фото: pexels.com
Әлеуметтік желіде балаларды қауіпті іс-әрекеттерге итермелейтін ойын тарап жатыр. Ол «Ата-анаңа қарсы шық!», «Үйден қашып кетудің амалын тап!» деген қитұрқы тапсырмаларға толы. Тіпті, суға батып өлуге, шатырдан секіруге үгіттейтін көрінеді. Бұл туралы JIBEK JOLY арнасы мәлімдеді.
Осыдан небәрі екі ай бұрын шыққан қауіпті ойынды әлем бойынша 10 миллион бала жүктеген. Солардың қатарында астаналық Айдана Алжанованың қыздары да бар. Бүлдіршіндер ойынның жарнамасын Тикток желісінен көрген.
«Інім, сіңілім үшеуміз бірге ойнадық. Онда шатырға мініп алуың керек. Сосын қаша бересің, қаша бересің, мамаң ұстап алмауы керек бастысы», — деп түсіндірді балалардың бірі Еркенұр Рүстем.
Абырой болғанда, қыздар виртуалды әлемдегі жантүршігерлік іс-әрекеттерді қайталап үлгермеген. Анасы ойынды дер кезінде байқап, өшіріпті.
«Чаттарда ата-аналар шулай басты. Сосын мән беріп қарасам, шынымен ата-анаға қарсы қоятын қорқынышты ойын екен. Әр тапсырмаға, үйден қашып шыққанның өзіне бір балл береді», — дейді ата-ана Әсел Ерназарова.
Қауіпті ойындарды смартфонға жүктеу оп-оңай. Жасын сұрамайды, ата-ана рұқсатын талап етпейді. Алайда, мұнда атышулы «Синий кит», «Тихий дом» ойындарындағыдай суицидке итермелейтін куратор жоқ. Мұның тәсілі мүлдем жаңаша. Ол музыка, әдемі графика арқылы баурайды. Бұған еліккен бала виртуалды әлемдегі тентек оқушының рөлін сомдап, түрлі қорқынышты әрекеттерге барады.
Фото pexels.com.
«Ол ойынды өзім де көрдім. Бала бәрін зерттей алады, сыртқа шыға алады. Оның әр әрекетіне одобрение беріліп отырады. Яғни, бала сырттан ала алмаған эмоцияларын дәл сол ойын арқылы толтырады», — дейді балалар психологы Айдана Дұшманова.
ҚХА жанындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай қатерлі ойындарды ұзақ жыл зерттеген. Тіпті, «Синий киттің» кесірінен ажал құшқан балалардың жақындарымен тілдесіпті. Айтуынша, мұндай қосымшалардың құрығына ата-анасымен тіл табыса алмаған, күйзелісте жүрген балалар түседі.
«Осдан үш-төрт жыл бұрын сондай оқиға болды. Бала шатырға мініп, 17-қабаттан құлап түскен. Ойын секірсең, жұмаққа түсесің депті. Сонда ол жұмақты көктен іздеп жүрсе, үйінде жұмақ болмағаны ғой», — дейді ол.
Расымен, қазір ата-аналар балаға келгенде аса қырағы болуы керек. Тек биыл желіде өзін-өзі өлтіруге үгіттейтін 22 материал табылған. Мамандар оның 19-ын түбегейлі бұғаттай алған. Қалған үшеуі тексеріліп жатыр. Бұдан бөлек, зорлыққа шақыратын 157 интернет-ресурс шектелген. Сондай-ақ, қорқынышты кадрларға толы 101 материалға шағым жазылған.
Бұл сайттарды бірден шектеу мүмкін емес. Дегенмен қорғанудың оңай жолы бар.
«Балаларды техникалық жағынау қорғаудың жолы көп. Соның бірі — арнайы қосымша арқылы қорғану. Онымен сіз балаңызға көрсетілетін контентті шектей аласыз», — дейді ІТ сарапшы Жандос Боранбай.
Сақтықта қорлық жоқ. Дегенмен ата-ана шектеу қойса да, жеткіншектердің түрлі айла тауып, желіден көңілі қалағанын табатыны жасырын емес. Мамандар да тыйымның жағдайды одан әрі ушықтыратынын айтады, Сондықтан, баланы қорғаудың жалғыз жолы — ашық сөйлесіп, тілін табу.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через