ортаңғы саусақтың ұшынан оның ортаңғы буынына дейінгі аралыққа тең ұзындық (шамамен 5 – 6 см) бірлігі. Сәулетті сарайлар мен түрлі ғимараттардағы ою-өрнектің мөлшері осы буынмен өлшенген. Ол тігін, киім пішу жұмыстарында да қолданылған.
Қадам – адамның бір адымына тең ұзындық (шамамен 60 – 70 см) бірлігі.
Құлаш – иық деңгейіне сәйкес кере созылған екі қол ұшының арасына тең ұзындық бірлігі.
Алақан - төрт еліден сәл үлкендеу өлшем, ашылған алақанның еніне тең.
Тұтам - таяқ немесе арқанды ұстап жұмылған жұдырықтың ені, шамамен 8-см-ге тең ұзындық, төрт еліден сәл үлкен.
Қарыс – толық жазғандағы бас бармақ пен шынашақ ұштарының арасына тең ұзындық (шамамен 19 – 20 см) бірлігі. Ол тұрмыста, құрылыс жұмыстарында пайдаланылған. Мысалы, киіз үйдің уығы он екі – он алты қарыс мөлшерінде жасалады.
Қарыстың туынды бірлігі – сүйем, ол кере созылған бас бармақ пен сұқ саусақ ұштарының арасына тең (шамамен 17 – 18 см). Ал бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың арасына тең өлшемді сынық сүйем дейді. Сүйем – шамамен аршынның ширегіне (төрттен бір бөлігіне) тең. Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері, т.б. елімен өлшенген.
Шынтақ - шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралықты білдіреді, шамамен 70 см-ге тең болған.
Қолдың қары немесе қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80 – 85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (шамамен 1 м) қары ретінде алынады.
Құлаш - иық деңгейінде екі жаққа кере созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 165-175 см тең.
Қашықтық өлшемдері
Қашықтық өлшемдерінің ең көне әдісі - қашықтық бөліктерін уақыт бөліктерімен салыстыру арқылы анықтау тәсілі. Соның негізінде халықтық өлшемдер жүйесінде қашықтыққа қатысты түстік жол, түстік жер, күншілік жер/жол, айшылық жер/жол деген өлшемдік ұғымдар пайда болған.
Түстік жер - салт атпен түске дейін жүріп өтетін қашықтықты білдіретін өлшем. Шамамен 40-50 км болады.
Күншілік жол - атпен бір күнде жүріп өтетін қашықтық - 60-80 км-ге тең болған.
Айшылық жол - атпен жүргенде бір айда жетуге болатын қашықтықты білдіретін өлшем. Шамамен 2500-3000 км.
Көш жер - көштің бір күнде жүріп өтетін қашықтығы, шамамен 20-30 км.
Қозы көш жер - көш кезінде қозылардың өз жүрісімен жүріп өтетін аралығы, шамамен 5-6 км болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через